Алғашқы медициналық жәрдем қызметкерлерін ынталандыру үшін 6,7 млрд. теңге бөлінді
Бұл туралы бүгін елордада өткен брифинг барысында ҚР денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтерге төлем жасау комитетінің төрағасы Қанат Ермекбаев мәлім етті.
«Біз соңғы нәтижеге негізделген алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерін ынталаныру үшін 6,7 млрд. теңге бөлдік. Бұл қаржы олардың жалақысын көтеруге бағытталады. Сонымен қатар оның 10 пайызы медицина қызметкерін оқыту үшін жұмсалады», - деді ол.
Комитет төрағасының атап өтуінше, бұл жағдай медицина қызметкерлері тарапынан алғашқы буынды жұмыс істеуге деген құлшынысты оятқан. Жалпы оның пайымынша, алғашқы медициналық көмек кезінде-ақ аурулардың 70 пайызының алдын алуға болады.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы үйде емделгендер саны да біршама өскен. Мәселен, үйде емделген 60 жастан асқан азаматтардың саны 2,5 есеге ұлғайған. Яғни, денсаулық сақтау саласына әлеуметтік қызметкерлер тетігін енгізгеннен кейін үй жағдайында ем-дом қабылдауға келіскен азаматтар саны өскен.