Алғаш рет тыңайтқыш қолдану көрсеткіші 1,9 млн тоннаға жеткізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде биыл тыңайтқыш қолдану көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда 600 мың тоннаға өседі.

тыңайтқыш
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

— Өткен жылы алғаш рет тыңайтқыштарды енгізу көлемі 1,3 млн тоннаны құрады. Биыл 1,9 млн тонна көлемінде тыңайтқыштар енгізу бойынша индикатор белгіленді, бұл көрсеткіш ғылыми негізделген қажеттіліктің 59%-на дейін жетуге мүмкіндік береді. Аталған көрсеткішке қол жеткізу мақсатында Үкімет резервінен тыңайтқыштарды субсидиялауға қосымша 48,4 млрд теңге бөлінді, — деді ол көктемгі дала жұмыстары жайлы баяндамасында.

Сондай-ақ министр өңірлерде тыңайтқыш қолдану жұмысына қатысты мәселе барын атап өтті. 

— Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, бүгінгі күні 991 мың тонна тыңайтқышқа келісімшарт жасалып, оның 841 мың тоннасы жөнелтілді. Алайда облыстардың тыңайтқыштарды қолдану көлемі әр түрлі: Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарында тыңайтқыштарды жөнелтудің көрсеткіші жоғары болса, ал кейбір облыстарда тыңайтқыштарды жөнелту жұмыстары баяу жүріп жатыр (Ақмола 21%, Қостанай 29%, Жамбыл 37%, Қарағанды 38%). Әкімдіктер осы бағытта жұмысты жандандырып, тыңайтқыштарды жөнелту мәселесін тұрақты бақылауда ұстау қажет, — деді Айдарбек Сапаров.

Осыған дейін елімізде егіс алқабының жалпы көлемі 23,7 млн гектарға жеткені белгілі болды.

Сонымен қатар биыл 580 мың тоннаға жуық ерте пісетін көкөніс жиналатыны хабарланды.

Бұдан бөлек бүгінгі таңда көктемгі дала жұмыстарына дайындық аясында 6,1 мың шаруаға 384,8 млрд теңге жеңілдетілген несие берілгені анықталды.

Соңғы жаңалықтар