Алғашқы медициналық көмектің жаңа моделі: не өзгеріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі таңда елімізде 677 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны жұмыс істейді. Оның 62%-ы қалада, 38%-ы ауылдық жерлерде орналасқан.

Соңғы жылдары медицина саласындағы қызметтің сапасын жоғарылату үшін басқару жүйесіне бірқатар заманауи тәсіл енгізілді. Бұл өзгерістер туралы «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында Денсаулық сақтау министрлігінің маманы баяндап берді.
— Соңғы жылдардағы негізгі жетістіктердің бірі — нормативтік базаны жаңарту және алғашқы медициналық көмектің басқару жүйесіне заманауи тәсілдерді енгізу. Ең алдымен, бұл нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру. Денсаулық сақтау министрлігі биыл бірқатар маңызды құжатты, бұйрықты жаңарту бойынша жүйелі жұмыс істеп жатыр. Бұл құжаттар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған, — дейді «Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы» ШЖҚ РМК директоры Айгүл Қасымова.
Енді дәрігерлердің науқасты қабылдайтын уақыты 6 сағатқа дейін ұзармақ.
— Бұған дейін қабылдау 4–5 сағат болса, енді бұл уақыт 6 сағатқа дейін ұзартылып отыр. Бұл дәрігерге пациентті жан-жақты қарап, тиімді ем тағайындауға, динамикалық бақылауды сапалы жүргізуге және жаңа бағыттарды іске асыруға мүмкіндік береді, — дейді министрлік өкілі.
Медицина мамандары биылдан бастап тек аурудың салдарымен ғана емес себебімен де алдын ала күресуге ден қояды.
— Алғашқы медициналық көмектегі маңызды бағыттардың бірі — аурулардың алдын алу және оларды ерте анықтау. Сонымен қатар, науқастарды емдеудің бағыт-бағдары қайта қаралды және медициналық көмек көрсету акценттері өзгертілді. Медбикенің пациентті жеке қабылдау жүйесі енгізілді, динамикалық бақылаудағы пациенттердің бейінді мамандарға өздігінен жазылуына мүмкіндік берілді, — дейді Айгүл Қасымова.
Енді медицина қызметкерлерінің жүктемесі азайып, ынталандыру шаралары кеңейтіледі.
— 278-бұйрық аясында капитативтік нормативтік төлем мөлшерлемесі бойынша ынталандыру компонентін есептеудің жаңа әдістемесі енгізілді. № 49 стандарт жобасын іске асыру басталды, онда үйге шақырту бойынша көрсетілімдер оңтайландырылды. Мобильді бригадалардың рөлі кеңейтіліп жатыр, шұғыл медициналық көмек көрсететін кабинеттер ашылып, сондай-ақ кейбір өкілеттіктерді бейінді мамандардан жалпы практика дәрігерлеріне, ал дәрігерлерден медбикелерге беру бойынша жұмыс істеліп жатыр, — дейді спикер.
Айта кетейік, бұған дейін күз бен көктем мезгілінде инсульт алу қаупі жоғары екенін жазған едік.