Әлім Байел Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі лауазымына тағайындалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының Жарлығымен Әлім Дәуренұлы Байел Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Әлім Дәуренұлы Байел – 1984 жылғы 16 қаңтарда дүниеге келген. Таяу Шығыс техникалық университетін (Анкара қ., Түркия) бизнес-әкімшілік мамандығы бойынша тәмамдаған. Джордж Вашингтон университетінің (Вашингтон қ., АҚШ) мемлекеттік басқару саласындағы магистратурасын бітірген. «Болашақ» бағдарламасының түлегі.
Қазақстан Республикасы Президенттік жастар кадр резервінің құрамында.
2008–2012 жылдары жекеменшік секторда жұмыс істеген.
2012–2014 жж. – Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің сарапшысы.
2014–2015 жж. – Түркі академиясының халықаралық қатынастар орталығының директоры.
2016 ж. – ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінде халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы.
2016–2018 жж. – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы, стратегиялық әзірлеу басқармасының басшысы.
2018–2020 жж. – Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің саяси мәселелерге жауапты бірінші хатшысы.
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін Ыстанбұлдағы ҚР Бас консулы болып қызмет атқарды.
II cыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен Сержан Оралбайұлы Әбдікәрімов Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды.


Соңғы жаңалықтар