Әлеуметтік желідегі жобалардың қазақ тіліне көшетін уақыты жетті — тілтанушы

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желідегі жұрт «Qazaq Bubble» ғылыми-танымдық жобасын жақсы біледі. Мұнда ерікті жастар тіл білімі, биология, тарих, астрономия секілді ғылым салаларын қарапайым жеткізуді дәстүрге айналдырған. Жақында жоба авторы, лингвист Бибарыс Сейтақ оқырмандармен кездесу өткізіп, сөздердің шығу төркініне арналған қысқа дәріс ұйымдастырды.

лингвист, тілтанушы Бибарыс Сейтақ
Фото: Ерсін Шамшадин/Kazinform

«BOOKFEST-2025» фестивалі аясында жүзеге асқан басқосуда ғалым ғылымды дамытуға арналған жобалар мен академиялық ізденістер туралы ой қозғады.

— «Qazaq Bubble» жобасы 2020 жылдың мамыр айында құрылды. Ғылыми-танымдық тақырыптарды талдауға, оны бәріне түсінікті тілмен жеткізуге талпындық. Контентті тек қазақ тілінде түсіргендіктен, уақыт өте қызығушылық танытқан оқырмандардың қатары көбейіп, әлеуметтік желідегі парақшаларымыз назарға іліге бастады. Әдепкіде тек тіл білімі төңірегінде посттар әзірлесек, өткен жылдан бастап жалпы ғылымдарды қамтыдық, — дейді жоба авторы.

Сонымен қатар ол қазақ тілі, қыпшақ тілі, түркі тілдерінің тарихын таныстырып, аңыз бен ақиқатты ажырататын пікір білдірді. Әсіресе «әйел», «Алматы» сөздерінің шығу тегін тарқатты.

— Ара-тұра БАҚ пен әлеуметтік желіде қазақ сөздерінің мағынасына қатысты екіұшты пікірлер тарайтынын білеміз. Мысалы, «әйел» деген сөз күң деген мағынаны білдіреді деген жаңсақ ойды естіп жүрміз. Ол аздай, аталған сөз қазақ тіліне тек 1927 жылдан бастап қолданысқа енді дегенді алға тартатын авторлар бар. Бұл — қате пікір. Ғасырлар бойы сөздер өзгеріп отырады. Қолданысы, мағынасы құбылуы мүмкін. Алайда «әйел» сөзінің мағынасы еш уақытта теріс сипатта болған емес. 1927 жылға дейін жарияланған Ақан сері, Абай шығармаларында мысал жеткілікті.

Ақан сері:

«Әйелді сыйлау керек ескеріп біз,

Оларға айту керек орынды сөз.

Жақсы әйелге көз салып бір қарасаң,

Алып кете жаздайда қиғаштап көз», — деген.

Ал Абай:

«Ері ашу айтса, әйелі басу айтып,

Отырса, бұрынғыдай жау бола ма?» — деп сөйлейді. Міне, қазақ қоғамында қай кезеңде де «әйел» сөзі асыл жарды, әйел затын білдірген, — деп тарқатты тілтанушы.

Ғалымның айтуынша, «Алматы» сөзінің айналасында шу көп. Кейбірі дұрыс нұсқа ретінде «Алма-Ата» деген сөз қолдану керек деген пайымда. Бір кездері қала атауын «Алма-Ата» деп өзгерту туралы ұсыныс та айтылған. Тіпті, дауға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, тақырыпқа қатысты ұстанымын айтқанын ұмытпадық.

жастар
Фото: Ерсін Шамшадин/Kazinform

Бибарыс Сейтақ мұндай пікірталастар қазақ тіліндегі зерттеулерді терең талдамаудың салдары деп отыр.

— Кей қоғам қайраткері «Алматы» сөзі қазақ тілінің сөйлеу ырғағын бұзады деп жүр, сөз соңындағы «ы» дыбысы жартылай дауысты дегенді айтты. Өзгелер ойлағандай емес, қазақ тілі көп зерттелген. Отандық ғалымдар да, шетелдік тілтанушылар да біршама ізденіс жасады. «Алматы» сөзі де бұрыннан терең талданған. Ол — ешқандай қазақ тіліне жат сөз емес, тарихи таныммен ұштасқан мағына: «Алма» және -ты жұрнағын жалғау арқылы жасалған, яғни алмасы көп мекен дегенді білдіреді. Ноғайты, Өлеңті, Шідерті сынды ұқсас жер атаулары жетерлік. Сондықтан кейінгі кездегі қазақ тіліндегі кей сөздің шығу тарихына қатысты тартыс орынсыз. Бәріне ғылыми негіз бар, тек жастар сол еңбектерді оқып, желіде тарата білсе болғаны. Маңыздысы, ғылыми-танымдық жобалардың қазақ тіліне көшетін уақыты жетті, — деп бөлісті тілтанушы.

Қазір Бибарыс Сейтақ докторантура бойынша білім алып жатыр. PhD диссертациясының тақырыбы ретінде «Кодекс куманикус» еңбегін зерттеп жүр, сөздердің шығу тарихына қатысты да талдауы бар.

Айта кетейік, бұған дейін Marwin/Meloman дүкендері желісінде өтіп жатқан «BOOKFEST-2025» фестивалінде тарихшы Жақсылық Сәбитов Алтын Орда тарихы туралы, режиссер Ринат Балғабаев деректі фильмдер турасында ой бөліскен еді.

Сондай-ақ қаламгер Баянғали Әлімжановтың балаларға арналған «400 тәтті тақпақ» атты тақпақтар жинағының таныстырылымы өтті.

Соңғы жаңалықтар