Алименттік берешекті азайтып көрсеткен: Павлодарда жеке сот орындаушылары жазаланды
АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті жеке сот орындаушылары (ЖСО) тексеру барысында алимент бойынша берешек сомасын жасанды түрде төмендеткенін (500 млн. теңгеден астам сомаға) анықтады.

Қазіргі уақытта алимент бойынша берешек 4 млрд. теңгеден астам соманы құрады.
Сонымен бірге, жүргізілген тексеру барысында жеке сот орындаушылары елден шығуға, нотариаттық іс-әрекетке тыйым салмағаны, алимент бойынша жалпы сомасы 352 млн. теңгеден астам берешек болған кезде мүлікке тыйым салмағаны анықталды, бұл кәмелетке толмағандардың құқықтарына кері әсер етті.
Жоғарыда көрсетілген бұзушылықтар бойынша 5 ЖСО әкімшілік, 22 ЖСО тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 1 ЖСО лицензиясынан айырылды, сондай-ақ, ЖСО қызметін үйлестіруге жауапты облыстың Әділет департаменті бөлімінің басшысы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.