Әлихан Смайылов полицияны цифрландыру жұмысымен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ішкі істер министрлігінде болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None

Ол қылмыстың алдын алу мен оларды ашуда заманауи технологияларды қолдану, жалпы полиция жұмысын цифрландыру барысымен, жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларымен танысты.

Ведомство басшысы Марат Ахметжановтың баяндауынша, Ішкі істер министрлігі республикадағы қалалардың көшелері мен қоғамдық орындарында «толық қамту» принципімен бейнебақылау енгізуде.

Жыл басынан бері полицияның жедел басқару орталықтарындағы (ЖБО) бейнекамералар арқылы 6 мың қылмыс ашылды, 2,7 млн жол ережесін бұзу, сондай-ақ 312 мың басқа да әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Нәтижесінде, биыл еліміздегі қылмыс көрсеткіші 17%-ға төмендеген.

«Цифрландыру арқылы тиісті мемлекеттік қызметтер жұмысының тиімділігін арттыруға болатынына талай рет көзіміз жетті. Нәтижесінде еңбек өнімділігі артып, жемқорлық фактілері азаюда. Цифрлық технологияларды енгізу арқылы Ішкі істер министрлігі де жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Енді мұны аймақтарда одан әрі кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарымен танысты.

Атап айтқанда, оқу орындарында орнатылған бейнекамералардағы жазбалар мен дабыл түймешелерінің сигналдарын жедел басқару орталықтарына және полицияның кезекші бөлімшелеріне шығару барысы көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар