Әлихан Смайылов Үкіметтің 2022 жылғы іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу жөнінде кеңестер өткізді

Сауда және интеграция министрлігі ұсынған шаралар шикізаттық емес экспортты, ішкі сауданы қолдау инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуін белсенді түрде тежеуге бағытталған.
Білім және ғылым министрлігі ұсынған шаралар еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруді, мектепке дейінгі білім беру жүйесінде көрсетілетін қызметтердің сапасына қойылатын талаптарды күшейтуді, жұмсалатын қаражаттың тиімділігін арттыруды, өңірлерге үздік педагогтерді тартуды, оқушыларға қауіпсіз жағдайлар жасауды, ерекше қажеттіліктері бар балаларды коррекциялық қолдауды және қосымша білім алуды қолжетімді етуді көздейді.
Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет саласы қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз етуді күшейту, спорт секцияларының, спорт нұсқаушыларының санын ұлғайту, әуесқой клубтар желісін кеңейту, спорт ғимараттарын салу және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізу, спортшылар мен жаттықтырушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолымен бұқаралық спортты, бірінші кезекте балалар спортын дамыту жөніндегі шараларды ұсынды. Туризм саласында 192 инвестициялық жобадан тұратын пулды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Энергетика министрлігі электр таратушыларға бағаны ұстап тұру, ішкі нарықтың мұнай өнімдеріне, электр энергиясына, сұйытылған және тауарлық газға деген қажеттілігін жабу, еліміздің отын-энергетика кешенінің түрлі салаларына инвестициялар тарту және т. б. бойынша шараларды ұсынды.
«Бағдарламаның барлық тармағы практикалық сипатқа ие болуы тиіс және халықтың тұрмыс сапасын нақты жақсартуға бағытталғаны жөн. Ел тұрғындары оң өзгерістерді сезінуі үшін тиімді шаралар әзірлеу қажет», — деді Премьер-Министр.