Әлеуметтік желіде қан тапсыруды сұраған хабарландырулар неге көп

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында 30 мыңға жуық адам донор ретінде тіркелген. Олар қан тапсыру арқылы адам өмірін аман алып қалуға үлес қосып келеді. Жыл сайын өңірде шамамен 10 мыңға жуық донация жасалады.

доноры
Фото: Бәйтерек АҚ

Облыстық қан орталығының директоры Сабыржан Тәукелов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында донор болу талаптары, қан тапсырудың денсаулыққа пайдасы және әлеуметтік желілердегі шұғыл қан сұранысының себебі туралы айтып берді.

— Донор болудың қандай талаптары бар? Жас, салмақ, денсаулық бойынша шектеулер бар ма?

— Шектеулер бар, ең бастысы — 18 жасқа толған, дене салмағы кемінде 50 кг, бойы 150 см төмен емес, медициналық тексеруден өткен және қарсы көрсетілімі жоқ болуы керек. Ер адамдар жылына 6 рет, әйелдер 4 рет қан тапсыра алады. Донациядан кейін ер адамдар екі ай, ал әйелдер үш ай үзіліс жасап, қалыпқа келуі керек. Плазма мен тромбоцит тапсыру аралығы — 14 күн. Әртүрлі донациялар арасындағы үзіліс — 1 ай. Жылына 20 литрден артық плазма тапсыруға болмайды.

— Алғаш рет қан тапсыратын адам қалай дайындалуы керек?

— Қан тапсыру — маңызды әрі жауапты іс. Сондықтан егер әлсіздік, бас ауруы, қалтырау болса — донацияны кейінге қалдырыңыз; донация алдында 2 сағат бойы темекі шекпеңіз; 48 сағат бұрын алкоголь ішпеңіз; 2 күн бұрын спортпен және ауыр жаттығулармен айналыспаңыз; 3 күн бұрын аспирин мен анальгетиктер қабылдауды тоқтатыңыз, өйткені бұл препараттар қанның ұюын нашарлатады; майлы, қуырылған, ащы, шұжық, сүт өнімдері, балық, жұмыртқа, шоколад, жаңғақ, банан және газдалған сусындардан бас тартыңыз; міндетті түрде жеңіл таңғы ас ішу керек: ол тосап қосылған тәтті шай, құрғақ нан, ботқа, суда піскен макарон, жеміс-жидек болуы мүмкін.

Қанды аш қарынға тапсырудың қажеті жоқ. Донацияның алдында дәрігер тексерісі кезінде оның сұрақтарына толық жауап беріңіз, бастан өткен аурулар жайында және қабылдаған дәрі-дәрмек туралы жасырып қалмаңыз. Донорларды медициналық куәландыру және қан қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі бар. Қан және оның компоненттерінің донорларын медициналық куәландыру Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Донация алдында әңгіме, алдын ала және қосымша зертханалық тексерулер нәтижелерін бағалау, сондай-ақ терапевтің жалпы тексеруі болады.

Сабыржан Тәукелов
Фото: Сабыржан Тәукеловтің жеке архивінен

Әрбір қан тапсыру алдында донор арнайы сауалнама сұрақтарына жауап береді. Бұл сауалнама донорлыққа уақытша немесе тұрақты қарсы көрсетілімдерді анықтау мақсатында жүргізіледі. Құпия әңгіме барысында донордың денсаулығына қатысты маңызды ақпараттар анықталып, оны донорлыққа жіберу немесе жібермеу туралы шешім қабылданады.

Алдын ала зертханалық тексеру барысында қан тобы мен резус-фактор анықталады, гемоглобин деңгейі өлшенеді. Терапевтің жалпы тексеруі кезінде донордың өмір мен бұрынғы аурулары туралы мәліметтер жиналады, тері мен көрінетін шырышты қабаттар тексеріледі, лимфа түйіндері пальпацияланады, сондай-ақ бойы, салмағы, дене қызуы және қан қысымы өлшенеді. Қан және оның компоненттерінің қауіпсіздігі мен сапасы — донорларды дұрыс медициналық куәландыру, сондай-ақ қан өнімдерін дайындау кезіндегі қауіпсіздік пен сапа талаптарын қатаң сақтау арқылы қамтамасыз етіледі. Әрбір донация кезінде міндетті түрде қан үлгісі гемотрансмиссивті инфекциялар маркерлеріне зерттеледі. Оларға: АИТВ (ВИЧ), В гепатиті, С гепатиті, сифилис жатады.

Донор іріктеудің басты мақсаты — адамның донор ретінде жарамдылығын бағалау. Бұл донор үшін қауіпсіз, ал қан өнімдері реципиенттерге сапалы болуы үшін қажет.

— Облыстық қан орталығы туралы айтып беріңізші. Қанша бөлім бар, мамандар жеткілікті ме?

— Петропавл қаласындағы Қан қызметінің қалыптасу тарихы 1965 жылдан басталады. Сол жылы облыстық аурухана жанынан алғашқы қан дайындау бөлімі құрылды. Қан қызметінің дамуына ерекше серпін берген маңызды кезеңдердің бірі — Қазақстан Республикасының 2009 жылы қабылдаған «Қан қызметін жетілдіру шаралары туралы» мемлекеттік бағдарламасы. Бұл бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірлеріндегі қан орталықтары заманауи деңгейге көтерілді.

Сол бағдарламаның нәтижесінде 2010 жылдың 13 ақпанында Петропавл қаласында заманауи құралдармен жабдықталған жаңа Облыстық қан орталығы есігін ашты. Бұл орталық халықаралық стандарттарға сай келетін трансфузиологиялық қызмет көрсетуге мүмкіндік берді. Қан орталығының негізгі міндеттеріне сәйкес мұнда 6 құрылымдық бөлімше жұмыс істейді. Бұл бөлімшелер қан дайындау және 13 түрлі өнім шығару жұмысымен айналысады. Бүгінде 100-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарында жоғары білікті дәрігерлер, медбикелер мен лаборанттар бар, қажетті мамандармен толық қамтамасыз етілген.

Қан тапсырған азаматтарды марапаттайтын «Құрметті донор» атағы қайтарылады
Фото: Ашық НҚА порталы

— СҚО-да қанша донор бар? «Құрметті донор» атағын қалай алуға болады?

— Облыста шамамен 30 мың донор бар. Жыл сайын шамамен 4 мың адам қан тапсырып, 10 000-ға жуық донация жасалады. Қазақстанда қазіргі уақытта «Құрметті донор» ресми атағы жоқ. Бірақ 40 рет қан немесе 70 рет плазма тапсырғандарға «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалі беріледі. Бүгінгі таңда СҚО-да бұл талапқа сәйкес келетін 31 донор бар.

Донорларға аздаған әлеуметтік жеңілдіктер бар, мәселен, қан тапсырған күні жұмыстан босатылады, ол үшін орташа жалақысы сақталады. Қосымша бір демалыс күні беріледі, оны жылдық еңбек демалысына қосуға болады. Бұл жеңілдікті бір жыл ішінде пайдалану қажет. Қан тапсырғаны үшін 0,25 АЕК мөлшерінде төлем жасалады.

Қан және (немесе) оның компоненттерін тапсыратын донорларды донация күндері түнгі уақыттағы жұмысқа, үстеме жұмысқа, ауыр жұмысқа, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыстарға тартуға жол берілмейді. Әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ студенттер (оқушылар) донор болған жағдайда, донация күндері наряд, вахта сияқты қызметтік міндеттерден және оқу-тәрбие процесінен босатылады.

— Әлеуметтік желіде белгілі бір адамға жедел түрде қан тапсыруды сұраған хабарландыруларды жиі көреміз. Бұл — Қан орталығында қордың жоқтығынан ба, әлде басқа себебі бар ма?

— Қанға күн сайын сұраныс бар, өйткені біздің орталық облыстағы барлық медициналық мекемені қанмен қамтамасыз етеді. Сондықтан бүкіл қан топтарының оңтайлы қорын сақтау үшін оларды тұрақты толықтырып отыру қажет. Жалпы қан мен оның компоненттері тапшылығы жоқ, себебі медициналық ұйымдарға берілген өнімге тұрақты түрде бақылау жүргізіліп, қажет қан сипаттамаларына сай донорлар донацияға шақырылады.

Ал әлеуметтік желіде хабарламаларды науқастың жақындары қан жетіспеуден емес, өз ниетімен жариялайды. Біз үшін жаңа донорлардың келуі — үнемі маңызды. Науқастарды уақытылы трансфузиялық көмекпен үздіксіз қамтамасыз ету үшін донорлық қор күн сайын толықтырылып отыруы қажет.

студенттер
Фото: Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

— Қан тапсыру денсаулыққа пайдалы деп жиі естиміз, оның пайдасы неде?

— Тұрақты түрде қан тапсырудың бірқатар маңызды артықшылығы бар. Мәселен жүрек-қантамыр ауруларының алдын алады. Қан тапсыру қандағы холестерин деңгейін төмендетуге көмектесіп, атеросклероз бен тромбоздардың дамуын тежейді. Зерттеулерге сәйкес, қан донорларының инфаркт пен инсультке шалдығу қаупі бес есеге дейін төмендейді. Зат алмасуды жақсартып, қан жасау және иммундық жүйелерді белсендіреді. Бұл — ішкі ағзаларға байланысты түрлі аурулардың алдын алуға ықпал ететін маңызды фактор. Қан жоғалтуға төзімділікті арттырады. Донордың ағзасы жаңа қан түзуге дағдыланғандықтан, жарақат, күйік немесе ота кезінде қан жоғалтқан жағдайда ағза тез қалпына келе алады. Донорлар денсаулығы үнемі бақылауда болады. Әр донация алдында инфекцияларға тексеріс жүргізіліп, жалпы денсаулық жағдайы қадағаланады.

Қан тапсыру — бұл тек медициналық процедура емес, бұл — өмір сыйлау. Донор болу арқылы адам қайырымдылық іс жасап, өз ісіне көңілі толып, рахат сезімді бастан кешіреді.

Бұған дейін Қазақстанда ер мен әйел ұрығы донорлары нарығы қалай жұмыс істейтінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар