Алма-Арасандағы радон бұлақтарын кешенді жаңғырту жұмыстары қашан аяқталады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алма-Арасан тұрағынан радон көзіне дейінгі бағытты кешенді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Жоба аясында радон бұлағының инфрақұрылымын жаңарту, беткейлерді нығайту, көпірлерді қайта жөндеу, сонымен қатар жол бойын көріктендіру – жаңа төсеніштер, баспалдақтар мен демалыс орындарын орнату жұмыстары қамтылған.
– Бұлақ маңында тау жыныстарының құлауынан қорғану жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған өнеркәсіптік альпинистер тартылды. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақсыз тау жыныстарынан беткейлерді тазарту көзделіп отыр. Соның ішінде тастарды сынық темірлер мен гидроқұралдарды пайдаланып, қолмен түсіру жұмыстары жүргізіледі, – деп хабарлады Алматы қалалық Туризм басқармасынан.
Жаңғырту жұмыстары шілде айының соңына дейін аяқталады. Дегенмен кейбір жұмыстардың мерзімі ауа райының жағдайына байланысты өзгеруі мүмкін.
– Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін бұл маршрут анағұрлым қауіпсіз, жайлы әрі экологиялық таза болады. Қала тұрғындары мен қонақтарынан сапарларын жоспарлау кезінде уақытша шектеуді ескерулерін сұраймыз. Жұмыстың барысы мен уақытша жабылулар туралы ақпарат қосымша жарияланады, – деді хабарлады қаланың Туризм басқармасы.
Еске салайық, жаңғырту жұмыстары осы жылдың 12 мамырында басталған болатын.
Осыған дейін Алма-Арасан шатқалына апаратын жол жөнделетіні туралы жазғанбыз.
Сондай-ақ толассыз жауған жауын салдарынан жардан тас құлаған болатын.