Алғаш рет «RAP BATTLE» сайысы өтті

«Рэп оқи білу - екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Өнердің бұл бағыты бүгін біздің елде де біртіндеп дами бастады. Ерболат Құдайбергенов қазақша рэптің жақсы бағытын қалыптастырып, жастарға үлгі көрсетті. Ал, Маңғыстауда қазақша рэпті жоғары деңгейде көтеріп, облыстың атынан бірнеше республикалық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанған - Амангелді Жақау атты өнерлі азамат. Жалпы бүгінгі жарыс та жоғары деңгейде өтті. Ақтаулық көрерменнің қазақша рэп тыңдап, қатысушыларға қолдау көрсете білгенін ерекше атап өткім келеді. Өскелең ұрпақ тәрбиелік мәні зор, рухани азық болатын қазақша рэптерді тыңдап өсуі тиіс деп ойлаймын. Сондықтан да мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрғаны жөн», - дейді сайысты ұйымдастырушылардың бірі «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы қоғамдық бірлестігінің директоры Кенжегүл Тайғара.
Ақтауда алғаш рет өткен сайысқа KUKA BLG Media, Big SOUND, Атаман Erkin-EAGLE, Doms, Mr Make Akezhan, Zhaksibek Znanibekov, Doms clan, «Жас қыран», Қаржау, Grambo Қонжық командалары қатысты. Олардың арасынан көрермен көзайымына айналып, тыңдарманның ерекше ықыласына бөленген ақтаулық «Жас қыран» командасы болатын.
Жарыстың қорытындысында ақтаулық «Жас қыран» командасы жеңімпаз атанып, арнайы кубокқа ие болды. Сондай-ақ, ІІ орыннан жаңаөзендік «Қаржау» командасы көрінсе, ІІІ орынға Мұнайлы аудандық «Doms clan» командасы лайық болды.