Алғыс айту күні: тарихы мен тағылымы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін – алғыс айту күні. 2016 жылдың 14 қаңтарында 1 наурыз елімізде Алғыс айту күні деп жарияланды. Осыдан 28 жыл бұрын 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанын ескерсек, Алғыс айту күнінің неліктен дәл осы күні тойланатынын түсінеміз. Бұл – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын күн. Азаматтардың бір-біріне құрмет көрсетіп, алғыс айтатын мереке. Қазіргі таңда отанымыздың түкпір-түкпірінде әртүрлі ұлт өкілдері ел ертеңіне үлес қосып, еңбек етіп, бейбіт өмір сүріп жатыр. Бүгінгі мерекеге орай, бұл мейрамның тарихы мен тағылымына назар аударып шолу жасап көрейік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.
None

Алғыс айту күнінің қысқаша тарихы

Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. Алғыс айту күнінің этносаралық өзара іс-қимылдың бірегей институты – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен сәйкес келуінің астарында терең мән бар. Өткен ғасыр ауыр нәубетпен сыналған ғасыр болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес режимі батыс шекарадағы халықтарды «сатқындық жасауы мүмкін» деген жаламен күштеп көшіре бастады. Бұдан бөлек Қиыр Шығыстағы азғантай корей диаспорасын да айдауға салды. Осы кезде қазақ даласына түрлі ұлттарды жаппай күштеп көшіру басталды.

1946 жылы Кеңес одағында жер аударылған халықтардың жалпы саны 2,5 миллионға жеткен. Кейбір деректерде үш миллионға жуықтаған деп көрсетіледі. Ал осының ішінде Қазақстан аумағына жер аударылғандары 1 миллион 200 мың адам екен. Алайда құжаттарға сүйеніп елімізге көшірілген халықтың нақты санын айту өте қиын. Себебі қоныс аударушыларды әр ай сайын қайта тіркеу, оның ішінде жаңадан қосылғандармен араластырып тіркеу, бір отбасын басқа жерге қайта көшіріп жіберу, туыстардың бөлініп кетуі, кейбір отбасының қайта қосылуы секілді жағдайлар өте көп кездесетін еді. Әр жылдары 800 мыңдай неміс, 102 мың поляк, Солтүстік Кавказ халықтарының 550 мың өкілдері, Қиыр Шығыстан 18,5 мың корей отбасы жер аударып, көшіп келуге мәжбүр болған деген деректер бар. Жер аударылғандар қазақ даласында көбіне егін шаруашылығымен, мал өсірумен айналысты. Кейін барлық өнеркәсіп саласына атсалысты. Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасының дамуына мол үлес қосты.

Кейін 1957 жылы күштеп жер аударылған халықтардың өз отандарына қайтуына рұқсат берілді. Соған қарамастан, олардың көбі қазақ жерінде қалып қойды. Кавказ халықтары мен немістерге, түріктерге ғана өз жерлеріне қайтуға мүмкіндік берілмеді. Жер аударылғандар Сталиннің өлімінен кейінгі Хрущевтің «жылымығы» жылдарында жағдай түзеле бастады. Осы кезде күштеп қоныс аударылған халықтардың қазақ жерінде туып-өскен жаңа буыны өсіп, өркендеді, олар әр салада кәсіп етті. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстанды өз отаны санайтын буын ел үшін қызмет етіп жатыр.

Ашық көздерден алынған фото

Міне, Алғыс айту күнінің тарихы әріде жатыр. Көктемнің алғашқы күнімен қатар келген бұл күннің басты мазмұны қазақ еліне кезіндегі қолғабысы мен қайырымды ісі үшін алғыс айтуды білдіреді. Түрі, діні, тілі, мәдениеті, салт-дәстүрлері басқа этнос өкілдерін бөтенсімей, өгейсітпей көкірегіне басқан қазақтың шексіз мейірімі мен жүрегінің кеңдігін, қазақтың өзі де осындай ұлы нөпірдің арасында жоғалып кетпей сақтап қалған қасиетін де ерекше атап өту керек.

Бүгінде Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында «Қазақ еліне мың алғыс» атты монументтер бой көтерген. Бұл ескерткіштерді еліміздегі түрлі этностық топтар басына күн туған кезде бауырына басқан қазақтың жері мен еліне алғыс ретінде өз бастамаларымен тұрғызған болатын. Сонымен қатар елорда төрінде «Қазақ Елі» монументінің де бой көтеруі қазақ ұлтының айналасына топтасу идеясын күшейте түсті.

Алғыс айту күні әлем елдерінде қалай тойланып жүр?

Алғыс айту күні тек біздің елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде де атап өтіліп жүр. Мысалы, АҚШ-қа назар аударсақ, Әлемдік жылнамада 1621 жылы ағылшын колонистерінің бастамасымен күнтізбеге «ризашылық» білдіретін күн енгізіледі. Қаһарлы қыста аштықтан зардап шеккен жұрттың көңіл-күйін көтеру үшін губернатор Уильям Брэдфорд Алғыс айту күнін белгілейді. Айналадағы басқа да көршілер бұл игі дәстүрді жақсы ықыласпен қабылдады. Қараша айының төртінші бейсенбісінде атап өтілетін мереке астық жинау мезгілімен тұспа-тұс келеді. АҚШ-тағы бұл айтулы күні әр шаңырақтың мерекелік дастарханында көкөністер мен күркетауық тұрады. Ұлттық күнтізбеге енген осы мерекенің түпкі идеялық мәні америкалықтардың өз Конституциясына ризашылық білдіруіне негізделген. Осылайша, Алғыс айту күні нағыз ұлттық мереке ретінде 1863 жылы АҚШ-тағы Азамат соғысы кезінде тараптарды бір дастарханға шақырудан басталды. Өзара келіссөзді жандандыруға себепші болды. Ал 1957 жылдан бері Канадада да Алғыс айту күні қазанның екінші дүйсенбісінде аталып келеді. Канадада бұл мерекенің шығу тарихы ауыл шаруашылығы өнімдерін жинаудан бастау алады. Германияда алғыс айту мейрамын «Erntedankfest» деп атайды, ол қазан айының алғашқы жексенбісінде егін алқабында тойланады. Келесі жылы да егін түсімі осылай мол болсын деген ниетпен тамаша табиғатқа, орман, көкөніс, жеміс-жидек тарту еткен тағдырға алғыс айтады. Дастарханға Германияның дәстүрлі тағамдарын, жаңа піскен көкөніс, жеміс-жидек, дәнді-дақыл, өзге де дәмді-тәттілерді қойылады. Бұдан бөлек Израиль халқы да Суккот мерекесі – алғыс айту күнін 3000 жылдан бері тойлап келеді. Шөл далада ауырмай-сырқамай, аман-сау өмір сүретініне, тағдырға алғыс айтады.

Мерекелік күннің маңызы қандай?

Алғыс айту мерекесіне қатысты ҚР Парламент Сенатының депутаты Геннадий Шиповских өз пікірін білдірді. Ол алғыс айту мейрамы қазақстандықтар үшін өте маңызды екенін атап өтіп, бүгінгі күннің батырларына алғыс айтты.

«Дәл осы күні күллі этнос өкілдері қазақ халқына дән ризашылығын білдіреді. Кезінде қазақ халқы сонау қиын-қыстау кезеңде өзінің жомарттығын, көмегін көрсеткен. Алғыс айту күні арамызда жүрген бүгінгі күннің батырларына да алғыс білдіруіміз керек. Пандемия кезінде бізді аман-есен алып қалған дәрігерлер, төтенше жағдай кезінде бізге көмекке асығатын өрт сөндірушілер, жалпы еліміздің қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз етіп жүрген қарулы-күштер қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз», - деді Геннадий Шиповских.

Ол өз сөзінде елге қызмет етіп жүрген әр азамат қаһарман екенін атап өтті.

«Дәл қазіргі кезде елімізде Мемлекет басшысы бастаған үлкен саяси реформалар сәтті жалғасып жатыр. Саяси реформалардың аясында қаншама игі істердің куәсі болып отырмыз. Референдум, Президент сайлауы, Сенат сайлауы өтті. Алдымызда саяси дода Мәжіліс сайлауы өтеді. Осының бәрін бірігіп, қоғам болып іске асырып отырмыз. Менің ойымша, осы күні бірлесіп атқарған әр жұмыс үшін қоғамымызға да алғыс жеткізуіміз керек деп санаймын», - деді депутат.

Жетісу облысы Ақсу ауданы Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Владимир Чепель де бұл мереке ең алдымен, қазақ жеріне, қазақ халқына шексіз алғыс айту күні деп санайды. Ол қазақ жерінен пана тапқан өзге этностар қазақ халқына шексіз риза екенін жеткізді.

«Алғыс айту күні – ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі. Бұл мереке мен үшін ең алдымен, қазақ жеріне, қазақ халқына шексіз алғыс айту мүмкіндігі. Себебі қазақ халқы қандай заман болмасын, ешкімді ұлтқа, дінге бөлмей, соңғы нанымен бөлісті деп айтуға болады. Тағдыр тәлкегіне түсіп, жан сауғалап келіп, қазақ жерінен пана тапқан өзге этностар қазақ халқына шексіз риза. Олар қазақтың дархан даласынан жылу, пана тапты. Бүгінде біздің ұрпағымыз Қазақстанды өз Отаны деп санайды», - деді Владимир Чепель.

Айта кетейік, бүгін елордада https://kaz.inform.kz/news/el-astanasynda-algys-aytu-kuni-kalay-toylanady_a4041186 осы атаулы күнге орай ондаған түрлі спорттық, мәдени, танымдық іс-шара өтіп жатыр. Қорытындылай келе, бұл мерекеде ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптелетінін айта кеткен жөн. Біз осы күнді кешегі ауыр тарихты еске ала отырып, бүгінгі береке-бірліктің маңызын түсініп, қадірін білетін күн ретінде қарастыруымыз қажет. Ешбір ұлт, ешбір халық Қазақстан жерінде таршылық көрмесін, бөлектеуге ұшырамасын деп тілейміз.


Соңғы жаңалықтар