Алғашқы тоқсанда жалпы сыртқы борыштағы мемлекеттік сектордың үлесі 4 пайызды ғана құрады - Ұлттық банк төрағасы

«Алғашқы тоқсанда сыртқы борыш бойынша ахуал өзгерген жоқ. Мемлекет қарызы үлкен емес. Фирмааралық берешектің азырақ өсуі ел тұрғындары мен мемлекетке еш қауіп төндірмейді. Қайсыбіреулердің 120 млрд доллар қарызбыз деп жүргені кәсіпқойсыздықтан немесе түсінгісі келмегендіктен. ТеңізШевройл мен ШевронТексако берешегі Қазақстан халқының қарызы емес», - дейді Г.Марченко. Бас банкирдің айтуынша, жалпы сыртқы берешектің 4 пайызы (5,2 млрд.) Үкімет пен Ұлттық банктің, 11 пайызы (14,8 млрд) банк секторының, 49 пайызы (63,4 млрд.) фирмааралық борыш. 1 тоқсанда жалпы сыртқы борыш 5,4 млрд. долларға ұлғайды. Оның 5,1 миллиарды «Басқа секторлардың» (фирмаларалық берешекті қосқанда) қарызы. Үкімет міндеттемелерінің өсуі негізінен резидент еместердің Қаржы министрлігінің қазынашылық облигацияларын қайталама бағалы қағаздар нарығында белсенді сатып алуы (167,2 млн. доллар) есебінен болды. Ол халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыздар бойынша борышты өтеумен (48 млн. доллар) ішінара реттелді. Ұлттық банк міндеттемелінің ұлғаюына резидент еместер депозиттерінің ағыны себепші болды. Ал Ұлттық банктің резидент еместердің қолындағы ноттарының көлемі іс жүзінде есепті кезеңде нөлге дейін қысқарды.
Банктердің сыртқы борыштарының өсуі негізінен «БТА банк» АҚ-ның еурооблигациялары бойынша сыйақыны төлеу жөніндегі мерзімі өткен берешегінің ұлғаюымен байланысты. «Басқа секторлардың» борышының ұлғаюы негізінен фирмааралық берешектің (3,5 млрд. доллар) өсуінен орын алды. Оған Қазақстанда шетелдік компаниялардың филиалдары арқылы іске асырылатын жобаларға қаржыландыру ағынынан бөлек, республика кәсіпорындарының қарыздарды тартуы мен бұдан әрі игеруі себеп болды. Сондай-ақ бір бөлігі кейінгі кезеңде шетелдік инвесторларға төленуге жататын (1,2 млрд. доллар) жарияланған дивидендтер көлемінің ұлғаюы ықпал етті.