Алғашқы басылымдағы «Хоббит» кітабы аукционда рекордтық бағаға сатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Дж. Р. Р. Толкиннің әйгілі «Хоббит» романының сирек кездесетін алғашқы басылымы онлайн-аукционда 43 мың фунт стерлингке (49 500 еуро) сатылды. Бұл – басылым үшін бұрын-соңды тіркелген ең жоғары баға, деп хабарлайды Auctioneum аукцион үйі.

1937 жылы алғаш рет жарық көрген бұл басылым – тек 1500 дана таралыммен шыққан түпнұсқалардың бірі. Аукцион үйінің мәліметінше, қазіргі таңда сол алғашқы басылымнан бірнеше жүз ғана дана сақталған және олар заманауи әдебиеттегі іздеудегі кітаптар қатарында жатады.
Аталған кітап Бристольдегі бір үйдің кітап сөресінен тазалық кезінде кездейсоқ табылған. Auctioneum маманы Кейтлин Райли көне жасыл мұқабалы кітапты көріп, назар аударған.
«Алғашында жай ғана ерте шыққан «Хоббит» шығар деп ойладым, бірақ парақтай бастаған сәтте жүрегім атқақтап кетті», – дейді ол.
Басылымда автордың қара-ақ иллюстрациялары бар. Бұл да оны ерекше етеді, себебі кейінгі нұсқаларда суреттер түрлі-түсті болған.

Кітап Ұлыбританиядағы жеке коллекционердің қолына өтті. Оған дейін бұл шығарма әйгілі ботаник Хьюберт Пристлидің отбасылық кітапханасында сақталған.
Auctioneum мәліметінше, Толкин мен Пристли бір-бірімен таныс болған және екеуі де К.С. Льюиспен хат алмасқан.
Айта кетейік, «Хоббит» пен «Сақиналар әміршісі» — әлем бойынша 250 миллионнан астам данамен таралған, барлық уақыттағы ең көп сатылған кітаптар қатарында. Бұл туындылар 2000-жылдары кинофраншиза ретінде де зор танымалдыққа ие болды.
Еске салайық, бір апта бұрын Майкл Джексонның шұлығы аукционда 6200 еуроға сатылды.