Али Алиев: Алда маңызды ойындар күтіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңіне дайындығын пысықтады. Алда Уэльс пен Лихтенштейнге қарсы маңызды ойындар күтіп тұр. Kazinform агенттігі тілшісімен сұхбатында Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Али Алиев алдағы екі ойыннан қандай нәтиже күтетіні жайында ойымен бөлісті.

Али Алиев
Фото: Казахстанская федерация футбола

- Али Ханалиұлы, енді бірнеше күннен кейін Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын Уэльске қарсы өткізсе, келесі кезекте Лихтенштейнмен шеберлік байқасады. Екі қарсыластың қандай мықты және әлсіз тұсы бар? Біздің құраманың алдына қандай мақсат қойылған?

- Мақсатымыз айқын - құрамамыз физикалық тұрғыдан дайын болуы тиіс. Бұл бойынша талапқа сай келетін футболшылар жасыл алаңға шығады. Олардың әрбірі Уэльс құрамасының қарқынды ойынына төтеп бере білгені жөн. Қарсыласымыз – өте тәжірибелі, жылдам қимылдап, шеберлік көрсете алады. Айта кетсек, Уэльс Ұлттар лигасында өз тобында жеңімпаз атанып, А дивизионына жолдама алды. Бәсеке барысында олар Түркия, Исландия, Ирландия секілді қарсыластарын қапы қалдырғанын ұмытпайық. Сондықтан біз оларды бағаламай білгеніміз жөн. Уэльс құрамасы Кардиффте Крейг Беллмен бірге өте үлкен күш салады. Тағы қайталап айтамын, жеңілмейтін команда жоқ. Бүгін біз белгілі алгоритм құрып жатырмыз, ойынға жоспар жасадық. Қандай тосын сый жасай аламыз? Қандай шексіз мүмкіндік бар? Қалай өзіміздің артық тұсымызды табамыз? Қандай шабуылдан кейін қарсылас қақпасына доп соға аламыз?

Бұл кездесуден кейін де бізді тағы бір ойын күтіп тұр. Лихтенштейнмен кездесуде біз Уэльс матчынан кейін футболшылардың жағдайы қандай болатынына қараймыз. Әрине, біз құрамада футболышлардың техникалық жағына мән беріп, физикалық тұрғыдан прессингке баруға, қозғалуға, үлкен жұмыс көлемін орындауға дайындарды алдыңғы қатарға шығаруды жоспарлап отырмыз. Тиісінше, тактикалық білімі олардың алаңдағы әрбір сәтін дұрыс пайдалануға жол ашады.

Басты міндетіміз – құрамамызды Еуропа және Қазақстан жұртшылығы, жанкүйерлер алдында алаңда тартысты ойын өткізетін, өзінің ар-намысы, елі мен туы үшін жан салатын біртұтас ұжым ретінде көрсете білу. Бұл - басты мақсаттың бірі. Егер ол футбол алаңында байқалса, қажетті ұпайды олжалау көп күттіре қоймайды. Ұпай келеді. Бастысы, жалпы физикалық дайындық жасап, мінсіз тәртіп, психолоиялық тұрақтылық нәтижесінде адамгершілік қасиеттер мен патриотизмді сақтай білу лазым.

- Құраманың дайындық барысы қалай жүріп жатыр? Барлық футболшының денсаулығы қалыпты ма? Алдағы ойындарға әзірлігі қалай?

- Өкінішке қарай, құрамада бірқатар жігіттерге үміт арта алмаймыз. Олардың қатарында орталық қорғаушы Әлібек Қасым, жартылай қорғаныс пен шабуыл шебіндегі Бахтиер Зайнутдинов, Роман Асранкулов, Рамазан Каримов бар. Бізге Георгий Жуков келді. Польша чемпионатындағы өз командасының соңғы кездесуінде 90 минут ойнаған еді. Қазір оның жағдайын бақылау ұстап отырмыз.

Тәжірибелі футболшылардың жарақат алуы біз үшін едәуір қиындық болатыны анық. Десе де олардың орнына шақыру алған жігіттер де алдағы ойындарға толықтай дайын. Күн сайын әрбір футболшымен моралдық тұрақтылық, психологиялық сәттер жайында әңгімелесіп отырамыз. Сондықтан мен жарақат алған ойыншыларды алмастыру бойынша ешқандай проблема болмайды деп ойлаймын. Рас, сапа немесе тәжірибе жөнінен Бахтиер Зайнутдиновті алмастыру қиын тиюі мүмкін. Десе де жағдай солай қалыптасып отыр. Сондықтан оны шешуге күш саламыз. Біз, бапкерлер штабы қазіргі құрам халықаралық деңгейде лайықты деңгейде ойын көрсете алады деген сенімдеміз.

- Cіз іріктеу кезеңіне қандай талаптар бойынша ойыншыларды жинауға көңіл бөлдіңіз? Сіз үшін олардың қандай жағдайы маңызды болды? Құрамды таңдау үшін күтпеген шешім қабылданды ма? Кейбірі сізді өзінің қабілет-деңгейімен таңғалдыра алған шығар?

- Қай кезде де талап қойылады. Бұл - тек футболға ғана тән емес. Ол спорттың барлық түріне қатысты айтылады. Оны құрама үшін үлгі боларлық мінездеме ретінде қарастыруға негіз бар. Әрине, біз құраманы клуб ретінде қарай алмаймыз. Құрамаға физикалық, психологиялық және техникалық тұрғыдан дайын болғаны шақырылады. Аталған кезеңде ең бастысы физикалық тұрғыдан дайын адамдар қарқын мен қарқындылыққа төтеп бере алатыны белгілі.

Негізінде бұл мақсатта біз лигаға да, федерация Президентіне де, клубтарға да өтініш жасадық. Оларға жеңілдік жасап, ойыншыларды белгілі деңгейге жеткізу талабын қолдай білді, бұл үшін рахмет. Жалпы, біз осы жерде өткізетін ойындар олардың шеберлік деңгейіне қосымша әсер етеді. Өйткені, ойнау, жүйелі жаттығу бәрібір жемісін береді. Ал физикалық жағдайды біршама арттыра түсу маңызды.

Мұхамед Алияр өзінің дайындығымен жақсы әсер қалдырды. Ол бірінші лигадан шыққанмен Премьер-лига деңгейіне дейінгі жолды жүріп өтті деп ойлаймын. Сапа бойынша онда барлығы бар, ол жақсы әсер қалдырады. Тиісінше, Дастан өзіне деген қарым-қатынасты өзгерте қойған жоқ. Керісінше тартысқа ұмтылады, жаттығуды қалайды, біз оны әрең ұстаймыз. Оның жаттығу мен ойын барысы бойынша нәтижесін фитнес-көрсеткішке саламыз, ол – өте дарынды жігіт. Мен оның бізде дүниеге келгеніне және құрамаға ойнауына мүмкіндігі бар екеніне қуаныштымын.

- Жалпы, тағайындалғаннан кейін сіздің қазақстандық футболшылармен танысуыңыз қалай өтті?

- Мен оларға алғыс айтамын, барлығы тәрбиелі және тәртіпке бағынады. Біздің қазақ ұғымында мәдениет, тәрбие үлкенге құрмет алғашқы таныстық барысында маңызды мәнге ие болады. Жігіттер құрама абыройын арттырып, туымызды жоғары ұстауға тырысады. Одан биік ештеңе жоқ. Оны толық түсіне алады. Мен оны өте жағымды жағдай ретінде бағалай аламын.

- Cіз іріктеу кезеңіндегі Қазақстанның қалған қарсыластары жайында не ойлайсыз? Біздің құраманың мүмкіндігі қандай, қанша ұпайға қол жеткізе аламыз деп санайсыз?

- Әзірге болжам айту қиынға соғады. Өте қызықты топ. Егер Уэльс пен Бельгияға мұқият қарайтын болсақ, оларға ерекше назар аударуға тиіспіз. Ал Солтүстік Македонияны оңтайлы қарсылас ретінде бағалауға негіз бар. Олардың деңгейі Солтүстік Ирландия мен Финляндия шамалас. Уэльс пен Бельгияның ойыншылары үздік бес лигада сынға түседі. Олардың жеке орындау шеберлігі өте жоғары. Одан басқа аталған құрамалар Ұлттар лигасында өз тобында жеңімпаз атанып, А лигасына жолдама алғанын ұмытпауымыз тиіс. Бұл команданың жоғары деңгейін дәлелдей түседі.

Тұтастай алғанда, менің ойымша, әрбір кездесуге дайын болу, әркімнің өзінің ойын деңгейін тұрақтандыруы маңызды деп санаймын. Сондықтан жігіттер 2022 жылғы секілді дәл футбол алаңында жеңімпаз аурасын сезінуі қажет. Бұл өзіне деген сенімділікті арттырады. Ол - қазір негізгі мәселе. Ал көрсеткіш аталған талаптар бойынша келеді. Біз олардан осындай нәтиже күтеміз? Қазір футболда тек моральдық-еріктілік қасиет арқылы жетістікке жету мүмкін емес. Белгілі бір модельдік көрсеткіштер қажет.

Былтыр құрамамыз В лигасында сынға түсті. Бұл біздің Бельгия, Уэльс, Норвегия, Дания және Австрия секілді қарсыластарға қалай ойнау қажеттігін түсіндірді. Ол үшін біз ойын деңгейін арттырып, футболшылардың техникалық тұрғыдан қабілетін жақсартуға мән беру қажеттігін көрсетті. Тағы қайталап айтамын, қазіргі уақытта қазақстандық ойыншыларды алтынға бағалай аламыз Біз олармен жұмыс істеп жатқанымызға бақыттымыз және барлық жоспарымызды жүзеге асыруға күш саламыз.

- Сұхбат үшін рақмет айтамыз.