Жаңа маусым мен үшін сәтті басталды – Александр Бублик

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик Гонконг ATP 250 турниріндегі жеңісінен кейін пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Александр Бублик
Фото: sports.kz

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 7-ракеткасы, италиялық Лоренцо Музеттиді қапы қалдырып, чемпион атанды.

Осыдан кейін дүйсенбіде жаңартылатын ATP рейтингісінде А.Бублик 10-орынға көтеріледі. Бұл қазақстандық ерлер арасында ең үздік көрсеткіш болмақ. Музетти де алғаш рет ТОП-5-ке енеді. 

– Жаңа маусымдағы басты мақсатым ТОП-10-ға кіру еді, мұны мен бірінші аптада-ақ орындадым. Егер мұны біреу өткен жылы сәуірде айтса, сенбес едім, - деді Бублик ойыннан соң. 

Қазақстандық теннисшінің сөзіне қарағанда, Лоренцоны финалда жеңу – оңай дүние емес.

– Ол 2025 жылы тамаша маусым өткізіп, жаңа жылды сәтті бастады. Мен өзіме берілген барлық мүмкіндікті пайдаландым. Командаммен бірге ойластырған ойын мен тактиканы жүзеге асыруға қол жеткізгеніме қуаныштымын. Матч барысында да өзгерістер енгізуге тура келді, - деді Бублик.

Оның айтуынша, былтыр жыл басында рейтингіде 80-орынға дейін құлдырауы оған тезірек ес жиюға себеп болған. Осыдан кейін теннисшіні спорттық мансабы мен жаттығу тәсіліне, жұмыс барысына жаңаша қарай бастаған. 

– Рейтингіде төмендегеннен кейін бірдеңенің дұрыс емес екенін түсіндім. Көбірек ойнап, босаңсымаудың керегін сездім. Міне, сол бетбұрыстың арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздік. Енді осының бәрін ой елегінен өткізіп, командаммен ақылдасып, келесі меже қандай екенін айқындау қажет, - деп толықтырды сөзін теннисші. 

Александр Бублик Гонконг турнирінде 106 460 АҚШ доллары көлемінде табыс тауып, 250 рейтингілік ұпайға ие болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Гонконг турнирінде топ жарғанын жазған едік. 

Сондай-ақ Александр Шевченко Аустралиядағы жарысты жеңіспен бастады.

Соңғы жаңалықтар