Әлібек Бақаев пен Назира Нұрбаева Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының өкімімен Әлібек Әсетұлы Бақаев пен Назира Нұртүлеуқызы Нұрбаева ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.
None

Әлібек Әсетұлы 1981 жылы 9 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген.

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін «Синхронды аудармашы» мамандығы бойынша (2002 ж.), ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын саясаттану мамандығы бойынша үздік тәмәмдаған (2011 ж.).

2001 жылы – Рупрехт және Карл атындағы Гейдельберг университетінің тыңдаушысы, 2011 жылы – Дьюк университетінің, Стэнфорд мемлекеттік саясат мектебінің тыңдаушысы (Мемлекеттік саясат және басқару саласындағы жоғары лауазымды тұлғаларға арналған бағдарлама).

Еңбек жолын 2002 жылы «ТрансОйл СК» компаниясының бас маманы болып бастаған. 2002-2003 жылдары «Zaman Dastar» коммерциялық компанияның директоры болды.

Дипломатиялық қызметін 2004 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі Еуропа және Америка департаментінің референті болып бастады.

2004 жылғы тамызда Қазақстанның Германиядағы Елшілігіне атташе болып жолданды.

2008 жылы ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігіне халықаралық мәселелер бойынша кеңесші ретінде ауысты, кейіннен протокол басшысы болды.

2009-2012 жылдар аралығында ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Халықаралық қатынастар департаментінің және Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры болды.

2012 жылғы мамырда ҚР СІМ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаментінің Азиялық үнқатысулар форумы басқармасының басшысы болып тағайындалды.

2013-2019 жылдары ҚР СІМ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары, директоры қызметін атқарды.

2019-2022 жылдары Қазақстанның Швейцария Конфедерациясындағы Елшісі болды, ал 2020 жылғы қаңтардан Лихтенштейн Княздігіндегі, Ватикан Мемлекетіндегі, Қасиетті Иерусалим Иоаны, Родос және Мальта Госпитальерлерінің Егеменді Әскери ордені жанындағы Елшісі қызметін қоса атқарды.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалғанға дейін 2022 жылдың қазан айынан бастап Қазақстанның Аустриядағы Елшісі болды.

II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие.

Ағылшын және неміс тілдерін меңгерген.

Назира Нұртүлеуқызы 1975 жылы 16 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген.

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы, Оксфорд университетінің Said атындағы Бизнес мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы «Price Waterhouse» аудиторлық компанияның қазақстандық филиалында бас консультант болып бастаған.

2003-2004 жылдары «LUKOIL Overseas Services» компаниясында салық бойынша бас кеңесшісі болып жұмыс істеді.

2004–2014 жылдары «Price Waterhouse» аудиторлық компанияның бас менеджері болды. Кейіннен 2014-2020 жылдар аралығында сол компанияда директор лауызымын атқарды. 2020 жылдан 2021 жылға дейін «Deloitte TCF» компаниясында серіктес болды.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалғанға дейін 2021 жылдың сәуір айынан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры болды.

Ағылшын тілін меңгерген.

Соңғы жаңалықтар