Алимент төлеуден жалтару: Ақмола облысында 2 қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында кәмелетке толмаған балалардың құқығы қорғалды.

Бұланды ауданы прокуратурасының бастамасымен алимент төлеуден жалтару бойынша 2 қылмыстық іс қозғалып, оның бірі сотқа жіберілді. Аудан прокуратурасы борышкердің алимент төлеуге нақты мүмкіндігі бола тұра (ЖШС директоры), өз міндеттерін орындау үшін шаралар қабылдамай, ұзақ уақыт әрекетсіз болғанын анықтады. Нәтижесінде борышкердің қарызы 4,5 млн теңгеден асты.
Іс сотқа жіберілгеннен кейін ғана борышкер толық шығынды өтеп, іс бойынша өндіріс тоқтатылды.
– Алимент жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамағаны үшін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылатындығын еске саламыз, - делінген облыс прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарламасында.
ШҚО-да бір ай бойы іздеуде жүрген алаяқ Ақмола облысында ұсталған еді.