Аллергиядан арылуға бола ма – аллерголог пікірі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін – Дүниежүзілік аллергиямен күрес күні. Аллергия емделе ме? Қалай аллергияның алдын алуға болады? Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына онлайн сұхбат берген аллерголог-иммунолог дәл осы сұрақтарға жауап берді.

Әйгерім Бақытжан
Фото: Кейіпкердің Instagram парақшасынан алынды

- Әдетте жаз мезгілінде полиноз, жусанға аллергия көп кездеседі. Мұның бәрі маусымдық аллергияға жатады. Оның түрлері өте көп. Ол талдан, шөптен, арамшөптен, гүлдерден және өзге нәрселерден болуы мүмкін. Әртүрлі типке әртүрлі қан талдауларын жасаймыз. Қазақстандықтарда көбіне жусанға реакция береді. Көбісі аллергияның емі бар ма, жоқ па деп қорқып жатады. Нақты маусымдық аллергияны емдеуге болады. Арнайы аллерген-спецификалық иммундық терапия арқылы 3–4 жылда аллергиядан арыла аласыздар, – дейді Әйгерім Бақытжан.

Халық арасында сән салонына, тіс емханасына барып, анафилаксиялық шок алды дегенді жиі естіп жатамыз. Мұндай жағдай адам өміріне аса қауіпті. Маман қандай да бір затқа аллергия болу мүмкін екенін алдын ала білу қиын екенін айтады. Ең тиімді шешім – емханада анафилаксиялық шок алған адамға көмек көрсету алгоритмін жетік білу.

Аллергия өзге дефициттер секілді алдын ала тексеріліп, дәрігерге қаралатын ауру емес. Бұл жерде ең бірінші пациент туралы толық ақпарат жинау қажет. Ол кісіде бұрын реакция болды ма? Әке-шешесінде немесе туған бауырларында аллергия болған ба? Көбісі өзінде реакция бар-жоғын білу үшін алдын ала қан талдауын жасатып жатады. Тіпті анализ теріс көрсетсе де, реакция болуы мүмкін. Керісінше, оң көрсетіп, реакция болмауы да мүмкін. Ең қынжылтатыны – жеке емханаларда анафилаксиялық шокқа арналған ешқандай бокстар жоқ. Егер клиникадағы маман анафилаксиялық шок кезінде не жасау керектігінің алгоритмін біліп тұрса, өлімге әкелу не ауыр асқынулардың болуы сирек болатын еді.

Айта кетейік, биылдан бастап мектеп асханаларында аллергиясы бар балалардың диеталық ерекшеліктері ескеріледі.

 

Соңғы жаңалықтар