Алғашқы «жаңа жылдық тауарлар» арнайы рейсі Солтүстік Қазақстаннан Сианьға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – 1300 тонна қазақстандық дайын ұн тиелген Қытай-Еуропа бағытындағы контейнерлік жүк пойызы 10 қаңтар күні Сиань халықаралық порттының арнайы теміржол желісі арқылы Айцзюй астық және май өнеркәсібі корпорациясының өңдеу паркіне келіп тоқтады. Бұл туралы Қытайдың Синьхуа агенттігі хабарлады.

Алғашқы «жаңа жылдық тауарлар» арнайы рейсі Солтүстік Қазақстаннан Сианьға жетті
Фото: xinhuanet.com

Аталған бағыт бойынша жаңа жылдық тауарларды «есіктен есікке» жеткізуге аттанған алғашқы арнаулы рейс Сиань қаласына сәтті жетті.

Дәстүрлі Қытай күнтізбесі бойынша көктем мерекесі – қытайлық жаңа жыл таяп келеді. Енді Қытайда жаңа жылға арналған азық-түлік өнімдері мен пиротехникалық бұйымдарға (дәстүрлі түрде жаңа жылдық тауарлар деп аталады) сұраныс қауырт өседі.

Синьхуа агенттігінің жазуынша, Қытай темір жолы корпорациясының (China Railways) Сиань бюросы логистика құнын төмендету, Қытай-Еуропа бағытындағы контейнерлік рейстердің тиімділігін арттыру және халықтың жаңа жылдық тауарларға қажетін өтеу мақсатында алғашқы «есіктен есікке» рейсін жүргізіп отыр.

Қытай-Еуропа бағыты бойынша алғашқы «есіктен есікке» арнаулы рейсі Солтүстік Қазақстан облысындағы Айцзюй астық және май (Тайынша Май) зауытының өндірістік аймағынан жолға шығып, Сиань халықаралық портына жеткеннен кейін, арнайы теміржол желісі арқылы бірден Айцзюй ауылшаруашылық өнімдері логистикалық-өңдеу паркіне енеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл шара тауарларды шетелдік қоймадан қытайлық қоймаға дейін «есіктен есікке» қағидасы арқылы жеткізуге жол ашып, Қытай-Еуропа бағытындағы контейнерлік пойыздардың тасымал тиімділігін айтарлықтай арттырып, кәсіпкерлік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Қытайдың солтүстік-батысында аса ірі уран кен орны анықталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар