Алғашқы түркологтардың құрылтайы туралы кітап шықты

Ғылыми еңбек Еуропа мен Азияның белді түркологтарының 1926 жылғы Бакудегі басқосуындағы ғылыми мұрасынан тұрады.
Бірінші бүкілодақтық құрылтайда бүкіл жер жүзіндегі түркі халықтарының бірыңғай жазуы талқыланған. Сьезге 130 делегат қатысқан.
Қазақ делегациясын Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Әзиз Бей-Сейдуали, Біләл Сүлеев пен Нәзір Төреқұлов бастап барған.
Ахмет Байтұрсынов «орфография», «қазақ терминологиясының қағидаттары» атты баяндамасын оқыған.
«Бүгін 1926 жылы Бакуде өткен түркі халықтарының 1- құрылтайының материалдары кітап болып шығып жатыр. Осы жиында Еуразияға тарап кеткен түркі халықтары бас қосып, ұлттық түркілік бірлікті сақтау, құндылықтарды сақтау жөнінде бір шешімге келді. Құндылықтардың ең бастысы - әліпби болатын. Бұл жиында түркі халықтарының түгелге жуық ғалымдары, саясаткерлері қатысты. Біздің елден Ахмет Байтұрсынов тағы бірнеше адам сөйледі. Қазақ әліпбиін жасаған ғалымдар түркі халықтарының ортақ әліпбиі араб жазбасында болса екен деген пікірге келді. Жиында сөз сөйлеген Нәзір Төреқұлов латын графикасына көшу туралы ұсыныс айтқан.
Сол кезде қазақ халқы араб графикасына көшті, латын кезекте тұрды. КСРО халықтарының барлығы көп ұзамай Сталин жарлығымен түгел кириллицаға бірақ көшті. Сол кезде Түркия Баку құрылтайынан соң латын графикасына көшті. Бұл мәселенің маңызы әлі түскен жоқ. Түркі халықтарының әлемдік ортақ мәдениеті сақталады деген пікір әлі өлген жоқ. Тәуелсіздік алған соң бұл мәселе қайта көтерілді. 1990 жылдары түркі елдерінің ғалымдары бірнеше рет жиналып, түркі ортақ әліпбиін жасау мәселесін ойластырды», - деді профессор, филология ғылымдарының докторы Дандай Ысқақ.
Оның айтуынша, ең бірінші болып латын әліпбиіне әзербайжандар өткен. Одан кейін өз ерекшеліктерін енгізе отырып өзбектер өтті. Түрікмендер де қарап қалмаған.
«Көшпеген Қазақстан мен Қырғызстан ғана әліптің артын бағып келді. Бізде былтырдан бері сең қозғалған болатын. Басқа халықтарда аса талқылау болған жоқ. Оларда көп талқылау болған жоқ. Қазақстанда жалпы көпшілік ат салысып жатыр», - деді түркітанушы.
Кітап «Қазақ университеті» баспасында 3000 тиражбен басылып шықты.