Алименттің белгіленген мөлшерін бекіту бәріне бірдей қолайлы болмайды - сарапшы

ТАРАЗ. KAZINFORM –  Жамбыл облысында мамандар алимент төлеу жүйесіне өзгерістер енгізу қажеттігімен келіседі. Алайда олардың пікірінше,  ерекшеліктерді де ескерген жөн.

Алименттің белгіленген мөлшерін бекіту бәріне бірдей қолайлы болмайды - сарапшы
коллаж: Kazinform

Жақында тараздық жалғызілікті аналардың бірі бүгінде 28 жасқа толған ұлы үшін алимент ала бастады.

– 1960 жылы туған ер адам 2009 жылдан бері алимент төлемей, берешегі қордаланған. Он жылдан астам уақыт бойы ол жасырынып, қашып жүрді, еңбекақысынан алимент үшін ұстап қалмасын деп бейресми жұмыс істеді. Ер адам бірнеше рет жауапқа тартылды: айыппұл төледі, құқық бұзушылық қайталанғаны үшін екі тәулікке қамауға алынды. Бірақ бұл шаралар оған әсер етпеді. Жақында борышкер зейнет демалысына шықты. Бұрынғы әйелі алименттен қашқан оны кешірмей, 2,19 миллион теңгені өндіріп алуды талап етті. Қазір ер адамның базалық зейнетақысынан ай сайын шамамен 25 мың теңгені алимент үшін ұстап қалады. Яғни алимент төлеуден ешкім құтыла алмайды, ерте ме, кеш пе, бәрібір қажетті соманы өндіріп алудың заңды жолы табылады. Тек уақыт өтіп кетті, 2009 жылы бұл 2 млн теңгенің құны болды әрі кішкентай баланың қажетіне де жарар еді, - деді Жамбыл облыстық өңірлік палатаның жеке сот орындаушысы Қамбар Жанбосынов.

Бүгінде Қазақстанда балалардың әл-ауқатын жақсарту және алимент төлеушілердің жауапкершілігін арттыру мақсатында жүйеге өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр. Соның бірі - алименттің минималды мөлшерін белгілеу. Балаларға төленетін алимент жеткілікті болуы үшін, ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланыстырып төлемнің ең төменгі шегін белгілеу жоспарланған. 

алимент
Фото: Қамбар Жанбосыновтың жеке мұрағатынан

Қазіргі уақытта Тараз өңірінде 15 мыңға жуық алимент төлеуші тіркелген, жеке сот орындаушыларының қолында 6 мыңнан астам іс бар. Ал 7,5 мыңнан астам азамат баласы алдындағы берешекті өз еркімен төлеп келеді.

– Қазір менің қолымда алиментке қатысты 30-60 проблемалық іс бар. Борышкерлердің жартысынан көбі қалада жоқ. Олардың кейбірін тіркелген жері бойынша іздеп барғанымызда ата-аналары қорғаштайды. Көптеген борышкердің атында бір де бір мүлік немесе табысы жоқ. Жұмысқа бейресми орналасқан жағдайда кірісті жасыру үшін туыстарының картасының мәліметтерін береді. Сондықтан осы бағытта, борышкерлерге жасырынуды қиындату үшін өзгерістер қажет. Егер ер адам еңбекке жарамсыз болса немесе басқа да қиын жағдайға тап болса, аналар олардың ата-анасынан алимент алуға тырысады. Оларды түсінуге болады. Бұл - баланы асырауға қажет ақша алудың жалғыз жолы. Бірақ адамгершілік тұрғысынан қарттардан ақша талап ету, алу дұрыс емес. Өйткені зейнеткерлердің өзіне көбінесе ақша жетпей жатады, - дейді маман.

Қазір ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге, яғни бір балаға кем дегенде 20 мың теңге төлеуге тура келмек. Бұл төлем ескі істермен салыстырғанда қомақты сома болып есептеледі. Өйткені бір балаға 8-9 мың теңге төлейтіндер бар.

– Тараздың тағы бір тұрғыны 5 жыл бойы алимент төлеуден жалтарған. Осы уақыт ішінде оның қарызы 1,4 млн теңгеге жетті. Берешектен құтылу үшін ер адам баласына Қаратау қаласынан екі бөлмелі пәтер сыйлады. Осыдан кейін ол еңбек ұтқырлығы орталығы арқылы жұмысқа орналасып, қазір ай сайын шамамен 20 мың теңге алимент төлейді. Бұрынғы жұбайының оған қазір ешқандай шағымы жоқ, - дейді Қамбар Жанбосынов.

Әрине, баласы алдындағы жауапкершілікті түсінетін әкелер де бар. Мысалы, Тараздың бір тұрғыны бизнеспен айналысып, айына орта есеппен 320 мың теңге табыс табады. Ол баласын асырауға ай сайын 200 мың теңге береді. Ер адам өз еркімен балабақша ақысы мен басқа да шығындарды өтеуге ниет білдірді. Кейін баласын жеке мектепке беріп, тамағына, киім-кешекке қажет қаражатты беріп келеді. 

Көпбалалы ана және Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырзағали табысын жасырған ер адамдар алимент төлеуден жалтарып кетпеуі үшін белгіленген сомада тұрақты ақы алу қажет деген пікірде. 

алимент
Фото: Эльмира Мырзағалидің жеке мұрағатынан

- Заңгерден кеңес алу үшін біздің орталыққа биыл 159 әйел жүгінді, оның жартысынан көбі – алимент төлемеу мәселесі бойынша. Мысалы, жеті баланың анасы 10 жыл бойы бұрынғы күйеуінен ақша ала алмай келеді. Ол әйелдің алғашқы төрт баласының әкесі, бірақ айрылысқаннан бері бір тиын да төлемеген. Қазір берешегі 8 млн теңгеден асып кетті. Бүгінде ол бейресми жұмыс істейді. Сондықтан сот орындаушылары одан тиісті қаражатты өндіріп ала алмай отыр, - дейді Эльмира Мырзағали.

Алимент төлемеушілердің басым бөлігі – табыстарын жасырып жүрген ер адамдар. Алайда арасында тіпті өздерін де асырай алмайтындары бар.

- Оларға алимент бойынша белгіленген соманы төлеуді міндеттеу нәтиже бермейді. Сондықтан мұндай жағдайда жалғызілікті аналарға мемлекеттің көмегі қажет, - дейді орталық директоры.

Бұған дейін Үкімет Мемлекеттік алимент қорын құру ұсынысын қолдамайтындығын жазған едік. 

Ал СҚО-да алименттен 2,7 млн теңге берешегі бар ер адам сотталды.

Соңғы жаңалықтар