Алименттен жалтару: елімізде 300 мың бала қаржылық қолдаудан айырылған
АСТАНА. KAZINFORM - 2024 жылдың мамыр айында Қазақстанда алимент төлеушілердің қарызы 20 миллиард теңгеге жетті. Бұл 300 мыңнан астам бала заңды түрде қажетті қаржылық қолдаудан айырылғанын білдіреді, деп хабарлайды "Жаңа адамдар" жастар қозғалысының баспасөз қызметі.

Мәліметке сай, елдегі ажырасқан ер адамдардың 43%-дан астамы балаларына төленетін алимент мөлшерін азайту үшін табыстарын төмен көрсетеді. Ал 221 мың қазақстандық балаларының алдындағы міндеттерін мүлде орындамайды. Бұл - қоғамды алаңдатарлық мәселе.

Алимент төлемеу мәселесіне жауап ретінде Жаңа адамдардың «Нағыз азамат» азаматтық науқаны белсенділері Балаларды қорғау күніне арналған көрме ұйымдастырды. Ол жерде мәселенің ауқымын көрсететін нақты статистика ұсынылды.
«Қазақстанда жүздеген мың әке «нағыз еркек» болу дегеннің не екенін мүлдем ұмытты. Олар өздеріне ер адам иллюзиясын жасап, айналасын алдайды және маскулинды бейнесін мақтан тұтады. Солай бола тұра, өз балаларына әдейі алимент төлемейді. Бұл тек жалғызбасты аналар мен олардың балаларының мәселесі емес. Бұл әр қазақстандықтың мәселесі. Өйткені, балалар - ел болашағы. Олардың құқықтары мен мүдделерін бірге қорғайық», - деді Жаңа адамдар қозғалысының мүшесі Ілияс Исаев.
