Алик Айдарбаев Маңғыстау балық аулау кәсібі саласы табиғат пайдаланушыларымен кездесті
«Дөңгелек үстел» аясында Каспий теңізіндегі өнеркәсіптің проблемалық мәселелері, аймақта балық шаруашылығын дамытудың болашағы жайлы сөз қозғалды.
Маңғыстау облысы бойынша Каспий теңізі жағалауының ұзындығы 1399,5 шақырым. Кәсіпкерлермен балық аулау кәсібі жағалау және теңіз бетінде аулаумен жүзеге асырылады. Балық қорын жағалауда аулау балық шаруашылықтарына бекітілген су қоймалары мен учаскелерінде, ал теңіз бетінде аулау бекітілген учаскелерден тыс жерлердегі су қоймаларының ашық бөлігінде жүргізіледі. Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі Комитетінің бұйрығына сәйкес Маңғышлақ архипелагі мен Түпқараған мүйісінен Бұрыншық мүйісіне дейінгі іргелес аумақтарындағы аралдарында қазақстандық сектор акваториясында балық аулау 16 наурыздан 14 қарашаға дейін ғана рұқсат етіледі.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының таратқан ақпараты бойынша 2016 жылы Каспийдің қазақстандық айдынында жағалауда балық аулаумен айналысатын 17 шаруашылық жүргізуші субъект, 127 балық аулау бригадасы, 555 балықшы тіркелген. Сонымен қатар, биылғы жылы «Caspian Rivera» ЖШС мен «Caspain Sea Farm» ЖШС кәсіпорындарында Кендерлі шығанағында және сәйкесінше Ақшұқыр елді-мекенінен 20 шақырым жерде бекіре балығын өсіру мақсатында балық өсіру шаруашылығын жүргізу үшін 2 балық шаруашылығы учаскесі бекітілген болатын.
- Жыл сайын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Бұйрығымен балық аулау шаруашылықтарында балық және басқа суда мекендейтін жануарларды аулаудың лимиті (шегі) бекітіледі. Осы жылы облыс бойынша 4090,3 тонна балық аулауға квота бөлінді. Бүгінгі күнге дейін тек 1768,9 тонна балық аулауға рұқсат алынған, нақты 179 тонна балық ауланған. Жергілікті балықшылар, негізінен тікенді балық, каспий пузанкасы, сазан, көксерке, ақтабан, қаракөз және майшабақтарды аулайды. Қазіргі таңда облыс бойынша бес резервтік балық аулау шаруашылығы бар, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының жетекшісі Серік Сағынтаев.
Талқылау барысында табиғатты пайдаланушылар Қазақстанның «Қызыл кітабы» реестрінен «кутум» балығын алып тастау туралы мәселені көтерді, себебі Каспий маңында орналасқан басқа мемлекеттер тарапынан аталмыш балықты аулау кәсібі белсенді жүргізілуде. Ал маңғыстаулық балықшылар оларды өз қармақтарынан көптеп шығарып тастауға мәжбүр. Сонымен қатар, балық-өнеркәсібі саласын субсидиялау, қазақстандық балықшылар үшін жер учаскелерін жалға беру мерзімін ұлғайту, ауланатын өнімді сатылымға орналастыру мәселелері қарастырылды.
- Теңіз балық шаруашылығы тиімділігінің төмендігі, тұрғындардың балықты және балық өнімдерін аз пайдалануы, білікті
мамандардың болмауы, балықтың бағалы түрлерінің болмауы теңіз өндірістік балық аулау жобаларына инвесторларды тартпайды. Облыс бойынша балық аулауға бөлінетін квота жыл сайын орындалмайды. Бүгінде біздің міндетіміз - барлық ішкі мүмкіндіктеріміз бен қорларымызды пайдалана отырып қайткен күнде де тауарлық балық аулау және өндіру көлемін ұлғайта аламыз. Бүгін көтерілген мәселелердің толыққанды және жан-жақты орындалуы үшін жұмысшы тобын құруды ұсынамын. Оның құрамына міндетті түрде Сіздер ұсынып отырған табиғатты пайдаланушылар енгізілетін болады, - деп атап айтты Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.
Бұдан басқа, кездесуге қатысушылар бірқатар ұсыныстарды әзірледі, соның ішінде Маңғыстау облысы жағалауы аймағындағы балықтардың популяциясы мен олардың азығының жағдайын зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын қаржыландыру мәселелерін қарастыру, Ақтау қаласы жағалау аймағын балық аулау рекрияциясы аймағы ретінде бекіту талқыланды.