Алғыс күнін кең көлемде атап өту қажет - А. Мұхамедиұлы (ФОТО)

Өз сөзінде министр Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай елімізде арнайы жоспар қабылданғанын атап өтті.
«Еліміз биыл өз тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлап жатыр. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігі Президент әкімшілігімен бірге арнайы ұлттық жоспарды әзірлеп шықты. Біздің басты мақсатымыз - Тәуелсіздігімізді жыл бойына лайықты деңгейде атап өту. Қазір осы орайда түрлі шаралар жүзеге асырыла бастады», - деді А. Мұхамедиұлы.
Сонымен қатар, Арыстанбек Мұхамедиұлы алдағы 1 наурыз - Алғыс айту күнін кең көлемде атап өту қажеттігін ескертті.
«Күні кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заң қабылданды. Осы заң аясында 1 наурызды тұңғыш рет Алғыс күні ретінде кең көлемде атап өтеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық татулықтың символы ретінде бүкіл әлемге танымал болуда. Бұл - біз үшін үлкен мақтаныш. Көптеген елдер осы бағытта Қазақстанның тәжірибесін зерттеп жатыр. Сондықтан 1 наурыз - Алғыс күні - Қазақстан халқы үшін өте маңызды күн. Ұлы дала елі атану жолында маңызды қадам. Бұл жерде осы күнді лайықты атап өту үшін зиялы қауым өкілдерінің пікірі өте маңызды деп есептеймін», - деді А. Мұхамедиұлы.
Сонымен қатар, Ұлт жоспары - «100 нақты қадам» күн тәртібінде басты тақырыптардың біріне айналды. Кездесуге қатысушылардың Ұлт жоспарының негізгі бағыттарын сапалы және дер кезінде орындау - Қазақстан қоғамының жан-жақты өркендеудің жаңа кезеңіне өтуге жол ашатындығын бір ауыздан атап өтті.
Айта кетелік, Қазақстан халқы Ассамблеясы - 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған болатын.
Кездесуге КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік республикалық кәріс музыкалық комедия театрының директоры Любовь Ни, танымал жазушы, журналист Смағұл Елубай, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, кинорежиссер және актер Досхан Жолжақсынов, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Әлібек Асқар, театр және кино актеры Азамат Сатыбалды және басқа да музыка, әдебиет, театр, кинематография, бейнелеу өнері және қолөнер салаларының 40-қа жуық көрнекті өкілдері қатысты.