Алкоголь тұтынудан қай ел көш бастап тұр
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында әлемнің 20-дан астам ірі нарығында алкоголь өнімдерін тұтынудың жалпы көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 пайыз төмендеді. Бұл туралы Kazinform агенттігі The Drinks Business басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
IWSR зерттеу компаниясының мәліметінше, алкоголь өнімдерін тұтыну АҚШ пен Қытайда едәуір азайған. Ал Үндістан, Бразилия және Колумбия сияқты елдерде артқан.
Сарапшылардың пікірінше, алкоголь тұтыну көлемінің төмендеуіне ішімдікті шектеу үрдісінің кең таралуы мен семіздікті емдеуге арналған GLP-1 тобы препараттарын қолданудың артуы әсер еткен.
Алайда сарапшылар аталған факторлар екі ірі нарықта тұтыну көлемінің айтарлықтай төмендеуін толық түсіндіре алмайтынын алға тартады.
Мәселен, Қытайда бұл жағдайға экономикалық өсімнің баяулауы, жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыс пен халықтың қартаюы әсер еткен.
Ал АҚШ-та импорттық баж салығы, инфляция мен экономикалық тұрақсыздық тұтынушыларға салмақ салып отыр.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында АҚШ-та алкоголь өнімдерін тұтыну көлемі 4 пайыз, ал Қытайда 3 пайыз төмендеді.
Ал Үндістанда керісінше, алкоголь тұтыну көлемі 10 пайызғы өсті. Өсім барлық санат бойынша байқалды. Бұл – IWSR зерттеу компаниясы қадағалайтын 21 ірі нарық арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында алкоголь өнімдерін тұтыну 1 пайыз азайды. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі төмендеу қарқынынан екі есе баяу.
Бұған дейін Қазақстанда алкогольсіз сусындар өндірісі 17% артқаны хабарланған болатын.