Алғашқы әскери дайындық пәнін оқыту тәртібі өзгертілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрінің бұйрығымен алғашқы әскери дайындық пәнін оқыту ережелеріне өзгерістер енгізілді.

Бітімгерлердің халықаралық миссияға дайындық барысы тексерілді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап алғашқы әскери дайындық жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында міндетті оқу пәні ретінде енгізіледі.

Бағдарлама (пән) — жастарды әскери қызметке дайындауға және әскерге дейінгі жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталады. Оның құрамына теориялық және практикалық дайындық, оқу-далалық (лагерьлік) жиындар өткізу, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі (аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейінде) алғашқы әскери дайындық бойынша жарыстар өткізу кіреді.

Пәннің негізгі мақсаты — әскери істердің бастапқы дағдыларын меңгеру, дене төзімділігін, моральдық-психологиялық тұрақтылықты және әскери борышты орындауға дайындығын дамыту, сондай-ақ оқушыларда отансүйгіштік сезімін қалыптастыру.

Пәннің негізгі міндеттері: 

— Оқушыларда Отан алдындағы жоғары жауапкершілік сезімін, мемлекеттік рәміздерге, әскер және әскери қызметке құрмет пен әскери-патриоттық тәрбиені қалыптастыру;
— Әскери қызметке дайындық, әскери істің негіздерін, саптық, атыс, тактикалық және әскери-медициналық дайындықты меңгеру;
— Күйзеліске төзімділік, төзім, ұйымдаса білу, тәртіп, физикалық және психологиялық қасиеттерді дамыту;
— Жастардың әскери қызметке қызығушылығын арттыру және тәжірибеге бағытталған оқыту арқылы әскери мамандықтың негіздерін меңгеруге жағдай жасау.

Сабақтар әскерге дейінгі жастағы оқушылармен негізгі орта білім беру базасында өткізіледі. Бұл пән жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын (арнайы ұйымдардан басқа) барлық білім беру ұйымында, меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жүргізіледі. Пәнді алғашқы әскери дайындық мұғалімі оқытады.

Сабақ аптасына кемінде бір рет өткізіледі. Мектепте бұл пәнге 64 оқу сағаты бөлінеді:

— 10-сыныпта кемінде 30 сағат;
— 11-сыныпта кемінде 32 сағат.

Техникалық және кәсіптік білім беру ошақтарында кемінде 136 оқу сағаты, оның ішінде кемінде 30 сағаты оқу-далалық сабақтарға бөлінеді. Сабақ ұлдар мен қыздарға бірге өткізіледі, бірақ «Медициналық білімнің негіздері» бөлімі қыздарға жеке ұйымдастырылады және оны медицина қызметкері жүргізеді. Одан бөлек, білім беру ұйымдары әскери-патриоттық жұмыс жоспарын әзірлеуі тиіс. Оған әскери қызметшілер және ардагерлермен кездесулер, әскери бөлімдерге экскурсия, әскери-патриоттық клубтар мен жарыстарға қатысу жатады. 

Бұйрық 2025 жылғы 21 қарашадан бастап күшіне енеді. 

Жыл басында алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің мәртебесі артатыны туралы хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар