Әлихан Смайылов экономика өсімін қамтамасыз ету жоспарын айтты
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық қордан қаражат алуды тоқтату туралы ұсыныс айтылды, деп хабарлайды Kazinform.

«Ұлттық қор болашақ ұрпаққа арналған. Президент Ұлттық қордың валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу міндетін қойып отыр. Алайда 2021 жылдың басында қордағы қаражат 67 млрд доллар болса, қазір 60 млрд долларға дейін түскен. 2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық қордың инсвестициялық табысынан балаларға қаражат аударыла бастайды, яғни бұл бағытта Парламент тиісті заңды қабылдады. Осы орайда халықтың Ұлттық қорға деген назары ерекше болады, өйткені әр ата-ана балаларына қордан қанша ақша түскенін күтіп отырады. Сондықтан болашақта осы қордан қаражат алуды тоқтатуымыз керек», - деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов 2024 жылы Ұлттық қордан тартылатын нысаналы трансферттің көлемі 1,6 трлн теңгені құрайтынын айтты.
«Олар әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдағы жобаларды қаржыландыруға бағытталған. Сонымен қатар, Ұлттық қордан тартылатын қаражат, нысаналы трансферттер жыл сайын азаяды. Оның орнын республикалық кірістер толтырады. Ол үшін тиісті инвестицияларды тартып, нақты секторды қаржыландыру мәселелерін шешеміз. Бұл қадамдар мемлекеттік қолдау іс-шаралары арқылы, яғни шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру аясында іске асырылады. Қазір 32 трлн теңгені құрайтын 970 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатырмыз», - деді Премьер-Министр.
Оның сөзіне қарағанда, барлық жобаны іске қосу үшін инфрақұрылымды жаңғырту керек.
«Сол үшін «тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Тарифтердің есебінен сумен, жылумен, газбен, электр қуатымен жабдықтау желілеріне 3 трлн теңгеден астам қаражат тартылады. Бұл инфрақұрылымды жаңғырту – нақты сектор салаларына тікелей оң әсерін береді. Жалпы, келер жылдары экономикалық өсім қарқыны жоғарылайды. Биыл 4,7 пайыз болса, келер жылы 5,3 пайыз шамасында болады. 2026 жылға дейін 6 пайызға дейін өседі деп ескеріп отырмыз. Ол үшін республикалық бюджет кірістерін көбейту бойынша экономиканы нығайтуымыз керек. Екіншіден, кедендік әрі салық саласындағы әкімшілендіруді жақсарту маңызды. Жалпы, «көлеңкелі» экономиканы азайтуға ерекше екпін қойылып отыр», - деді Әлихан Смайылов.