Әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратқа күнделікті мониторинг жасалады - Жандос Өмірәлиев
АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев журналистік зерттеулер мен әлеуметтік желілерде қызу қоғамдық пікір тудырған жәйттерге прокуратураның ден қоюына қатысты пікір білдірді.

– Қазір кез келген құқық қорғау органдарының істері немесе құжаттары әлеуметтік желілерге жарияланып, оған қатысты түрлі пікірлер айтылып жатады. Әрине, бұл – біздің назарымызға түсетін маңызды сигнал. Алайда, біз шешім қабылдау кезінде эмоцияға берілмей, тек нақты деректерге сүйенеміз. Біздің басты қағидамыз – заңның үстемдігі, – деді Ж. Өмірәлиев.
Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде жарияланған материалдар заңға сәйкес жарық көрген жағдайда, яғни сот немесе тергеу процесіне араласпаса және қысым белгілері болмаса, прокуратура бұл мәліметтерді назарға алады.
– Тек журналистер ғана емес, жалпы қоғам мен әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратқа күнделікті мониторинг жүргіземіз. Барлық ақпарат шешім қабылдау кезінде ескеріледі, бірақ шешімнің өзі тек заң аясында қабылданады, – деп түйіндеді Бас Прокурордың орынбасары.
Еске салсақ, биыл сәуір айында Бас Прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев іздеуде жүрген күдіктілерге қатысты пікір айтты.