«Алма өсірген Әлтай» - өңірлік баспасөзге шолу...

Өңірдің басты басылымы «Сыр бойы» газетінде қамтылған мақалалар мен көтерілген өзекті мәселелер саналуан боп келеді. «Алма өсірген Әлтай» атты мақалада тілші қарапайым ауыл адамының жоғалып бара жатқан ама сұрыптарын өсіріп, нәпақа тауып отырғандығы жөнінде айтады. Сонымен қатар ол еңбек адамының керемет көңіл-күйін, әлем әміршісі еңбек екенін еске салады. Мақаланың оқырманға берері көп.
Облыстық «Сыр бойы» газетінде жарияланған «Қоғамнан қамқорлықты сезінгендер» атты мақалада «Қамқорлық» дағдарыс орталығының тыныс-тіршілігі бүгінгі қоғам өмірімен астаса отырып баяндалған. Орталықтың өмірден қағажу көрген жандарға жасап отырған қамқорлығы әсерлі жеткізілген.
...Бүгінде жастар арасындағы ажырасу, зорлық-зомбылық оқиғасы жайында жиі еститін болдық. Сонымен бірге, ене мен келін қарым-қатынасы да күрмеулі мәселе екені белгілі. Осы орайда отбасынан қиянат көріп, барар жері қалмағандарға көмек қолын созар «Қамқорлық» дағдарыс орталығын бірі білсе, енді бірінің мүлде хабары жоқ. Жалпы, бұл орталық тұрмыста зорлық-зомбылықтың немесе зорлық-зомбылық қатерінің салдарынан қиын жағдайға тап болғандарға түрлі көмектер көрсетеді. Мәселен, мамандардың кеңес беруі, уақытша баспанамен қамтамасыз ету, әлеуметтік бейімделуіне көмектесу, әлеуметтік-психологиялық және құқықтық кеңестер беріп, адамдармен өте тығыз байланыс жасайды. Олардың ішкі әлемін зерттей отырып, қайта өмірге оң көзқараспен қарап, алға жылжуына жағдай жасайды. Мұндағы орталық қызметкерлерінің әрбірі келушілердің әрқайсысымен жеке жұмыс жасай отырып, олар біршама уақыттан соң өз-өзіне келіп бейімделгеннен кейін отбасын тауып қайта қауыштыруға кіріседі. Келіспей қалған екі тараптың өмірде ең алдымен отбасынан маңызды нәрсе жоқ екенін ұғындыра отырып, жақын жандарын құрметтеуге шақырады. «Қамқорлық» дағдарыс орталығы қызметкерлерінің айтуынша, мұнда жүргізілген жұмыстардан кейін қаншама жанұялар дау-жанжалды ұмытып, бірін-бірі кешіріп жатады екен.
Орталық жұмысымен танысу барысында келгеніне біраз уақыт болған келіншекті әңгімеге тартқан едік, есімін жасыруды жөн санады. Қазір жасы 22-де. Жаңақорған ауданының тумасы екен. Арман қуып, Алматыға оқуға түседі. Жастықтың жалынымен шалыс басып, жүкті болып қалған. Бірақ ол жан бұл хабарды естіп қайырылмаған. Міне, барлық ауыртпашылықты қыз көреді. Ауылға баруға, ата-анасына айтуға бата алмайды. Оқуын сырттай бөлімге ауыстырып, өзі «Аналар үйіне» орналасады. Сонда босанып, шекесі торсықтай ұлды өмірге әкелген. Баласы бір жастан асқан соң, аналар үйінен шығарған. Алматыда тіршілік ету жалғыз басты анаға оңай соқпай, Қызылорда қаласына келеді. Таныстары арқылы «Қамқорлық» дағдарыс орталығы жайлы естіп осында келіпті. Жас ананың айтуынша, ол өзін қоғамнан оқшаулау ұстаған. Кезіндегі қателігі үшін көңіліне кірбің келетінін де жасырмады. Бірақ орталыққа келгелі оның ойы өзгерген. Білімін алып, тұрақты жұмысқа орналасуды көздейді. Осы ретте орталық мамандарымен бірге жұмыс жасап жатыр екен.
- Біздің орталық 2011 жылы ашылды. Жұмысын бастағаннан осы кезге дейін 200-ден астам жандарға көмек қолын созып, өмірге қайта бейімделуіне ықпал етті. Ал, өмірдің талай сынына ұшыраған жандармен 7 маман жұмыс жасайды. Қаншама тағдырларды көріп жатырмыз. Мәселен, бізде тұрып жатқан Салтанат есімді келіншектің 5 баласы бар. Ол отбасында талай қиыншылықты басынан өткерген. Үшінші баласы науқас. Енді біз сол баланы медициналық тексеруден өткізіп, Алматы қаласындағы «Ақсай» емдеу орталығына жіберуді қарастырып жатырмыз. Бізге №1 емхана дәрігерлері арқылы келісім орталыққа келіп, мұндағы жандардың денсаулығын бақылап отырады, - деді орталық директоры Жандос Тұсмағамбетов.
Сонымен қатар орталық директоры соңғы кездері тек әйелдер ғана емес, көмек сұрап келетін ер азаматтар қатары да көбейіп келеді дегенді алға тартты. Осы ретте жақында «Қамқорлық» дағдарыс орталығына Бақытжан есімді алпысты алқымдаған азамат келіпті. Бір ай бойы дария жағасында күнелтіп жүрген жанды жастар байқап осы орталыққа жеткізіпті. Қазіргі кезде егде кісімен психолог маман Назира Аймаханова тікелей жұмыс жасауда. Отбасымен қатты сөзге келген әке үйінен шығып кеткен. Сондағы көкейдегі үміті «балалары мен жары іздеп келсе, қателіктерін түсінсе» деп ойлайды. Немерелерін де сағынып жүр. Психолог маман Назираның айтуынша бұл кісінің орталыққа келгеніне көп бола қоймаған. Екі аптадай уақыт өткен соң, бізге ол кісінің отбасымен хабарласатынын жеткізді.
Расында, кейде ата-ананың қадірін де біле бермейміз. Сондықтан болар, қайырымсыз балалардың ата-анасын қарттар үйіне тапсыруы. Өмірде жетім атанып, бір сәт ата-ананың мейірімін аңсайды кейбіреулер. Енді бірі бағып-қаққан, білім нәрімен сусындатып, аяғынан тұрғызған туған ата-анасынан перзенттері безінеді. Осындай жайттарды көзбен көргенде күйзеліске түсетініміз жасырын емес. Әсіресе, жастар ата-ананы құрметтеуге, асқар тау - әкені қадірлеуге, үлгі алуға үйренсе екен деген ой келеді.
Сонымен бірге орталықта сенім телефоны жұмыс жасайды. Күн сайын қоңырау шалып, тіпті кейбіреулері өздерін жасырын ұстап, психолог кеңесіне жүгінетіндер көп, - дейді психолог маман Назира Аймаханова.
Жалпы, орталықта барлық жағдай жасалғаны көрініп тұр. Кең әрі таза бөлмелер. Асхана, жуыну орындары да қарастырылған. Тамақтары да уақытылы беріледі. Мұндағы әрбір жан орталықты өз үйіндей сезінеді.
Тағы бір айта кетерлігі, орталықта тұратын әйелдердің білім алып, жұмысқа орналасып өз аяғынан тұруға барынша жағдай жасалады.
Биылғы жылдың мамыр-тамыз айларында 22 адам орталықта бейімделген. Олардың 6-ы әйел, бір ер кісі және 15 бала. Сондай-ақ, есепті кезең ішінде орталық мамандары 40-тан астам азаматқа психологиялық-құқықтық кеңестер берген.
Үйіне қайтарылған жандармен де байланыс үнемі орнатылып отырады. Мамандар оларға қоңырау шалу арқылы жағдайын бақылайды. Мұндай орталық тек біздің өңірде ғана емес, барлық аймақтар да жұмыс жасайды. Бірақ біздің облыстағы аталған орталық жүйелі жұмыс жасап, өзгелер үлгі болуда.
Тұрмыста зорлық-зомбылық көріп, өз құқықтарыңызды білмеген жағдайда орталық қызметіне кез келген жанның жүгінуіне болады. Бұл орталықтың тағы бір бағыты - бақытты отбасы қатарын арттыруды көздейді.
Газеттегі «Сыр мұрабы Ысқақ ата» атты мақалада Сыр өңірінде сонау 19-ғасырда дүниеге келіп мұрап атанған Ысқақ ата жайлы айтылады. Арнайы білім жоқ адамның суармалы егіншілікке елді үйретуі, су баратын жерлерді өзінің ерекше қабілетімен анықтай алуы, Сыр бойындағы бүгінгі ел пайдаланып отырған каналдарды қаздырған азаматтың ерен еңбегі суреттелген.
...Су - тіршілік көзі. Өйткені онсыз өмір жоқ. Күн сайын тұрмысты сусыз елестету мүмкін емес. Күнделікті ауылшаруашылық жұмыстарында көп мөлшерлі су қажет. Бау-бақша дақылдары да сусыз өспейді. Айналып келгенде, өзегіңді жалғайтын, таңдайыңды жібітіп, шөліңді басып, тұла бойыңа қан жүгіртетін судың сол үшін де алатын орны маңызды.
«Өмірдің денесі - жер, қаны - су, жаны - еңбек деген халық даналығы тектен-тек айтылмаса керек. Ал, «Су жүрген жер молшылық, абат емей немене?!» демекші, су ырыстың көзі, берекенің өзі болғандықтан, қай уақытта да жерге еңкейіп, жемісін тергісі келетін шаруа адамдары алдымен судың тілін жетік білетін мұраптарға қарайтыны анық. Әсіресе, тыныс-тіршілігі тікелей суармалы егіншілікке байланысты Сыр елі өзінің тағдырын «су патшасы» - мұраптарға сеніп тапсырған. Су шаруашылығының жай-күйін терең түйсінген мұндай мұраптар Сыр бойында көп болған. Қазақстанға еңбек сіңірген гидротехник Мәделхан Нәлібаевтың айтуынша, алмағайып заманның кесірінен олар жайлы деректердің көбісі бүгінгі күнге жетпеді. Өкінішті-ақ! Тек қолда бар дәйектерге қанағат тұтамыз.
Айталық, 19 ғасырдың 60 жылдары ескі Шиелі өзегін қаздырып, сол аймақты жасыл желекке айналдырған, Ақарық су арнасын қаздырып, Айдарлы елді мекенін құтты қоныс қылған Нұртаза Қосымбет ахунұлының халыққа жасаған риясыз қызметін ұрпақ ұмытпайды. Ал ерен еңбегін елеген Ресей патшасы Николай ІІ оған «Мираб» медалін беріп, иығына шапан жапқан. Міне, Сыр мұрабы Нұртазаның ізін лайықты жалғаған, елдің несібесін молайтуға бар күш-жігерін жұмсаған ата кәсіп иелері өңірімізде жетерлік. Солардың ішінде Ысқақ Жолдыбайұлының орны бөлек. Ол қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының біртуар қайраткері Мұстафа Шоқай мен Сыр елінің сүйікті ақыны Нартай Бекежановпен бір жылда өмірге келген екен.
Екі қолын ысқылап, кетпен мен күрекке қараған Жолдыбайдың Ысқағы қиын-қыстау кезеңде - кеңес дәуірінде су мұрабы бола жүріп, Жаңақорған жұртының қамқоршысына айналды. Солақай саясаттың салқынынан ұжымдастыру науқаны жүріп, мал-мүлікті кәмпескелеп жатқанда, болашақты бағдарлай білген Ысқақ Жолдыбайұлы елге енді егін шаруашылығымен айналысу қажеттігін баса айтты. Әйтпесе, қалың бұқара нәпақа таппай, дүрлігеді. Осылайша, су мұрабы жерлестерін жерді игеруге шақырып қана қоймай, өзінің іскерлігін танытқан. Яғни, егін егетін жерлерді және оның суландыру жолдарын айқындап берген.
Арық қазбасаң, су келмейтіні белгілі. 1927-1933 жылдары Өзгент көлінен бастау алатын «Кеңесарық», «Қараша арық», «Жаңа арықтар» арықтарын қаздырады. «Арық бар жерде су бар, су бар жерде ну бар» демекші, бау-бақша еге алмай, бір қасық суға зарығып отырғандар сол жылдары көл-көсір суға қарық болды. Жеріне ағыл-тегіл су өзінен-өзі келмегенін білген жұрт Ысқақты аузынан тастамайтын болған деседі көнекөздер. Бұл кезде Ысқақтың өзі жастау болатын. Шаршап-шалдығуды білмейтін ол «бала мұрап» атанып кетті. Осылайша, Ысқақ жастайынан көптің тілегін орындау үшін тер төгіп, еңбекпен ерте есейген.
Мінекей, Ысқақ Жолдыбайұлы - қазақ халқының басына келген зобалаң жылдарда жергілікті тұрғындарды ұйымдастырып, аштықтан ауыл-аймақты аман алып қалудың қамын жасаған іскер азамат. Оның қажырлы қарекетін ерлікке балауға болады.
Бұдан бөлек, аудандағы Тайпақкөл каналын қазуды ұйымдастырып, өзі басы-қасында жүрген. «Көп тепкен жерден көл шығады» дегендей, көпшілікті жұмылдырған Ысқақ «Борықты», «Жашы», «Бозкөл», «Алакөл», «Қайқы», «Нарсоққан» және «Қандыарал» көлдер жүйесін біріктіріп, су қоймасын жасайды. Мұны ірі суландыру жүйеге айналдырып, Төменарық аймағын егістік сумен қамтамасыз етуге үлес қосады. Ал халық болса, алтыннан да бағалы арпа-бидайын егіп, бау-бақшаның жемісін жеп, рахатын көрді. Ысқақ Жолдыбайұлы ауданда суармалы егіншілік мәдениетін дамытумен қатар, қазған арықтары арқылы өсімдік әлеміне жан бітіріп, жайылымды суландыруға септігін тигізгені анық. «Су бар жерде ырыс бар: ауласаң балық жейсің, ақ бидай егіп, нанын жейсің» деген осы.
Ал Ұлы Отан соғысы жылдары Сунақ ата каналының құрылысына белсене араласты. Жаңақорған аудандық су шаруашылығы мекемесінде ұзақ жылдар жемісті қызмет атқарып, ауданның су шаруашылығының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан. Қаншама шәкірттер тәрбиелеп, «ауданның ата мұрабы» атанып, халықтың құрметіне бөленген.
Жалпы, су мұрабы болу оңай шаруа емес. Суландыру жүйесін сызу, егістік суды есептеу, өлшеу, бөліп беру қашанда машақаты мол жұмыс. Бұған қоса, егістік жердің мелиоративтік жағдайын нашарлатпау да, суды өзеннен жетектеп атызға жеткізу де өте күрделі іс. Осының бәрін елмен етене еңбек еткенінің арқасында Ысқақ Жолдыбайұлы өзінің ақыл-парасатымен, тәжірибесімен үйлестіріп, атқара білді. Тіпті, кеңестік кезеңде оның қаздырған кейбір каналдары қанша уақыт өтсе де, халқына қалтқысыз еңбек етті.
«Әке көрген оқ жонар» деген, Ысқақтың ұлы Ойшы - Сыр өңірінің су шаруашылығы саласында аянбай қызмет еткен маман. Саналы ғұмырын Жалағаш ауданының шаруашылықтарын егістік сумен қамтамасыз етуге арнаған ол ҚР еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы атанған. Қазақстанға еңбек сіңірген гидротехник Мәделхан Нәлібаев өзінің естелігінде замандасы жайлы: «Ойшы Ысқақұлы - жылы жүзді, кең пейілді, жомарт жүректі, сырбаз, еңбекқор жан. Тағдырдың салған ісіне үнжырғасы түспейтін қайсар азамат. Маған сонысымен ұнайтын», - деп еске алды.
Қорыта айтсақ, халыққа қызметімен жаққан, еңбегімен елін асыраған адамның есімі әрдайым құрметпен айтылуы тиіс. Сондықтан, су мұрабы Ысқақ Жолдыбайұлының өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі болары анық.
Басылымдағы бірқатар мақалалар аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың жұмыс сапарына байланысты жазылған. Онда әкімнің шараларға қатысуы, атқарылып жатқан істермен танысуы баяндалады.
«Үлгі тұтатын үздік тауарлар»
...Қызылорда қаласындағы «Смолл» сауда орталығының алдында облыстық кәсіпкерлік палатасы мен облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның үздік тауарлары-2016» өңірлік көрме байқауы болып өтті. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, алдымен көрмеге қатысушылардың өнімдерімен танысып шықты.
Салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы өңірде кәсіпкерлік саласының қарқынды дамығанын және «Микробизнес Қызылорда» жобасының облыста шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға зор үлесін қосып келе жатқанына тоқталды. Сонымен бірге кәсібін ашып, қаншама жанды жұмыс көзімен қамтып отырған кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді. Бұрын өңіріміз бұл сала бойынша төмен көрсеткішке ие болса, қазіргі кезде кәсіпкерлігі өркен жайып келе жатқан облыстар қатарында. Мұндай байқаулардың кәсіпкерлер үшінмаңызы ерекше. Келесі жылы өткізілетін «ЭКСПО - 2017» көрмесінде Сыр елі кәсіпкерлерінің арнайы орны және сырттан қаншама туристерге біздің жергілікті өнімдермен танысуға мүмкіндік берілетін болады. Облыс әкімі байқауға қатысушыларға белсенділіктері үшін алғысын білдіріп, үздіктерді марапаттады.
Көрме-байқауға қатысқан тауар өндірушілер арасындағы жеңімпаздар үш номинация бойынша анықталды. Алдымен «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша Шиелі ауданынан келген «Қазақстандық мұнай химиялық компания Кемикал» ЖШС үздік деп танылды. Ал екінші дәрежелі дипломмен Қызылорда қаласынан қатысқан «NP-Consulting» ЖШС марапатталса, үшінші орынды Жаңақорған ауданындағы жақында ашылған аяқ киім тігетін «МСК» ЖК иемденді. Сонымен бірге «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясының нәтижесі бойынша Қызылорда қаласынан қатысқан «Құрбанбаев» ЖКалдынғы орынға шықса, екінші дәрежелі дипломмен «Тұрғынбаев Табиғат» ЖК марапатталды. Үшінші орынды Арал ауданынан келген «Жұмашева Индира» ЖК жеңіп алды. Соңғы «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша белгілі «Сыр маржаны» ЖШС үздік атанды. Екінші және үшінші дәрежелі дипломмен«Браунис-Қазақстан» мен «Ермаханов Сабыр» ЖК жүлдегерлер тұғырынан көрінді.
Өңірлік көрме-байқауына барлығы 18 тауар өндірушіқатысқан. Осы орайда байқауға қатысушылардың бірі кәсіпкер Бақыт Айтмағанбетов, бал арасын баптағанына екі жылдың жүзі болыпты. Ол «Ауыл шаруашылығын қаржыландыру қорынан» 2,5 млн теңге несие алып, кәсібін өрге домалатқан. Көшуге тиімді ара вагонын Ресей елінен арнайы алдырыпты. Қазіргі кезде ауа райының қолайлығына, гүлдің мол қорына байланысты облыс аумағын аралап, бал өнімін молынан жинауда. Тіпті арнайы естіп келіп, сатып алатындар қатары да көбейген. Осы ретте кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін одан әрі жандандыру үшін тынбай еңбек ететінін жеткізді.
Облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов көрме-байқауы жаңа тұтынушыларды анықтай отырып, іскерлік байланыстар орнатуға арналған бірегей жоба екенін атап өтті.
Байқау жеңімпаздарына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен әзірленген арнайы дипломдар, статуэтка және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сонымен бірге, барлық қатысушылар облыстық кәсіпкерлік палатасыныңарнайы Алғыс хатымен марапатталды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
«Әлеуметтік нысандар - халық игілігі»
...Жексенбі күні (21 тамыз) облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Арал және Қазалы аудандарында жұмыс сапарымен болды.
Облыс әкімі алдымен Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентіне келіп, жақында ғана ашылған жаңа балабақшаның жұмысымен танысты. «Балапан» бағдарламасы бойынша бой көтерген «Алма Рай» тәлім ордасы заман талабына сай салынған. Бөбекжай ашу туралы бастаманы жеке кәсіпкер Алмагүл Еңсепова көтеріп, 2014 жылы құрылыс жұмыстары басталыпты. Нысанның негізгі жұмыстары биыл аяқталып, маусым айында қолданысқа берілді. Соның арқасында 40 адам жұмыспен қамтылған.
160 орынға лайықтап салынған балабақша талапқа сай жабдықталған. Мұнда ыңғайлы төсек-орыннан бастап, ойыншықтың түр-түрі бар. Сондай-ақ, балабақшада сәбидің жан-жақты жетілуіне толықтай жағдай жасалған. Алдағы уақытта сәбидің сауатына сәуле түсіріп, танымын кеңейтетін арнайы сыныптар ашылмақ. Яғни, бөбектерге үш тілде тәлім беру көзделуде.
Бұдан соң аймақ басшысы кент тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдады. Тұрғындардың айтуынша, жыл сайын шамамен 250 бала дүниеге келетін кентке жаңа перзентхана керек. Бірақ аймақ басшысы бұл өтініш әзір орындалмайтынын айтты. Өйткені, тиісті талап бойынша, туу саны 500 баладан асатын елді мекендерде ғана перзентхана салынады. Сондықтан, сексеуілдіктер аудан орталығындағы және жақында пайдалануға берілген Байқоңыр қаласындағы ауруханаға баруына тура келеді.
Кездесуде газ мәселесі де көтерілді. Облыс әкімі Сексеуілге 2017 жылы көгілдір отын берілетінін жеткізді. Сондай-ақ, елді мекендегі ауыз су және электр подстанциясының құрылысын салу мәселелері де оңтайлы шешілмек. Жобасы да, қаржысы да дайын.
Аймақ басшысының сапары одан әрі Қазалы ауданында жалғасты. Әуелі Жалаңтөс батыр ауылына барып, 90 орындық «Сәуле» бөбекжай балабақшасының ашылуына қатысты.
- Біздің облыс «Балапан» бағдарламасын мерзімінен бұрын аяқтап, өткен жылы қызылордалық балғындарды балабақшамен 100 пайыз қамтыдық. Енді міне, батыр баба атындағы ауылда да жаңа балабақша ел игілігіне беріліп отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын! - деген аймақ басшысы Жалаңтөс батырдың 440 жылдығы аясында осы ауылда абаттандыру жұмыстары жүргізілетінін және жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталатынын жеткізді.
Ауыл ақсақалы Дәуіт Сайын немерелерінің жаңа балабақшаға баратынын айтып, игі іске ұйытқы болған ел азаматтарына ризашылық білдірді.
- Жалаңтөс батыр ауылы көркейіп келеді. Жаңа ғимараттар бірінен соң бірі салынып жатыр. Айталық, елді мекенде жаңа емхана халыққа қызмет көрсетеді. Балаларымыз жаңа мектепте сапалы білім алуда. Ауылдық клуб бой көтереді деген қуанышты хабарды қазір естіп отырмыз. Балабақша мәселесінің де шешімі табылды. Ауыл ішінен заманауи үлгідегі зәулім ғимарат салынып, балапандарымыздың жан-жақты тәрбие алуына мүмкіндік туып отыр, - деді қария.
Пайдалануға берілген нысанның құрылысына 264 млн 212 мың теңге жұмсалған. Екі қабатты ғимаратта спорт залы, үйірме бөлмесі, асхана және басқа да бөлмелер бар. Сондай-ақ, мұнда жиырмадан астам ауыл тұрғыны жұмыс істейді.
Жаңа балабақшаның меңгерушісі Зағипа Құрманайдың айтуынша, бөбекжай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тіпті, компьютер тілін үйренетін бөлме де қарастырылған. Ал тәлімгерлер өздерінің жұмысында бүлдіршіндерді ұлттық тәрбиемен сусындатуға басымдық бермек.
Облыс әкімі Жалаңтөс батыр ауылынан кейін Әйтеке би кентіне келіп, Қ.Пірімов көшесіне аялдады. Мұнда аудан әкімі Нажмадин Шамұратов аймақ басшысын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазалы ауданында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырды. Жоба бойынша Қ.Пірімов көшесі кеңейтіліп, Әйтеке би көшесінен №234 мектепке дейінгі аралыққа демалыс алаңы орналасады. Бұл алаңға толық кеспе тастар төселеді, балалар ойын алаңы, су бұрқағы салынады, түнгі жарықшамдар, орындықтар болады. Алаңда Бегім ана мен Асандар көтерілісінің құрбандарына арналған ескерткіш орнатылады. Бұған қоса, биіктігі 25 метр болатын Тәуелсіздік монументі қойылмақ. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген даңқты қолбасшы Жалаңтөс баһадүрдің 440 жылдығына орай, Қ.Пірімов көшесі мен Әйтеке би көшесінің қиылысында батыр бабаның мемориалдық кешені бой көтереді. Қазір бұл жұмыстардың барлығы басталып кетті, құрылыстар қызу жүруде.
Аудан әкімі Нажмадин Шамұратовтың айтуынша, демалыс алаңы қазыналы Қазалының терең тарихынан сыр шертуі тиіс. Сондықтан, жаңа алаңда халық жай серуендеп қана қоймай, өнеге мен тәлім алады.
Бұдан соң, облыс әкімі Қазалы спорт клубында «Спортшылар күні» мерекесіне орай өткізілген шараға қатысты. Спортшыларды кәсіби мерекесімен құттықтаған аймақ басшысы Халықаралық жарыстардың жүлдегерлеріне қаржылай сертификат пен саланың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға Алғыс хат табыс етті.
Айта кетейік, спорт түрлері бойынша облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысқан қазалылық спортшылар жыл басынан бері 17 алтын, 20 күміс, 26 қола медальға қол жеткізді. Жалпы, өткен жылы ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 19084 адамға жетті. Бұл көрсеткіш аудан халқының 25 пайызы деген сөз.
Солтүстік аудандар сапарына Парламент Мәжілісінің депутаты Генадий Шиповских қатысты.
«Дән даласы дүбірге бөленді»
...Өткен сенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барды. Алдымен «Ақжарма» шаруа қожалығында болған аймақ басшысы егінге орақ салу рәсіміне қатысып, сырдариялық диқандардың қуанышына ортақтасты. Диқаншылар еңбегінің жемісін көретін айтулы шарада Социалистік Еңбек Ерлері Сәлима Жұмабекова мен Аманкелді Ахметов бата беріп, егінге орақ салу рәсімінің лентасын қиды.
Үстіміздегі жылы «Ақжарма» шаруа қожалығы бойынша 2300 гектар жерге күріш, 151 гектар жерге аралас бидай және 189 гектар жерге жоңышқа егілген. Шаруашылық басшысы Марат Бисенов егіннің бітік шыққанына қарап, диқаншылардың еңбегі еселеніп қайтады деп сенім артуда. Биылдың өзінде 151 гектар жерге егілген бидайдың әр гектарынан 20 центнерден өнім алды. Шаруашылықтың өндірістік қуатын арттыру мақсатында 2012-2016 жылдар аралығында 574 млн 25 мың теңге қаражатқа техникалар алынған. Материалдық-техникалық базасы жақсарған шаруашылық бүгінде егін жинау науқанына 100 пайыз дайын. Егіншілікпен қатар, шаруашылықта мал өсіру жұмыстары да қолға алынған. Бүгінде 260 бас асыл тұқымды ірі қара күтімге алынып, тәулігіне 400 литр сүт өндірілуде. Үстіміздегі жылы шаруашылықтың мал бордақылау алаңында 9235 тонна ет өндірілді.
Іргелі шаруашылықтың қуанышына ортақтасқан аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев мұнан соң «Дала күні - 2016» облыстық семинар-кеңесінің пленаралық мәжілісіне қатысты. Аймақтың барлық аудандарынан ауыл шаруашылығы саласының мамандары егістіктің басында өткен семинар-кеңеске жиналып, тәжірибе алмасты. Жиында Қырымбек Елеуұлы барша шаруаларды егін жинау науқанының басталуымен құттықтады.
- Биыл облыс бойынша барлығы 168,5 мың гектар жерге дән егілді. Бүгінгі таңда бидай, жоңышқа жиналып болды. Аталған дақылдардан өткен жылға қарағанда мол өнім алдық. Биыл күріштен де гектарынан 55 центнерден өнім аламыз деп жоспарлаудамыз. Күздік бидайдың әр гектарынан - 15,7 центнерден, жазғы бидайдың әр гектарынан - 14,9 центнерден, ал жоңышқаның әр гектарынан - 14,7 центнерден өнім жиналды. Мұның барлығы ала жаздайғы шаруалар еңбегінің жемісі, - деді облыс әкімі.
Басқосуда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жаханов ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы бойынша облысымызда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар Сырдария, Шиелі, Қазалы аудандарының әкімдері аталған өңірлердің егін жинау науқанына дайындық барысы туралы баяндады.
Айта кетейік, үстіміздегі жылы облыс бойынша 168,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Аймақта күріш егу көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,4 мың гектарға кемігенімен, басқа да дақылдарды егу көлемі артып отыр. Ағымдағы жылы 79,6 мың гектар жерге егілген күріштің 60,5 мың гектары жақсы, ал 16,7 мың гектары орташа деп бағаланды. Қазіргі таңда барлық күріш алқаптары өнімді жинауға дайын. Жиында «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС директоры Самұрат Көпешов қайта құрылған «Жалағаш Элеваторын» кеңейту және қалпына келтіру жұмыстарының аяқталуға жақын екенін жеткізді.
Үстіміздегі жылы аталған нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, астық тазалайтын агрегаттар мен машиналар және жаңарту құрал-жабдықтарын сатып алу мақсатында 232 млн 912 мың теңге қаражат игерілді. Сонымен қатар, облысымыздағы 27 шаруашылықпен жалпы құны 1 млрд 300 млн 215 мың теңгені құрайтын 22 076 тонна күріш салысын сату және сатып алу келісімшарттары жасалды. Бүгіннің өзінде астық тапсыруға бірқатар аудандардан ұсыныс келіп отыр.
Семинар соңында облыс әкімі егін жинау науқанымен қатар, келесі жылғы егін егудің дайындық жұмыстарын назардан тыс қалдырмау керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, жиында аймақ басшысы егін жинау жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін, ал 2017 жылдың ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасын 1 қарашаға дейін аяқтауды тапсырды.
Семинар-кеңестен кейін «Ақжарма және К» шаруа қожалығының күріш ақтау зауытында болған облыс әкімі зауыттың жұмысына жоғары баға берді. Дәл осы күні Ақжарма ауылдық округінде күрішші, қоғам қайраткері Болат Нұрсейітовтің атына алаң ашылып, ауылда мерекелік шара ұйымдастырылды. Күрішшілер бригадасын басқарған ол 15 жыл қатарынан мол өнім жинап, аймақтың ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан. Шараға жиналған ардагерлер бұл бастама еңбек адамына көрсетілген зор құрмет деп бағалады. Осы арқылы жас ұрпақты еңбексүйгіштікке баулу керектігін айтты. Мерекелік шарада орталық алаңда қоғам қайраткеріне арналған ескерткіш тақта ашылды. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов Болат Нұрсейітовтің ауыл шаруашылығы саласына сіңірген еңбегін атап өтті.
Ауданда өткен шараларға Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламанов қатысты.
«Сыр медицинасының сындарлы кезеңі» тақырыбындағы мақалада облыс медицинасының бүгінгі тыныс-тіршілігі оның тізгінін ұстаған басқарма басшысымен сұхбатта жан-жақты айтылады.
...Ел тәуелсіздігін алған сәттен күні бүгінге дейін ең көп реформаға ұшырап келе жатқан саланың бірі бұл - денсаулық сақтау саласы екені белгілі. Мұның барлығы әрине, қазақстандықтар саулығын сақтау мақсатында қолға алынып жатқан ауқымды шаралар. Себебі, дені сау адам ғана мемлекеттің баға жетпес байлығы бола алмақ. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсу, Реформалар, Даму» атты Жолдауында: «Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа жуықтады», - деп нақты айтқан болатын. Осы уақыт аралығында Сыр медицинасы да көптеген қиындықтардан өтті. Қаншама белестерді бағындырды. Осы орайда газет тілшісі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназаровамен сұхбаттасқан еді.
- Ақмарал Шәріпбайқызы, егемен ел атанып, бөлек шаңырақ көтерген алғашқы жылдар қоғамның қай саласына да оңай болмағаны белгілі. Әсіресе, мемлекетіміздің құнды байлығы болып табылатын адамның саулығын сақтау ісінде кездескен қиындықтар аз болмаған шығар? Яғни, тәуелсіздік жылдарындағы Сыр медицинасының дамуы жайлы айтып берсеңіз...
- Иә, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сыр медицинасы да бірден аяққа тұрып кеткен жоқ. Кеңес дәуіріндегі жүйе жаңартылып, денсаулық сақтау саласы көптеген қиындықтарға ұшырады. Дегенмен, 1992 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен облыстық диагностикалық кеңес беру орталығының іске қосылуы мен Қазалы аудандық емханасының жаңа ғимаратқа көшірілуі Сыр медицинасын бір серпілтіп тастады. Сол жылдары облыстық денсаулық сақтау саласын Ернияз Омаров басқарды. Облыс бойынша 7500 төсек-орын болып, барлық жерде ауылдық ауруханалар жұмыс істеді. Өңірде екі мыңға жуық дәрігер, жеті мыңдай орта буын қызметкер сырбойылықтар саулығын қорғауға еңбек етті.
1994-1996 жылдары облыстың денсаулық сақтау саласына Тұрғанбай Маханов ағамыз жетекшілік етті. Бұл еліміз үшін қиын кезеңдердің бірі еді. 1994 жылы саланы қаржыландыру 860 млн теңгеге, 1996 жылы 900 млн-ға жетті. Жалақысы төмен болған соң медицина қызметкерлері басқа салаға ауысып кетіп жатты. Медициналық құрал-жабдықтар алуға қаржы бөлінген жоқ.
1997-1999 жылдары облыстық денсаулық сақтау саласына Бақыт Исмағанбетов басшылық жасады. Сол кездегі ел саясаты бойынша барлық қалалық мекемелер жекешелендірілуге көшіп, аурухана төсек орындары қысқартуға ұшырады. Барлық жерде аудандық денсаулық сақтау саласы қысқарды. 1998 жылы республика бойынша «ДОТС» бағдарламасы енгізілді.
- Денсаулық сақтау саласы қай жылдан бастап қарқынды түрде дами бастады?
- 2000 жылдан бастап саланы жүйелі қаржыландырудың тиісті қадамдары жасала бастады. Бұл уақыт аралығында, яғни, 1999-2003 жылдары саланы Дамир Дәулетбаев басқарған болатын. Облыстағы емдеу-алдын алу мекемелерінің функциялары айқындалып, дәрігерлердің білімін жетілдіру, айлық жалақыларының төлену тәртібі түзілді. Облыс әкімдігімен бірлесе арнайы бағдарлама жасалды. Осы бағдарлама негізінде қай жерде медбекеттер, ауылдық ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар, яғни, жаңадан салынатын құрылыстар айқындалып, медициналық құрал-жабдықтар, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлер бөлінісі төңірегінде жүйелілік орнатылды. 2000 жылы аудандық денсаулық сақтау саласы қайта қалпына келтіріліп, қысқартуға кеткен ауруханалар қайта ашыла бастады. 2001 жылы облыстық балалар ауруханасы пайдалануға берілді.
Жалпы, жоғарыда айтып өткенімдей, 2000 жылдан бастап Сыр медицинасы дамудың даңғыл жолына түсті. 2003-2005 жылдары салаға өзім басшылық жасаған кезеңде де бірқатар тың істер атқарылды. Онан кейінгі жылдары Марат Абдуллаев, Мұрат Көшімбаев, Болатбек Баймаханов басқарды. Сыр медицинасының дамуында бұл кісілердің әрқайсысының қосқан үлесі таудай деп айта аламыз. Кезең-кезеңімен бірінен соң бірі жаңа денсаулық сақтау нысандары бой көтерді. 2005 жылы саланы қаржыландыру 5 млрд теңгені құраса, 2010 жылы 13 млрд теңгеге жетті. 2009 жылы облыста Кардиохирургиялық орталық ашылып, ашық жүрекке ота жасала бастады.
- Осы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында біздің дәрігерлер қандай жетістікке қол жеткізді, мақтанарлық көрсеткіштеріміз қаншалықты?
- Иә, биыл ел болып Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын тойлаймыз деп отырмыз. 25 жыл деген онша көп уақыт та емес, алайда біздің мамандарымыздың жеткен жетістіктері қуантарлық көрсеткіш деп айта аламыз. Мәселен, 2000 жылдан бері қарай сараптасақ, жалпы туу көрсеткіші 6,7 пайызға артты, ана өлімі көрсеткіші 42,4 пайызға төмендеді, сәби өлім-жітімі 10,8 пайызға азайды, ал, өмір сүру ұзақтығы 64,4 жастан 71,9 жасқа жетті. 2005-2010 жылдар аралығында аймақтық терапевтер мен педиатрларды жалпы дәрігерлермен алмастыру 15,9-дан 60 пайызға өсті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты емдеу-алдын алу ұйымдарын санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету мақсатында 2008 жылы 47 санитарлық автокөлік алынса, 2009 жылы - 42, 2010 жылы 20 санитарлық автокөлік алынды.
- Осы жылдар аралығында денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылды. Сол бағдарламалардың Сыр өңірі медицинасының дамуына ықпалы қандай болды?
- Әрине, елімізде ең көп реформаға ұшыраған саланың бірі ол -денсаулық сақтау саласы екені белгілі. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Солардың біріне ғана тоқтала кетейін. Мәселен, 2011-2015 жылдар аралығындағы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында саланы қаржыландыру 14 млрд теңгеге дейін көтерілді. Бұл жылдар аралығында аймақта заманауи үлгідегі «Ана мен бала орталығы», №3 қалалық емхана, Шиелі, Тереңөзек, Қармақшы, Жалағаш аудандық емханалары, ауылдарда 38 жаңа денсаулық сақтау ғимараты салынды. Саланың санитарлық автокөліктерге деген сұранысы толық жабылып, 5 жыл ішінде 375 мамандандырылған санитарлық автокөлік жаңадан алынды. Соның ішінде, шалғай елді мекен тұрғындарының денсаулығын тексеру мақсатындағы жылжымалы медициналық кешеннің қызметі орасан болды. 2012 жылы Нейроинсульттік орталық ашылып, инсульт алған науқастарға ота жасау мен қалпына келтіру қолға алынды. 2014 жылы облыс дәрігерлері елімізде 4-ші болып бүйрек ауыстыру отасын жасады. Облыстың медицинасы алыс-жақын 28 мемлекетпен қарым-қатынас орнатты.
Облыстың денсаулық сақтау саласын көтеруде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев үлкен қолдау танытып келеді. Мәселен, 2013 жылы облыс әкімінің қолдауымен «2013-2014 жылдарға арналған Жол картасы» қабылданып, оны іске асыруға 4,4 млрд теңге қаралды. Жол картасы аясында ана мен бала денсаулығын нығайтуға, заманауи қондырғылар алуға, жедел жәрдем қызметін жетілдірілген автоматты жүйеге көшуге мүмкіндік алды. Облыстағы туберкулезге қарсы емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
Жалпы, салада істелген істер аз болған жоқ, дегенмен Тәуелсіздігіміздің 25-ші жылында бекітілген 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы бізден мұнан да көп шаруаны күтеді. Биылдың өзінде «Ана мен бала орталығында» босанудан кейінгі сауықтыруға арналған 30 төсектік бөлімше ашылды, облыстық онкология орталығында 15 төсектік, аудандарда 35 төсектік паллативті көмек бөлімдері және барлық ауданда 5 төсектік неврологиялық науқасы бар балаларға арналған бөлімшелер ашылды. Жүктілік және балаларға арналған көмекті ұйымдастыру мақсатында жол картасын орындау шеңберінде ана өлімін болдырмау және сәбилер өлімін төмендету мақсатында, бірінші кезекте ұйымдастыру шаралары қолға алынды. Ол үшін халықтың орналасу аймағы, елді мекендер алшақтығы, мамандармен және медициналық көмек көрсету кезеңіндегі қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне сараптама жасалды. Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарында перзентхана бөлімдері екінші деңгейге ауыстырылды. Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап облыстық перинаталдық орталықтың негізінде 5 төсектік балалар гинекологиясы бөлімшесі ашылды.
Ана мен бала денсаулығын қорғау мақсатында 77 маманның жетіспеушілігі бар, олардың орнын мамандарды қайта даярлаудан өткізу арқылы жыл аяғына дейін жабу жоспарлануда. Үстіміздегі жылдың сәуірінен бастап неонатолог дәрігерлерді қайта даярлау циклі жүріп жатыр. Облыста алғаш рет туа пайда болған ақаулардың инвазивті пренаталды диагностикасы әдісі енгізілді. Облыс бойынша 18 дені сау бала кабинеті қызмет көрсетуде. Олар жас аналарға бала күтімі, дұрыс тамақтандыру жөнінде толық ақпарат береді. Жүкті әйелдерді ерте 12 аптаға дейін анықтау мен есепке алу жұмыстары күшейтілді. Сонымен бірге, ұрпақ өрбіту жасындағы жүкті болуға абсолютті қарсы көрсеткіші бар әйелдердің анықталуы 1900-ден 3407-ге жеткізілді. Оған қоса, барлық жүкті әйелдерге алғаш келгенде және жүктіліктің 30 аптасында міндетті түрде ЭКГ түсіру енгізілді. Жалпы, 2016 жылдың алты айында облыс бойынша 8963 сәби дүниеге келіп, табиғи өсім көрсеткіші 10,4-ті құрап, облыс тұрғындары 7658-ге артты.
«Алма өсірген Әлтай»
...«Ерінбеген адамның егіні бітік шығады» дейді дана жұртымыз. Жер-Ананың адал кәсіптің тұтқасын ұстап, ерінбей еңбек еткеннің жігерін құм қылмайтынын тағы бір байыптадық. Ауыл тұрғыны Әлтай Пірмановтың осыдан жеті жыл бұрын отырғызған алма көшеттері биыл алғаш рет жеміс беруде.
Аламесек ауылына бара қалсаң, жол іргесіндегі жайқалған ағаштар мен жеміс талдары алыстан көзге түседі. Ауыл тұрғыны Ә.Пірманов 1998 жылы отбасымен бірге ауыл іргесінен бір гектар жер алып, әртүрлі ағаш көшеттерін отырғыза бастайды. Бүгінде сол ағаштар арасынан баяу соққан жел - табиғаттың самалы тынысыңды ашып, ауылға өзіндік көрік беріп тұр. Ұзақ жылдар бойы білім саласында қызмет етіп, артында абыройлы із қалдырған Әлтай ағамыз бен ардагер ұстаз Бидаш апамыздың бау-бақшасынан алма талынан бөлек жүзім, өрік, шие, шабдалы жеміс ағаштары да кездеседі.
Жер баптап, несібесін еселеген бағбан 2009 жылы Сарыағаш қаласынан 200-ден астам Семеренко сортынан алма көшетін алдырып, суы мол, жері құнарлы Аламесек топырағына отырғызған. Алты жылдан бері бір сәт қараусыз қалдырмай, күтіп-баптаудың нәтижесінде алма ағаштары биыл түйнек салып, несібесін молынан төгіп тұр. Түйнектің тығыздығынан алманың салмағын көтере алмай майысқан бұтақтары да кездесті. Бұны жылдар бойы төгілген тердің өтеуі, еңбекқор ердің мол несібесі деп білдік.
- Мұндағы алма пісуге жақын. Дәні тіл үйіретін алмаларды күз мезгілінде жаппай жинауға кірісеміз. Алма талы көп күтімді қажет етеді. Бойын үш жарым метрден асырмай қиып отырса, түйнекті көбірек салады. Сонымен бірге, түйнекке құрт түспеуі, гүлдегенде уақытылы су жеткізілуі, айналасын таза ұстап, жабайы шөптерді жұлып отырса, алма талы да өз өнімін молынан төгеді. Бақшадағы алмадан бөлек, жеміс талының басқа түрлері де өнім беруде, - дейді бағбан.
Жердің бабын тапқан ағамыз бақшасын химикатсыз күтеді. Жергілікті жердің табиғи өнімі қай кезде де жоғары сұранысқа ие. Жемістер мен көкөністер алдағы уақытта колжетімді бағамен ауыл, аудан одан әрі қала орталығындағы сауда сөрелеріне шығады.
71 жастағы қария балаларына ауыл шаруашылық мамандығының қыр-сырын үйретуде. Немерелерін агроном мамандығы бойынша оқуға түсуге үгіттейтін ол - ауылдың көркейіп, дамуын ауыл шаруашылығымен байланыстырады. Ал, Бидаш Өтеулиева апамыздың күнделікті жұмысы сиыр сүтінен айран, құрт, ірімшік дайындап, табиғи өнімді уақытылы өз тұтынушыларына жеткізу.
- Қазір жаз мезгілі. Немерелерім ауылға келіп, ата-әжелерінің қасында. Оларға бұл жолы құрт дайындап, айран пісіруді үйретудемін. Жастар ауылдың тыныс-тіршілігіне қанық болып өссе, жаман болмайды, - дейді Бидаш апамыз.
Ел аузындағы «Мал семіз болса, төл егіз. Жер семіз болса, дән егіз» деген сөзі осындай еңбекқор жандардың берекелі кәсібіне берілген оң бағасы болса керек. Міне, мал өнімдерімен қатар, егін шаруашылығын ұршықтай иірген жандарға Жер-Ана да өз несібесін төгуде.
«Ақмешіт ақшамы» газетіндегі сұхбатта ұзақ жылдар басшылықта болған Нәжмәдин Мұсабаев тілшінің қоғам өміріне қатысты қойған түрлі сауалдарына жауап береді.
«Шалқия Цинк» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Н.Мұсабаев: Тәуелсіздіктен артық бақыт бар ма?!
...Биылғы жыл қазақ елі үшін мерейлі жыл. Тәуелсіздік таңы атқанына ширек ғасыр уақыт болған тұста, өткенге көз жіберіп, барды бағалап, болашақты бағдарлайтын сәт. Тәуелсіздік бізге қалай келді, тәуелсіздіктің 25 жылында қандай кезеңдерден өттік деп бір сәт кейінге шегініп, алдыңғы толқын ағалар еңбегін бағалай білу жас ұрпақ үшін тәрбие, үлгі-өнеге.
Бүгінгі сұхбат кейіпкері - сырбойылықтарға есімі белгілі, тәуелсіз елде әкімдік институт құрылғалы бері мемлекеттік қызметте 40 жылдан аса қызмет еткен, қай ауданда әкім болса да ұзақ уақыт аудан басқарудан әзірге алдына жан салмаған Нәжмадин Мұсабаев. Тәуелсіз ел болып қалыптасудың алғашқы жылдарын арқау еткен сұхбат жас ұрпақ үшін тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғына түсетініне әсері болар деген үміттеміз.
- Биыл қазақ елі үшін мерейлі жыл. Ел тәуелсіздігіне 25 жыл дегенде ең алдымен ойыңызға не оралады?
- Бұл талай ғасыр ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздік. Мен қазақпын деген адамға тәуелсіздіктен артық бақыт, одан артық арман жоқ. Талай уақыт арман еткен тәуелсіз елімізде өмір сүріп жатқанымызға міне ширек ғасыр уақыт болды. Осы аз ғана уақыт ішінде тәуелсіздік не берді дегенде, мұнан да көп іс тындыруға болар еді деп сыни көзбен қарайтындар да бар. Біз тәубе деуіміз керек, басқаны айтпағанда 70 жыл совет дәуірінің өзінде мемлекетіміз дәл осылай көркейіп, гүлденген жоқ. Тәуелсіз еліміздің 25 жылында еліміздің қалай дамып, көркейіп келе жатқаны көз алдымызда. Мысалы, мен тәуелсіздіктің 10 жылдығын Жаңақорған ауданында әкім қызметінде қарсы алдым. Тәуелсіздіктің 15, 20 жылдығын Арал ауданы әкімі болып қарсы алдым. Сонда әрбір тәуелсіздіктің атаулы жылдарында кім-кімнің де көкейінде «тәуелсіздік елге не берді?» деген сауал болатыны заңдылық. Мұндайда мен бір ғана мысалды айтар едім. Айталық, Совет үкіметі жылдарында Арал ауданы ең үлкен өнеркәсіпті аудан болды. Сол кезеңде өнеркәсібі өркендеген, бір жағы теңіз, бір жағы мал шаруашылығы, ас тұзы, кеме жөндеу зауыты, осындай өнеркәсібі ілгері дамыған аудан дегеннің өзінде сол ауданда 70 жылда 7-ақ типтік жобадағы мектеп салынған. Сонда 10 жылда бір-бір мектептен деп айтуға болады. Қалған мектептердің барлығы бейімделген ғимараттар. Бұл мектептердің спорт залы, асханасы жоқ, әйтеуір амалсыздың күнін кешкен мектептер жағдайы. Ал тәуелсіздіктің соңғы 10 жылында Арал ауданының өзінде бүкіл мектептер типтік жобада салына бастады. Бір ауданда 10 жылда 32 мектеп салынды. Осыдан-ақ тәуелсіздік жемісін байқауға болады. Өз жағдайымызды өзіміз жасай алатын, өз қаржымызды ешкімге тәуелді болмай жұмсай алатын жағдайға жеткен тәуелсіздіктің нәтижесі.
Мен қай ауданда қызмет жасасам да ең алдымен білім ордаларының жағдайына ерекше назар аудардым. Себебі, тәуелсіз елдің әрі қарай керегесін кеңейтетін де, елімізді көркейтетін де жас ұрпақ. Қазір тәуелсіздіктің құрдасы 25 жасқа келді. Тәуелсіз елдің ұрпағы жақсы балабақшада, талапқа сай келетін мектепте білім алса, жақсы ортада тәрбиеленсе деп, елін, жерін ойлайтын азамат етіп тәрбиелеуді ең алдымен білім саласына қамқорлық жасаудан бастау керек. Солай болды да. Елбасымыз «Ел келешегі - білімді жастарда» деп бекерге айтқан жоқ. Жаңақорған ауданында тәуелсіздіктің 10 жылдығын қарсы алғанымызда мектептердің жағдайы әлі көз алдымызда. Мектептер қыста суық, ыза, тіпті кейбіреуі құлауға айналған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бірден жаңа мектептер салып тастау әрине оңай болған жоқ. Сол уақытта аудандық бюджеттен құрылыс материалдарына қаржы бөліп, асар әдісімен жаңа мектеп салуды бастап кеттік. Қазіргідей типтік жобада болмағанымен, спорт залы, асханасы бар тым жақсы мектептер салынды. Халық мектептің ақыретін көргені сонша, асарлатып мектеп салуды ел болып түгел қолдады.
- Асар әдісімен мектеп салу сіздің бастамаңыз ғой...
- Иә. Асарлатып, сол уақыт үшін тәуір мектеп ғимараттарын салдық. Ең бастысы, ыза, суық мектептерден құтылдық. Кейін уақыт өте Жаңақорған ауданына жол түсіп барғанымда, сол асарлатып салынған мектеп ғимараттарының айналасы бауға айналған, кейбір ғимараттар балабақшаға айналған, кейбірінің орнына жаңадан типтік жобадағы мектептер салынған. Әлі де сол ғимараттар халыққа қызмет етуге пайдаланылуда. Жас ұрпақ сапалы білім алуына жақсы жағдай жасау үшін сол кезде де қолдан келгеннің барлығын жасадық. Білім саласына мән беру - болашақты ойлау деп түсінемін.
Тәуелсіздік бізге не берді дейтін болсақ, бұл уақыт халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен бірге, қазақтың қарашаңырағы - ауылдың жағдайын жақсартты деп айтар едім. Әсіресе, білім саласында. Тағы да атап айтайын, тәуелсіздіктің 10 жылдығында Жаңақорған ауданында бір жылда 8 мектеп салынып, облыс әкімі екі күн бойы ауылдарды аралап жүріп, жаңа мектептің лентасын қиғаны әлі есімде.
Республика бойынша жарияланған «Денсаулық жылында» бір жылда ауданда 14 фельдшерлік акушерлік пункт салып, 5 жабылып қалған ауылдық аурухананы қайтадан аштық. Сол жылы «Денсаулық жылының үздік аудан әкімі» деген марапатқа ие болдым. Міне осындай еңбектеріміз бағаланып, тәуелсіздіктің 10 жылдығында алғашқы мемлекеттік наградам - «Ерен еңбегі үшін» медалін тақтым. Ал тәуелсіздіктің 15 жылдығын Арал ауданында қарсы алдым. Тәуелсіздіктің 18 жылдығына орай Арал ауданының тарихында алғашқы Тәуелсіздік алаңын салдық. Тәуелсіздік алаңы қазірдің өзінде халықтың игілігіне пайдаланылып келеді. Биіктігі 21 метр ескерткіштің ұшар басында бір қолында қыран, бір қолында садағы бар сақ жауынгерінің ат үстіндегі бейнесі бейнеленген. Ескерткіш ортасында ошақтың үш бұты бейнеленіп, мұнда елдің бірлігін білдіретін Сартай батыр бастаған 11 батырдың, шайырлар мен жыраулардың көшбасшысы болған Нұртуған жырау бастаған 11 ақын-жырау, шайырлардың және ошақтың үшінші бұтында Әйтеке би бастаған 11 бидің, барлығы 33 батыр, би, ақын-жыраулардың есімі жазылған. Бұл 33 деген сан - мұсылманша таспихтың бір қайырымы. Бұл «Ошағың оттан түспесін» деген қазақтың тілеуімен жасалған. Тәуелсіздік алаңының тағы бір айта кететін киелілігі мұнда Әйтеке би, Нұртуған жырау, Сартай батыр мүсіндерінің астына олар жерленген жерден топырақ әкелініп, құтыға салынып қойылды. Тәуелсіздік алаңы қазір шаңырақ көтерген жастардың тәу ететін, әскерге аттанған азаматты шығарып салатын қасиетті орынға айналды.
Тағдырдың жазуы болар, Жаңақорған ауданында 5 жыл, Арал ауданында 10 жыл әкім қызметінде болдым. Айта кететіні, бүгінгі күнге дейін екі ауданда да мен сияқты ұзақ жыл әкім болған әзірге ешкім жоқ. Қай ауданда әкім болсам да жастардың рухын көтеретін алаңдар жасадық. Совет үкіметі кезеңінде мұндайды насихаттауға да, айтуға да мұрсат берілмегені белгілі. Айта кетер болсам, Қазалы ауданында әкім болған тұста аудан орталығы - Жаңа Қазалы поселкесін Әйтеке би кенті деп атауға үлес қосқанымды әрдайым мақтанышпен айта аламын. Арал ауданында Тәуелсіздік алаңынан кейін, Алаш алаңын аштық. Мұнан соң Тағзым алаңы, Даңқ алаңы, Балықшылар алаңы. Мұндағы мақсат Тәуелсіздік қадірін жас ұрпақ білсін, сезінсін, бағалай білсін, ел тарихын біліп өссін деген оймен жасалған дүниелер. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында Арал ауданында хан шатырын жасадық. Хан шатырында қазақ тарихындағы Жәнібек пен Керейден бастап, барлық хандардың есімін жазып келіп, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президентінің есімі жазылды. Осындай еңбегім бағаланып, тәуелсіздік мерекесінде «Құрмет» орденімен марапатталып, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» деген атақ алдым.
- Кеңестік кезеңнің жүйесімен қамсыз өмір сүріп жатқан елге Тәуелсіздік таңының атуы бір жағынан қуаныш, бір жағынан қиындық та ала келгені рас...
- Қиындық аз болмады. Жетпіс жыл Кремльге бағынып отырған елге ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздік бір күнде келе қалғанда елдің абдырап қалған жағдайы болды. Сол тәуелсіздік алған жылдардың қиындығында еңбек етіп, ең бастысы елдің бірлігін сақтап қалуға еңбек еткен біздер мұны мақтан тұтамыз.Тіпті, басқаны былай қойғанда, дүкен сөрелерінің бәрі бос қалып, жұмыссыздық көбейіп, тіпті зейнеткерлерге зейнетақы беру, көп балалы аналарға жәрдемақы, мезгілінде жалақы берудің қиын болғанын көзімізбен көрдік. Бірақ сол кездегі басшылар, сол кездегі ұрпақ бұл күнге де тәубе деп, халықты бірлікке шақырып, тәуелсіздіктің жемісін беретін уақыт алда екеніне сеніммен қарап, қажыр-қайратпен жұмыстар атқарылды. Алғашқы кезде халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі бірінші мәселеге айналды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары есебінде Қазақстанның барлық аймақтарына барып, сауда, өнеркәсіп мекемелерінің басшыларымен кездесіп, айырбастайтын затқа келістік. Сол кезде «бартер» деген термин шықты. Біздің қолымызда бары - күріш. Күріштің орнына азық-түлік әкелу, халық тұтынатын тауарлар жеткізу жұмыстарының өзі оңай болған жоқ. Қолдан келгенше халықтың қиын жағдайын жеңілдетуге күндіз-түні жұмыс жасауға тура келді. Мұнан кейін Тәуелсіз мемлекеттің өз әнұраны, туы, және төл теңгенің өмірге келуі де көз алдымызда. 1993 жылдың 14 қараша күні теңге айналымға шықты. Әрине, бұған дейін теңгені айналымға енгізуге құпия жағдайда үлкен дайындық жасалды. Сол кезде облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде теңгені айналымға шығару жөніндегі комиссияны басқардым. Облыс әкімдігінің кеңсесінде 13 қарашада таңға дейін жұмыс істеп, ертеңгі шығатын облыстық газеттерді таң алдына дейін кідіртіп отырдық. Ертесіне төл теңгеміздің айналымға енгені жөнінде бүкіл Қазақстанға хабарланды. Мұнан соң қолдағы ақшаны теңгеге айырбастау жөнінде халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қысқасы, теңгенің айналымға енуі де оңай болған жоқ. Мұнан соң теңгені тұрақтандыру жұмысы басталды. Қайтадан Қазақстанның барлық өңірлерін аралап, оларда не бар, бізде не бар айырбастау арқылы, дүкен сөрелерін толтыру, азық-түлікті молайту жұмыстары жүрді.
Қазір жастар тәуелсіздік бізге оңай келді деп ойлауы мүмкін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықты жеңу оңайға түскен жоқ. Кеңес үкіметінің жоспарлы экономикасынан тәуелсіз мемлекеттің нарықтық экономикаға көшуі оңай болмады. Оған халықты үйрету, бейімдеу де жеңіл болмады. Бұған дейін жұмыс жасап тұрған өнеркәсіп орындары тұралап қалды. «Целлюлоза картон зауыты», «Рисмаш», «РМЗ» «КРМЗ» «ФНМ» деген мекемелерінің күннен-күнге жұмысы қиындады. Қазіргі жастар «неге соларды сақтап қалмады?» деп сұрауы мүмкін. Сол өнеркәсіп орындарының барлығын сол кездегі басшылар таратайық, тоқтатайық демеді. Қазіргі нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Одақтың кезіндегі байланыстар күрт үзілді, бірқалыпты жұмыс істеуі қиынға соқты. Алайда, сол зауыттардың ел нарықтық экономиканы түсінемін дегенше бұзылып кетпеуіне үлкен күш салдық. Кейін жекешелендіру деген науқан басталды. Бұл уақыттың қиындығы да, кемшілігі де болды. Бір қуанарлығы, қазір сол ғимараттардың орнында тәуелсіз елдің орта және кіші бизнесі қайта түлеуде.
Тәуелсіздіктің алғашқы қиындығына шыдамай, көшеге шыққан жағдайлар да болды. Алғашқы аштық жариялау, пойыз тоқтату көрінісінде халықтың ортасында болып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әсіресе, есімде сақталып қалғаны Сексеуіл кентіндегі алғашқы аштық жариялауды тарату үшін Алматыдан самолетпен, Қызылордадан тікұшақпен ақша жеткіздік.
- Шыныңызды айтыңызшы, сол қиындықтың бел ортасында жүріп, елді жарқын болашаққа сендірген өздеріңізде сенім басым болды ма, әлде күмән бе?..
- Сол кездегі ел басқарған азаматтардың болашаққа деген сенімі, халықты артына ерте білуі, тәуелсіздіктің маңызын түсіндіруге бар күшін салып, жүрекпен еңбек ете білуі де сенімнің арқасы. Елбасының сындарлы саясатына сенім артып, уақытпен санаспай еңбек ету, қиындықты жеңуге ұмтылуға Тәуелсіздік деген қасиетті ұғымның өзі бізге бойға қуат, жүрекке сенім ұялатты. Сол сенімнің арқасында бүгін міне, тәуелсіздіктің 25 жылдығында ауылдан қалаға дейін дамып, өскеніне куә болып отырмыз.
- Дәл осы кезде аудан әкімі қызметінде болғанымда ғой деп қызығатын боларсыз?..
- Әр ұрпақтың тағдырына жазылғаны болады ғой. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ат арқасында жүріп, халықты қиындықтан шығаруға еңбек еткенімізге, еліміздің өркендеуіне тамшыдай болса да үлес қосқанымызды мақтан етемін, тағдырға ризашылық білдіремін.
- Ел тәуелсіздігінің атаулы мерейтойының барлығында жауапты қызметте болыпсыз. Тәуелсіздік алғашқы 5 жылдығында Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары, 10 жылында Жаңақорған ауданы әкімі, 15 жылдығы мен 20 жылдығында Арал ауданы әкімі қызметін атқарыпсыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында қандай қызметте жүрсіз?
- Айта кетейін, 2013 жылы Арал ауданы әкімі қызметінен зейнетке шықтым. Менің мамандығым мен мол тәжірибемді ескеріп, аймақ басшысы Қ.Елеуұлы Шалқияны қайта түлетуге жауапкершілікті қызметке ұсынды. Қазір Шалқия кен орнын қайта түлету жұмыстары жүріп жатыр. Бұрын бұл да жекешеленіп кеткен болатын. Бүгінде «Самұрық-Қазына» әл- ауқат қоры Шалқияның 100 пайыз акциясын мемлекетке қайта сатып алды. Мен «Шалқия Цинк» АҚ -ның басқарма төрағасының кеңесшісімін. Сонымен қатар биыл 440 жылдығы аталып өтілгелі отырған Жалаңтөс Баһадүр атындағы республикалық қоғамдық қор президентімін. Шалқияны дамытуға келер болсақ, бұрын сол жерде өндірілетін руда Кентау қаласына жіберілетін болса, қазір кен байыту фабрикасын салу жоспарланып жатыр. Жылына 4 млн. тонна кен байытып, мырыш-қорғасын концентратын шығаратын үлкен кәсіпорын құрылмақ. Кәсіпорын жобалық қуатына толық қосылған кезде бұл жерде 2000-ға жуық адам жұмыс істейтін болады. Қазір мұнда 500-дей адам жұмыс жасап, кен байыту фабрикасын салу жұмыстарына қызу дайындық жүріп жатыр. Сонымен бірге Шалқия кен орнын қайта қалпына келтіру, дамыту, ұлғайту жұмыстары қатар жүруде. Бұл аймағымыздағы ең ірі кәсіпорын және облыс бюджетін толықтыруға қомақты үлес қосатын болады.
- Кезінде жоғалтқан кәсіпорындардың орнын толтыру кезеңі басталды дейсіз ғой...
- Кезінде одаққа белгілі кәсіпорындарды ұстап тұру мүмкіндігі болмаған соң жекеге берілді. Бұл зауытты тәуелсіздіктің 25 жылдығында мемлекет қайтадан сатып алып, Совет дәуірінде жұмыс істеген қарқынынан 10 есеге дейін ұлғайтуда. Мәселен, 60- жылдары Шалқияның ең көп кен шығарғаны 600-700 мың тоннадай. Енді жылына 4 млн. тонна мырыш -қорғасын концентратын шығаратын жағдайдаға жетпек. Совет Үкіметі кезінде Шалқиядан кен байыту үшін 100 вагон руданы Кентауға жібереді, 100 вагоннан 4 вагон қорғасын - мырыш концентратын алады. Сонда 96 вагон тасты әрі-бері тасып отырған. Бұл экономикалық жағынан тиімсіз. Қазір әлемдегі ең жаңа технологияны, соңғы жетістіктерді енгізе отырып, жаңа кен байыту фабрикасы салынатын болады. Бұл да тәуелсіздіктің арқасы! Барлық елмен тереземіз тең, кез-келген елмен біздің мамандарымыз тәжірибе алмаса алады. Жақсыны елге әкелуге мүмкіндік туды.
- Тәуелсіздікпен бірге демократия деген жаңа ұғым келді. Бүгінде демократия қандай деңгейде?
- Демократия деген белгілі бір тәртіпте халықтың өз пікірін билікке жеткізуі және биліктің халық пікірімен санасуы. Әдепкіде халық демократия дегенді өз деңгейінде түсінбеді. Жұртшылық түсінігінде демократия дегеніміз билікті сынау деп қабылдады. Демократия деген ел дамуына әрбір азаматтың жаңа ойларымен, идеялармен, ұсыныстармен үлес қосуы. Сонымен қатар ұсынысты қай дәрежедегі болмасын биліктің тыңдай білуі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай емес, қазір ел демократия мәдениетін түсінді.
- Демократия деген билікті сынау деп түсініп, елдің бәрі сын айтқыш уақытта әкім болдыңыз. Елдің талай сынын да көтердіңіз. Салыстырмалы түрде қарағанда бүгінгі шенеуніктер сынды қабылдай алмайтындай.
- Сын деген кез-келген адамға оңай емес. Сынды қабылдау мәдениетін де үйрене білуіміз керек және сол сынға мәдениетті жауап беріп, сыннан қорытынды шығарып үйренуіміз керек. Бұл қажет нәрсе. Әсіресе, қазіргі жастарға.
- Тәуелсіздіктің жемісі де, жеңісі де аз емес. Дегенмен, 25 жылда неден кеш қалдық деп ойлайсыз?
- Әрине, кейде ойланып, мына нәрсені басқаша жасағанда қалай болар еді деп ойланасың. Мысалы, біздің облысымызда ауылшаруашылығын жекешелендіруде көптеген қателіктер кетті. Ауылшаруашылығын жекешелендіру дұрыс жүрмей жатыр деп айтқан адамның бірімін. Біздің аймағымызда негізінен күріш дақылы болса, совет үкіметінің кезінде қаншама гектар жерді тегістеп, ауыспалы егіс танаптарын салып, ортақ каналы мен коллекторы, ортақ шлюзі, ортақ гидротехникалық құрылымдарын салып берді. Жекешелендіру басталған тұста ауылшаруашылығын жекешелендірудің кейбір нұсқауларына қарсылық білдіремін деп, қызметтен кеткен кезім болды. Күріш совхоздарын жекешелендіргенде ауыспалы егіс танаптары сақталу керек, сондай нұсқаны ұсынуымыз керек деп айттым. Әйтпесе, қыруар қаржыға тегістелген жер тозады, азады, айналымнан шығып қалады.
Бір-екі жылдан кейін менің ұсынысым үкіметтен қолдау тауып, Жер кодексіне «ауыспалы егіс танаптары бөлшектеуге жатпайды» деген өзгеріс енгізілді. Енді сол жекешелендірудің қиындығын көріп, әлі қалпына келтіре алмай жатырмыз. Кезінде майдаланып кеткен шаруашылықтарды біріктіріп, іріленген шаруашылықтар құруды Елбасы өзі айтты. Сол бір жылдары өзіміз күштеп бөлшектеген шаруашылықтарды енді қайтадан халыққа түсіндіріп, ірілендіру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Бұл ауылшаруашылығы саласындағы жекешелендірудің қатесі деп түсінемін. Сол кездегі техникалар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Тіпті, жекешелендіру мынадай күлкілі дәрежеге дейін барды. «К-700» деген алып тракторды бір адамның мүлік үлесіне бере алмағандықтан, моторын бір адам, доңғалағын тағы біреуге, кабинасын үшінші адам бөліп алсын деген жағдайға дейін барды. Совет үкіметі кезінде салынған құрылыстар қирады. Сол кезде ғалымдар бір гектар ауыспалы егістің танабы бір ірі қараны асырауға мүмкіндігі бар деп дәлелдеген. Мысалы 1000 гектар күріш ексеңіз, 1000 ірі қараны ұстауға болады. Соған сәйкес күріш совхоздарында ірі қара комплекстері салынған. Олардың бәрін бұзып, әркім алып кетті. Бұдан халыққа еш пайда болған жоқ. Қазір сол іріленген мал бордақылау алаңын қайта салуға тура келіп жатыр.
- Сізді не алаңдатады?
- Мені алаңдататыны жастардың бейқамдығы. Ұлттық құндылықтардың, салт-дәстүріміздің еуропаланып бара жатқаны. Өзіміз өліп-өшіп жеткен тәуелсіздігімізді сақтау үшін бірінші кезекте елін, жерін сүйетін патриоттарды тәрбиелеуіміз керек. Қазақтың бала тәрбиелеуі, салт-дәстүрі тұнып тұрған философия. Біздің өзгелерге ұқсамайтын салт-дәстүріміз бар, ұлттық тәрбиеміз бар. Ата-ананы сыйлау, келін түсіру, құдандалы болу, өмірге ұрпақ әкелу, оны тәрбиелеу, жалпы ұлттық құндылықтарымыздың жылдан-жылға өзгеріске ұшырауы, өзгеге еліктейміз деп, өзіміздегі бар асыл қазынаны жоғалта бастағанымыз мені қатты алаңдатады.
Осы күнге дейін білім беру жүйесін әлі эксперименттен өткізіп келе жатырмыз. Бұл да ойландырады. Қазір үш тілділік алға шықты. Мұның да дұрысы, бұрысы бар. Білім саласына министр келген сайын түрлі реформа жасалады. Ол реформа мақсатына жетпей жатып, келесі реформа. Мұның барлығы тәуелсіз ел ұрпағын тәрбиелеуге кері әсерін тигізетінін ойлауымыз керек.
Тағы бір қынжыларлығы, нарықтық экономиканы желеу етіп, байыған үстіне баюға, ақша үстіне ақша қосуға, бір сөзбен айтқанда құлқынның қамымен кеткен жағдайлар да жоқ емес. Елге тәуелсіздік келуімен бірге байыған азаматтарды елдің, мемлекеттің болашағынан гөрі материалдық дүние ойландыратыны қынжылтады. Тарихтан белгілі, қазақ қоғамында қай кезде де байлар болған. Алайда сол байлар арқылы елге өркениет, мәдениет, білім келген. Сол себепті еліміздің болашағын ойласақ, ең алдымен материалдық дүниені емес, рухани байлықты бірінші кезекке қоюымыз керек. Тәуелсіз елдің болашағы қандай деген бағыт-бағдармен еңбек етуіміз керек.
«Ақмешіт жастары» газетіндегі мақалалар қарапайым өмірді қалтарыс-бұлтарыстарын боямасыз көрсетуге арналыпты.«Көршіңмен тату бол» атты тақырыптағы танымдық, қарым-қатынасқа негізделгенмақаладан халқымыздың тәрибелік мәні бар дәстүрін көруге болады.
...Қазақ халқы көрші ақысын «көрші ақысы - Тәңір ақысы» деп ерекше қадірлеген. Жан-жағында тіршілік етіп жатқан жандармен әрдайым тату тұрған. Сондықтан да бауырды да, басқаны да жанына жақын тартып, көмек берген. Ел аузында «алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» деген. Расымен де, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қайғымен, қуанышпен алғаш бөлісетін де жанашыр көрші. Сондықтан да оның орны ерекше. Халқымыз «Көршіні ешкім таңдамайды, Құдай қосады» деп есептеген.
Сондықтан болар жақын көршіні «Құдайы көрші» деп атаған. Адам баласы өзінің күнделікті өмірінде әрдайым байланыста болып тұрады. Адамның өмірі көп жағдайларда көршілермен болатын мәмілеге, қарым-қатынастарға байланысты. Құрылыс салғанда көршісімен ақылдасып салу, оған зиян тигізбеуге тырысу да көрші ақысына жатады. Егер Алла тағала пендеге жақсы көрші нәсіп етсе, ол көптеген жақсылыққа себеп болады. Керісінше жаман көршіден әр түрлі жамандық себебінен тұрмыс ауыртпашылығына жол беріліп жататын жағдайлары да жоқ емес. Жалпы, көршілік қатынаста өзара іс-қимыл, ынтымақтасып, бірлесіп жүзеге асыру мәселелеріне ерекше мән беру қажет. Көршінің көрші ақысының көптігі соншалық, Пайғамбарымыз с.а.у бұл турасында «Көршімен көрші алдындағы ақысы жоғары оларға қолымыздан келгенше жақсылық жасауымыз керек» деген болатын. Кейде арзымаған жер үшін ұрысып қалып жатамыз. Көршіміздің қателігін басқаларға айтып, іріткі тастау бізге жат қылық. Үйде балаларымыз қате іс жасап қойса, дереу жасыруға әрекет етеміз. Неге енді біз көршіміздің қателігін жасыра алмаймыз. Көршіміз бізбен жақсы қарым-қатынаста болсын десек, әуелі өзіміз олармен жақсы мәміледе болайық.
Қазіргі қоғамда белең алып отырған жайт көршілердің бірін- бірі сырттай тануы. Яғни көшеде көрген кезде саулық сұрасуымен шектелуі. Бұрындары жаңадан көшіп келген үйге қоныс тойын өткізуде де қазақ халқы көрші-қолаңмен танысып-білісуді мақсат тұтқан. Қазіргі кезде бұл үрдіс өз құндылығын жоғалтып барады Қарбалас тірліктің қамымен жүреміз деп кейде өзімізден басқаны ойлауға шамамыз келмей жатады. Қуансақ қызығымызды бірге бөлісетін, қысылтаяң шақта ауыртпашылықты бірге көтерісетін көршілерді кейде ұмытып кетіп жатамыз. Көршісімен қоян- қолтық араласатын, шәй сұраса май қосып беретін, кең пейілді дархан жүректі қазақтың бүгінде көршісімен сыйластығы нашарлап бара жатқандай. Ертеде Ұлықпан хакімнің бір шаһарда екі үйі болыпты. Бірі хан сарайындай үлкен болса, бірі құрқылтайдың ұясындай шағын, жұпыны екен. Бір күні Ұлықпан үйін сатып, өзге қалаға көшпек болады. Кең сарайлы үйін арзанға, ал лашығын қымбатқа бағалайды. Алушы түсінбей, оның мәнісін сұрайды. Ұлықпан хакім: - Мына үйім лашық болғанмен, көршім жақсы адам. Ондайкөршіні Алла өзі нәсіп етпесе, шаммен іздеп таппайсың. Сондықтан үйдің құнын емес, абзал көршімнің бәсін қымбатқа бағаладым. Екінші үйім - сән-салтанатты боз үй. Бірақ, көршім - нашарлау кісі. Онымен қоңсы болған кісінің қуанышы аз болады. Ол үйді арзанға сатқан себебім сол - депті. Өмірімізде күнбе-күн, жүзбе- жүз кездесіп, туыс-туғаннан артық амандық-саулық сұрасып, қоян- қолтық араласып, шүйіркелесе бір кесе шай ішетін жанымызға жақын жандар көршілер. Олардың мәртебесі қашанда жоғары болып қалмақ. Арада мәселе туындаған жағдайда ауызбіршілікпен шешіп, ал басына күн туғанда жанашырда сол көрші екенің естен шығармайық. Көршімен көрші тату болса, еліміздің амандығы, біздің келешек ұрпақтарымызға қалдырған жақсы ғибратты жол болмақ.
«Мектепке дайындығыңыз қалай?» мақалада облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі орта білім бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Мажитқызымен сұхбат берілген.
...Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы да басталғалы тұр. Ата-аналардың дедектеп сергелдеңге түсетін шағы. Мектепке дайындық сіз бен біз ойлағаннан да, әлдеқайда маңызды әрі күрделі мәселе.
Жаздың соңғы айында мектепке дайындық қыза түседі. Ата-аналардың ерте қамдануына БАСТЫ себеп, біріншіден, базарлар мен сауда үйлерінде күзге қарай бала жетектеген адам санының артуы болса, екіншіден, бағалардың да бірден көтеріліп кететіні. Саудагерлер алақандарын ысқылап күтетін бұл маусым әсіресе, көп балалы ата-аналар үшін қиындау. Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер күтіп тұр? Мектепке дайындық қанша тұрады? Базардағы баға қаншалықты өзгерді? Бүгінгі «Талқы» айдарында осы сауалдарға жауап іздейміз.
Гүлнар Мажитқызы, Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі орта білім бөлімінің меңгерушісі:
- Биылғы жаңа оқу жылында 143 мың оқушы білім алады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 7 мың балаға артық, яғни елімізде демографиялық көрсеткіш артып келеді. Жаңа оқу жылының басты ерекшелігі алғаш 19 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Сондай-ақ, олар жаңартылған мазмұндағы оқу-білім стандартымен оқиды. 5 күндік оқу күнтізбесі бекітіліп, оқу ұзақтығы маусым айына дейін ұзартылуы мүмкін. Оқулықтар, оқу әдістемелік құралдары 100 пайызға қамтылды. ҚР Білім және ғылым министрінің қаңтар айындағы 26 бұйрығы негізінде бірыңғай мектеп формасы сақтау мақсатында ереже қабылданды. Осы талап негізінде әр мектеп ата-аналармен қауымдаса отырып, бірыңғай мектеп формасын ұйымдастыруда. Қазіргі таңда облысымызда 299 мектеп жұмыс жасайды. «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Шиелі кентінде 1 мектеп, қаламызда 1 мектеп пен 1 балабақша қолдануға берілді. Мұның барлығы Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасы дер едім.
Бекзат Ибраев, № 257 орта мектеп директоры:
- Өткен жылды жақсы нәтижемен қорытындылап, жаңа оқу жылына тың серпіліспен оралып отырмыз. Биылғы өзгеріс - мектеп табалдырығын аттайтын 1 сынып оқушылары 5 күндік оқу кестесімен оқиды. Сондай-ақ, үш тіл қатар жүреді. Ағылшын, орыс тілдері аптасына 2 реттен бөліп оқытылады. Ал мектеп формасына келер болсақ, мамыр айында барлық ата-аналармен жиналыс өтті. Екі жақты келісім арқылы мектеп формасы бекітілді. Бірлесе отырып мектеп формасын қаладағы «Жібек» ательесінде тіктіретін болдық. Ательеге көп тапсырыс берілсе бағада төмен болатыны сөзсіз. Мектеп формасы бастауыш сынып оқушылары үшін 5 мың теңге болса, жоғарғы сынып оқушыларына 7 мың теңге. Қазіргі таңда жыл сайын дәстүрлі түрде жүргізілетін «Мектепке жол» акциясы аясында көптеген іс-шаралар жасалып жатыр. Тұрмысы төмен, көп балалы отбасынан шыққан балаларға да көмек көрсетілуде. Мектепте кітап қоры жеткілікті. Әр бала оқу жылына қажетті кітаптармен қатар қосымша білім беретін оқулықтармен де қамтамасыз етіледі.
Гүлмира Әбішова, ата-ана:
- Тамыз айы басталысымен біз мектепке дайындыққа қамданамыз. Үш балам бар. Сауда орындарында оқу-жазу құралдары, мектеп формасы мен аяқ киім бағасы былтырғы бағамен салыстырғанда едәуір қымбаттаған. Орта есеппен алғанда 30 пайызға жоғары. Саудагерлер мұны «тауардың көбі шетелден келеді, ал теңге құнсызданғаннан кейін баға қымбаттады» деп түсіндіреді. Күнделікті тұтынатын Ресейдің Архангельск қаласынан шығатын бір дәптердің құны - 16 теңге, ал 100 дәптер 1600 теңге тұрады. Дегенмен, оқушыға ең алдымен мектеп формасы керек. Базарда 7 мың теңгеден бастап, 15-17 мыңға дейін барады. Әр ата-ана баласының сапалы тауарды тұтынғанын қалайды. Сондықтан шамамыз жеткенше 5-6 ата-анамен бірігіп, форманы жеке тігіншілерге тапсырыспен тіктірдік. Көп тапсырыс алғанға қуанған тігіншілер арзан бағаға тігіп берді. Форманы сатып алғандағыдай балақ-жеңін қысқартып әуре болмайсыз, әрі арзанға түседі.
Асылай Ерланқызы, ата-ана:
- Мектепке дайындығымыз, Аллаға шүкір, жаман емес. Кез-келген заттың сұранысына қарай бағасы шарықтайтын кезең болады ғой. Сол секілді, тамыздың аяғында мектептің оқу құралдары да, киімдер де қымбаттап кетеді. Мен осыны ескеріп, балаларымның оқу құралдарын ертерек, шілде айында-ақ сатып алып қойғанмын. Отағасы екеуміз шамамыз келгенше балаларды жақсы киіндіруге тырысамыз. Сол үшін біз базар мен арнайы дүкендердегі мектеп формаларының бағасын, сапасын ерінбей салыстырып, аралап шықтық. Мектеп жасындағы 3 балам бар. Бір баламның мектеп формасы, спорт киімі, оқулықтары мен оқу құралдарын қосқанда кем дегенде 50 мың теңгедей қаражат кетті. Балаларым қатарынан қалмау үшін, өзіміз кимеген нәрсені кигізу үшін еңбектеніп жүрміз. Мектебіміз көпбалалы отбасылардан шыққан, ата-анасы жұмыс істемейтін балаларға көмек беріп отырады. Жалпы, бала біткеннің барлығы жыл сайын мектепке жаңа киім киіп барғысы келеді. Біздің балалар да сондай. Оның үстіне олар жыл сайын өсіп отыратыны тағы бар.
Арайлым Қасымова, №15 мектеп-лицей мұғалімі:
- Жаңа оқу жылын барлығымыз асыға күтудеміз. Қыркүйек айынан бастап бірінші сыныптар 5 күндік оқу аптасына көшеді. Мұндай жүйе дамыған елдерде де қолданылады. Біздің елде ол 2017-2018 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2017 жылы 2,5,7,9-сынып оқушылары 5 күндік оқу аптасына көшеді. Бұл баланың қалпына келіп, ал ұстаздың жақсы демалып, сабаққа сапалы дайындалуына мүмкіндік береді. Сенбі күнгі бос уақыт балалардың қосымша білім алуына да қолайлы. Мектепте алғашқы қоңырау соғылғаннан кейін «Білімді ел - мәңгілік ел» атты тәрбие сағаты өтеді. Ондағы басты мақсат өскелең ұрпаққа тәуелсіз еліміздің болашағы білімді жастардың қолында екенін ұғындыру. Қазіргі кезең технология заманы. Біз мұғалімдер бәсекеге қабілетті оқушыларды тәрбиелеуге міндеттіміз. Осы мақсатта көптеген пәндерді 7 модуль бойынша, жаңа ақпараттық технологияларды пайдалана отырып өткіземіз.
Лаззат Абуова, сатушы:
- Оқу жылы жақындаған сайын тауарлардың уақытша қымбаттайтыны жазылмаған заңдылық. Биылғы тауарлардың бағасы аса көп қымбаттаған жоқ. Көпшілік арзан баға айтсаң, одан да арзанға түсіруіңді сұрайды. Қазір мектеп тауарларына деген сұраныс жоғары, сол үшін де сауда қызып тұр. Бұл кезең де өте шығады. Саудагерлердің арасында «темірді қызған кезде соқ» деп, тауар бағаларын шарықтатып жіберетіндері бар. Бірақ, ол барлық зат қымбаттады деген сөз емес. Базардағы тауарлардың басым бөлігі, негізінен, Қытайдан, Қырғызстаннан, Ресейден әкелінген. Сапасы мықты болмаса да бағасы арзандау. Тұтынушыларымыз қарапайым халық болғандықтан, біздің тауар олар үшін қолжетімді болып тұр. Сондықтан қарапайым халық базар сөрелерінде тұрған тауарды тұтынады.
«Орамалыңыз қайда?» атты мақала бас киімнің қазақ дәстүрі мен мәдениетінде алар орны туралы айтылады.
Жаулық - әйелдердің бас киімі, орамалы. Кейбір өңірлерде сәукелеге, кимешекке қосымша жамылғы орнына қолданған. орамал да басқа бас киімдер тәрізді аяқ асты етпей, қасиетті киім ретінде қастерленеді. Әсіресе, баскиімді бөгдеге тарту етпейтін тыйым орамалға да қатысты. Араздасқан, кешірім сұраған адамдар әйелдің ақ жаулығының киесіне тоқталған. азаматтарды араққа салып, аналарымыздың ақ жаулығымен алысқан аумалы төкпелі тұста да әзиз әжелеріміз «жаулығымды алғанша, жанымды алсын» деп жүрген. Ананың көркі де, қасиеті де ақ жаулықта. Алысқа сапар шексек арттағы анамызды аңсап асығып тұрамыз. Ақ жаулығы желбіреп алдымнан шығып келердей болатын.
Қазақта жаулық тағу тұрмысқа шығып, келіншек болғанның бұлжымас белгісі, ал басына бантик байылап, бұрымын өріп қою қыз баланың нышаны. Бірақ бүгінде бәрі басқаша. Жас келіншектер жалаңбас жүр, кейбір аналарымыз «мода» деп мейірлі бейнесін өзгерткен. Жаңа түскен келінде көп ұзамай орамалын таққысы келмейтінін білдіруде. «Шүберек тағып, шашты құндақтап жүргеннің несі жақсы?» деп бүгінде көп аналарымыз орамалсыз жүр. Мәдениетті өмір салты деп шашты қысқартып, оны түрлі түске бояп жүрген әжелер де көбейді. «Ақ жаулығың емес пе, аппақ арың, сылдырлаққа сыныңды сатпа жаным, белгісі әйел адам-аппақ жаулық, аппақ деген ұлы ұғым ақ маралым», - деп айтатын ерлер де жоқтың қасы. Қалаға тұрмысқа шыққан қызын бірер жылдан соң іздеп келген шешесі танымай қалыпты. Үш баланың анасы алдынан шашын жайып шықса керек. Қозысынан жеріген қойдай болған шешей қызын әзер танып талып қала жаздаған екен. Аман-саулық далада қалып, ана мен қыз арасында ақ жаулық әңгіме болыпты. Замира үлкен әулеттің келіні. Бірақ келіншек болып түскеннен кейін бір жеті өтпей-ақ орамал тағуды қойыпты. Ері де, енесі де қарсылық білдірмеген екен. «Қаладағы келіншектердің көбісі басына орамалтақпайды. Мәдениетті ортадаоранып жүрсең оғаш көрінеді. Батыстың сұлу келіншектердей біз де шашты арасынан гүл шығарып сәндеп, заманауи шаш үлгісін жасатқымыз келеді» деген пікірде. Бірде жұмысқа орамал тағыпкелдім. Көйлегіммен түстес жарасып- ақ тұрды. Алдымнан шыққан бір әріптесім «Неге орамал тағып алғансыз, шешіп тастаңызшы» деді. Ал сәл сайқымазақтау бір ер жігіт «сізге не болған басыңыз жарылды ма? Әлде шашыңыз алынды ма?» деп, жаулық көрмегендей таңғалды. Тіпті бір әріптесім орамалды жақыны қайтыс болғанда ғана тағады деп жүр екен. Керісінше, жары өліп, жесір қалған әйел шашын жайып жоқтау айтқан. Ал біздің бүгінгі қаракөздер күннің ыстығына қарамастан белден төмен түскен бұрымдарын жайып жүр. Керіскедей кей еркектің өзі ер бола алмай жүргенде, әйелдердің еркек болғысы келгендей жаулығын жұлып алып, жалаңбас жүргені жараса ма? Әу бастан- ақ ұлттың анасы болып келе жатқан әйелдердің жалаңбас қалуы бізге нені ұғындырады? Қасиетті бас киімнен айырылсақ не болмақ? «Басқамен ойнасаң да, басыңдағы бас киіммен ойнама» деп қазақ атам бекер айтпаса керек. Орамалыңыз қайда? Ойланыңызшы
«WikiBilim» қоғамдық қорының президенті Нұрбек Матжанимен «Технология қазақ тілінде сөйлеу қажет» деген сұхбатында ғаламтордағы қазақ контенті мен сайттарын дамыту жайы көтеріледі.
Бес жыл бұрын ғаламторда қазақ тілі аясын кеңейтуді көздеген бір топ жастардың баста масымен «Wikibilim» қоғамдық қоры құрылды. Қордың алғашқы жобаларының бірі - халықаралық онлайн энциклопедия Уикипедияның қазақ тіліндегі нұсқасын әзірлеу. жоба басталмай тұрып, әлемдік энциклопедияда қазақ тілі 127-орында тұрса, бір жыл ішінде ол 25-орынға көтерілген. Бұдан өзге қордың бастамасымен «Google translate», Қазақстанның ашық кітапханасы, «Tеd», мектеп бағдарламасындағы қазақ әдебиетінің аудиохрестоматиясы сынды ірі жобалар жүзеге асты.
- Қоғамдық қордың құрылуына қысқаша тоқталсаңыз.
- «WikiBilim» қоғамдық қоры ғаламтордағы қазақ тіліндегі білім беруге бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында 2011 жылы құрылған ұйым. Қазір интернеттің жаппай қолжетімді бола бастауы, әсіресе жастар жағының интернетті белсенді пайдалануы қазақ тіліндегі сапалы мазмұнға деген сұранысты арттырды. Осы орайда ғаламтор пайдаланушылардың назары бірінші кезекте танымал әлемдік платформалар мен қызметтерге түсетіні анық. Біз сол себепті интернет пайдаланушылар саны бойынша әлемдік ондыққа кіретін Уикипедияның қазақша тарауын дамыту жобасын қолға алдық. Жобаны бастаған кезде ондағы мақалардың саны 10 000-нан аспаған еді, ал тұрақты мақала жазатын адамдар 3-еу ғана болатын. Бүгінде мақалалардың саны 200 000- нан асып кетті, үнемі Уикипедияны дамытумен айналысатын адамдардың саны 300-ге дейін жетті. Бұдан өзге біз қазақ тілін ғаламдық Google аудармашы жүйесіне енгіздік. Енді бұл қызметтің көмегімен кез келген интернеті бар адам әлемнің 100-ге жуық тілінен қазақшаға және кері аударма жасай алады. Сонымен бірге, айтары бар ғалымдарды, бизнесмендер мен қоғам қайраткерлерінің басын қосатын TED (таратуға тұрарлық идеялар - авт.) лекцияларын Қазақстанға алып келдік. Ондағы мақсатымыз қазақ жастары әлемнің озық ойларынан сусындаса екен деген ой.
- Бұлардан өзге «Қазақстанның ашық кітапханасы» жобасының бүгінгі жұмысына тоқталсаңыз. Бүгінде кітапхананың қоры қанша? Онлайн- кітапханаға оқырман қаншалықты қызығушылық танытуда?
- «Қазақстанның ашық кітапханасы» жобасы 2012 жылы іске қосылды. Жобаның мақсаты қазақ тілінде жарық көрген және Қазақстанға қатысы бар өзге тілдердегі кітаптарды электронды үлгіге ауыстырып, оқырмандарға тартымды форматта ұсыну. Бүгінге дейін 5000-ға жуық кітаптың электрондық нұсқасы әзірленді. Қазақ әдебиеті пәні бағдарламасына енген барлық шығармалардың аудионұсқасы дайындалды. Бұл дегеніміз 1500-нан аса аудиокітап. Сондақ-ақ, 400-ден аса ертегіні дыбыстап шықтық. Онлайн кітапхана аясында 150 000 лексикалық бірліктен тұратын «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі" жұмыс істейді. Қазір кітапхана редакциясы «Қазақ ақындары» атты аудио антологиясын жасаумен айналысып жатыр. Қолданушылар бүгінде көзі тірі авторлардың өз оқуындағы өлеңдерін тыңдай алады. Көрнекті тұлғалардың дауысын естуге мүмкіндік беретін «Ұлылардың үні» атты жобамыз бар.
Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды да жариялау мақсатында «Құнды кітап» жобасын жүзеге асырып келеміз. Жас прозашылардың шығармаларын насихаттауға арналған «Құс қанаты» жобасын қолға алдық. Жобамыздың негізгі аудиториясы - жастар. Бүгінде сайтымызға 27 мыңнан аса оқырман тіркелген. Сонымен қатар «Kcell» компаниясының қолдауымен «Kitap», ал «Шеврон» компаниясының қолдауымен «Audiokitap» мобильді қосымшасы іске қосылды. Айтпақшы, Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Қызылорда қаласының аялдамаларында мобильді кітапханалар орнатылды. Енді автобус күтіп тұрған жолаушылар қолдарындағы смартфондардың көмегімен кітап оқу немесе аудиокітап тыңдау мүмкіндігіне ие болды. Қызылорда қаласы мұндай жобаны жүзеге асырған Қазақстандағы алғашқы қала екенін ерекше атағым келеді.
- Жақында «Тіл және технология» атты мақалаңызды оқыдым. Жасанды интеллекттіні қазақша сөйлету жұмысының бет алысы қалай? Сіз атап өткен сегіз мақсаттың біразының орындалуына алғашқы қадамдар жасалды. Технологияның қазақ тілін түсініп, оған қисынды жауап беруі, қазақ тілін арнайы бағдарламаға енгізу мүмкіндігіміз қандай?
- Өте орынды сұрақ. Мен атап өткен технологиялар өте күрделі болып саналады. Сол себепті де мұндай жобаларды мамандандырылған мемлекеттік мекемелердің, арнайы зерттеу орталықтарының жүзеге асырғаны дұрыс деп ойлаймын. Бұл жобаларды іске асыруға еліміздің кадрлық та, қаржылық та мүмкіндіктері жетеді. Өкінішке орай, бұл бағытта мемлекет тарапынан ауыз толтырып айтатындай шаруалар атқарылып жатыр деп айта алмаймын. Бәлкім, аталмыш технологиялардың қажеттігін шешім шығаратын жауапты мекеме басшылары әлі түсінбеген болар. Қайткенде де, жасанды интеллектімен байланысты технологияларды қазақ тілімен достастыру - кезек күттірмейтін мәселе.
- Технологияны қазақша сөйлету мақсатында атқарылатын жұмыстар көп. Сіздіңше, IT технология саласында қазақстандық мамандардың деңгейі қандай?
- Бүгінгі күнгі технологиялардың ең басты ерекшелігі - технологиялардың жылдам дамуы мен өзгеруінде. Бір технология шықпай жатып, оның орнын мүлде жаңа технология басып жатыр. Ғалымдар технологиялардың соңғы кездері эволюциялық емес, революциялық жолмен дамып жатқанын айтуда. Осындай технологияларды жасай алатын, игере алатын білікті ІТ мамандарын дайындайтын жақсы оқу орындары бар. Алайда тілімізді технологиялармен жақындастыратын арнайы компьютерлік лингвистика мамандығын меңгергендер жоқ. Себебі, қателеспесем, еліміздің ешбір жоғары оқу орны мұндай мамандықты оқытпайды. Менің ойымша, қазақ тіл біліміндегі осы бағыт қазір қатты кенже қалып келеді.
- Жалпы, қазақ тілінің аясын кеңейту мақсатында қолға алынған жобаларды жүзеге асыруда қандай қиыншылықтар кездесті. Жобаларды мемлекеттік қолдау жағы қалай?
- Кез келген жобаны жүзеге асырған кезде өзінің қызығы мен шыжығы, қиыншылықтары болады. Біздің жағдайдағы ең үлкен қиыншылық - ол адамдардың краудсорсинг технологияларына деген көзқарасы. Википедияда дұрыс емес ақпарат оқыса немесе Google Translate жүйесінде қате аудармаға тап болса, «WikiBilim» қайда қарап отыр?» деген сияқты орынсыз уәждерді жиі естиміз. Аталмыш жобалардың жүзеге асуына тек қана біздің қоғамдық қор жауапты емес, оған қазақ тілінде ақпарат тұтынғысы келетін барша тіл жанашырлары жауапты. Себебі, Википедияға мақаланы кез келген адам жаза алады, ал Google Translate жүйесіндегі қате аударманы кез келген адам жөндеу мүмкіндігіне ие.
Ана тіліміздің кең қолданысқа енуіне үлес қосатын осы секілді краудсорсингке негізделген жобалардың мүшкіл халде болуы, шынын айту керек, біз үшін - қазақ қоғамы үшін үлкен сын. Тіл жанашырларынан «тілді қалай дамыту керек?» деп сұрасаңыз, тоқтата алмайсыз. Алайда, нақты іске келгенде, нақты әрекетке келгенде көбіміз тек сын айту, ұсыныс білдіру деңгейінде қалып қойып жатырмыз. Мен сізге тек Уикипедия мен Google Translate платформаларын ғана айтып отырмын. Қазақ тілінде сөйлемей жатқан осы секілді платформалар мен қызметтер бүгіннің өзінде жетерлік, ал болашақта олардың саны көбеймесе, азаймайтыны анық. Замана көшіне ілесіп, тілімізді технологиялармен достастыру - ол мына менің, сіздің және өзін тіл жанашырмын деп санайтын кез келген адамның қасиетті борышы деуге болады. Себебі, қазақ тілінің өміршеңдігі осындай жобалармен тікелей байланысты болмақ. Дәл осы сияқты жобаларға келгенде мемлекеттің қолдауын күтіп жатуға болмайды. Біздің қоғамдық қор көптеген мемлекеттік мекемелермен серіктес, ниеттес. Алайда, біз мемлекеттен көмек күтпейміз. Шамамыз келгенше жобаларды мемлекетке күш салмай, демеушілердің қолдауымен жүзеге асырғанды дұрыс деп санаймыз. Мүмкіндікті пайдалана отырып, Сыр елі жастарын қазақ тілінің мерейін үстеп ететін жобаларға үлес қосуға шақырғым келеді.
Қалалық «Ақмешіт апталығы» басылымында жарияланған мақалалар сан алуандылығымен құнды боп келеді. Соның бірі «Тракторшы жігіт «Шаншарға» барады».
...Басылымымыздың өткен санында «МузАрт» тобының орындауындағы əнді нақышына келтіре айтқан қызылордалық тракторшы жігіттің видеожазбасы əлеуметтік желіні дүр сілкіндіріп, оның əп-сəтте-ақ ғаламтор жұлдызына айналғанынан хабардар еткен болатынбыз. Республиканың түкпір-түкпірінен видеожазбаны тамашалаған көпшіліктің сол кезде ауылдағы хас таланттың өнеріне тəнті болғанын байқадық. Араға уақыт салып, қайта хабарласқанымызда əнімен əлеуметке танылған Асылжан бізге соңғы жаңалығымен қуана бөліскен еді. «Қуанышты бөліссең, көбейеді» деп біз де таланттардың тасада қалмайтынын тағы бір мəрте дəлелдей түсу үшін оны оқырманмен бөліскенді құп көрдік
Тракторшы жігіттің ай туынша, республикамызға белгілі əзіл-оспақ театрларының бірі де бірегейі - «Шаншар» театрына жолдама алыпты. Талантты жазбай танитын театрдың директоры Уəлибек Əбдірайымовтың көңілінен шыққан əнші жігіт бүгінде əн жаздырту үстінде. Мəселенің мəн-жайын Асылжанның өзі бізге былай тарқатып айтып берген еді.
- Сол ғаламторға жарияланған бейнежазбадан кейін мені Астанаға «Əйел бақыты» телекөрсетіліміне қонаққа шақырған болатын. Ертесіне Шиелі ауданының тумасы Сардар есімді ағамыз даусымның ерекшелігін алға тартып, өнер жолына түсуіме қол ұшын беретінін жеткізді. Сөйтіп, мені Уəлибек ағаның Қызылордаға жолы түскен бір сапарында онымен таныстырып, бағыт-бағдар беруіне қолқа салды. Ол кісі де мені музыкалық аспаптармен əн айтқызып, жан-жақты сынағынан өткізді. Аз уақыттың ішінде сахна мəдениеті туралы өз тəжірибесімен бөлісті.
Сөз соңында күзде «Шаншарға» қабылдайтынын айтып, қуантып қойды, - дейді 34 жасар Асылжан Омаров. Расында, домбыра, гитара, аккордеон, баян жəне Yamaha аспаптарының құлағында ойнайтын Асылжанның кез келген музыкалық аспапты тез игеріп кететін тума талант қасиеті бар. Əйтпесе, аталған құрылғылардың бірде-біреуін арнайы үйірме жағалап үйренбеген. Отбасындағы 4 ұл, 4 қыз да дəл осындай дарынға ие. Музыканы тілсіз ұғынып, жүрекпен жеткізетін жандар.
- Қазір Уəлибек ағамен бірлесіп, сол кісінің нұсқауымен əн таңдап, жазу үстіндеміз. Сəтін салса, күзден бастап қызу дайындық жасап, театрдың жаңа жылдық концертінде өнер көрсетуді жоспарлап отырмыз. Оған дейін «Шаншардың» Қызылордадағы гастрольдік сапарында болып, облыстың бірқатар ауыл-аймақтарын бірге аралап, өнер көрсеткен едім. Енді алдағы уақытта үлкен сахнадан да көріп қаларсыздар деген ниеттемін, - дейді ол бізбен əңгімесінде.Осылайша өнерге аяңдап қадам басқан Асылжан бүгінде театрдың белді əртісі Дəурен Əбиевпен бірге қазақтың қазыналы тойын бірі əзілмен, бірі əнмен əрлеп жүрген жайы бар. Себебі, дəл қазіргі сəтте қолында қағазы жоқ Асылжан үшін отбасын асыраудың бірден- бір жолы осы. Сондай-ақ, «Беларусь» аталатын темір техниканы ырқына көндірген ол арасында түгіскендіктердің де отын-шөбін əкеліп беріп, нəпақасын айырып тұрады.
Ал, қос ұлы - Мейіржан мен Санжар, өмірлік жары - Айсара шаңырақтың тіреуі, ошағының діңгегі - отағасысына əркез демеу болып, мызғымас ауызбірліпен Тəңірдің берген дəм-тұзын бірге татып келеді.
«Өркениетке өріс ашқан өнер»
...Егеменді еліміздің тəуелсіздігі биыл 25 жылға аяқ басты. Осы ширек ғасыр ішінде жүзден астам ұлт пен ұлыстар мекендеген кең байтақ Қазақстан өтпелі кезеңді басынан кеше отырып, экономикасы мен əлеуметтік əл-ауқаты нығайған мемлекетке айналды. Небір күрделі кезеңді басынан өткерген еліміз бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті.
Дегенмен, тəуелсіздіктің алғашқы жылдары қай салада болмасын қиыншылықты басынан өткерді. Əсіресе, мəдениет саласы аздап тоқырап қалды. Мəселен, əлеуметтік-мəдени саланы оңтайландыру саясатында кеткен қателіктердің салдарынан облыс бойынша мəдени мекемелердің 48 пайызы, ауылдық клубтар мен рухани байлықтың ордасы саналатын кітапханалар жаппай қысқартуға ұшырады. Əйтсе де, көптен күткен азаттықтың ақ таңындағы қадау-қадау бастамалар қазақ мəдениеті үшін өз жемісін бере бастады. Сан жылдар соқпағының сүрлеуінде ұмыт қалған мұраларымыз жанданды. Өткен ғасырлардан қазына боп қатталып, тарих боп тасада қалған барлық мəдени байлығымыз еңселі егемендігіміз бен сарабдал саясаттың арқасында шетінен аршылып, қайта түлей бастады. Мəдениет саласындағы мұндай жанданудан Сыр өңірі де шеттеп қалмады. Облыстың мəдениеті мен өнері өрісінің кеңейіп, салт-дəстүрі мен əдет-ғұрпының, тілі мен дінінің қайта жаңғыруына, өнердің халық қазынасына, ұлт байлығына айналуына жол ашылды.
Қалалық мəдениет бөлімінің бастамасымен облыс орталығында жаңадан мəдениет ошақтарын ашу, жабылып қалған мекемелерді қайта қалпына келтіру, олардың жұмыстарын жандандыру, қазіргі заманға сай материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында ілкімді істер қолға алына бастады. Облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығына А.Тоқмағамбетов атындағы мəдениет үйі, облыстық филармонияға теміржолшылар клубы ғимараты берілді. Қалалық мəдениет бөліміне қарасты Қосшыңырау жəне Ақсуат ауылдық округінің мəдениет мекемелері ауылдық əкімдіктің құзырына өтіп, тұрғындарға мəдени қызмет көрсетіп келеді. Сондай-ақ, қалалық бюджет қазынасы есебінен Пушкин атындағы орталық кітапхана мен №12, №14 кітапхана бөлімшелерінің ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, өз жұмысын тоқтатқанына 12 жыл болған Талсуат ауылдық округіндегі клубқа қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, материалдық базасы жаңартылған. Осы бағыттағы жалпы мəдениет ошақтарын қайта жөндеуден өткізуге 7,4 млн. теңге қаржы қаралған. Соның нəтижесінде М.Ералиева атындағы мəдениет үйі кешенді студиялық компьютерлер, ұлттық киімдер жəне қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сол сияқты Тасбөгет қыстағынан орын тепкен С.Майқанова атындағы мəдениет үйінің жылу жүйелерін жөндеуге 3,4 млн. теңге бөлініп, ол қаражат тиісінше жұмсалған. Мəдениетті қолдай түсу мақсатында 2006 жыл «Өнер жылы» деп жарияланған тұста да біршама толымды істер орын алды.
Ұлтымыздың салт- дəстүрлерін берік ұстап, замананың небір тар жол, тайғақ кешулерінің өткелдерінен аман өтіп келген өнерге бір табан жақын Сыр жұртшылығының тынысы кеңейіп, беделі асқақтай түсті. Осы орайда облыста қалалық мəдени іс-шараларды өткізу үшін жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, халыққа қызмет көрсету сапасы арта түсті. Мəдениет мекемелері облыс орталығындағы түрлі деңгейдегі іс-шараларға белсене қатысып, мəдени ошақтардың жұмысына жаңа леп, жаңа қарқын берді. Өткенімізді ұлықтап, ұрпағымызға құнды жəдігерлерді дəріптей түсу мақсатында да жасалған бастамаларды айтпай өтуге болмас.
Мəселен, облыстың тарихи-мəдени ескерткіштеріне құжаттар жасау, қорғау тақталарын дайындау, «Музеолог» бағдарламасын енгізу, облыс орталығында орналасқан кітапханалардағы сирек кездесетін кітаптарды қалпына келтіру мен олардың көшірмелерін жасау қолға алынды. Ал, бұл көненің көзі саналатын тарихи мұралардың келешекке сол қалпынша жетуіне өзіндік септігі зор екенін ұмытпағанымыз абзал. Осы жылдардан бастап- ақ өңірдің мəдениеті ерекше жандануға бет алды. Соның айқын дəйегі ретінде 2002 жылы Қызылорда су торабы жанынан қоғамдық негіздегі су шаруашылығы музейін айтуға болады. Үш жыл өткен соң аталмыш мəдени нысан облыстық музейдің басты бөлімі ретінде қайта құрылды. Онда Сыр елінің белгілі мұрабтары, аумақтың суармалы шаруашылығын дамытуға, экономиканы өркендетуге үлес қосқан тұлғалар туралы құжаттар мен фотоматериалдар, су мəселесіне қатысты құрал-жабдықтар орын алды.
Тура осындай ілкімді жоба 2005 жылы Сырдың бас қаласының астана болғанына 80 жыл толуына орай ашылған «Ақмешіт» музейімен жалғасын тапты. XX ғасырда іргетасы қаланған ғимаратта есігін айқара ашқан музей өткен ғасырдағы өлкеміздегі сəулет өнерінің даму деңгейін көрсетеді. Аталмыш нысанның тек біздің облыс ғана емес, бүкіл республика үшін маңызды болуы онда Орынбор - Қызылорда - Алматы - Астана жайлы 2000-нан аса экспонаттар қойылғандығымен өлшенді. Бұдан тəуелсіздік жылдарында облыстық мұрағат пен музей саласының қарқынды дамығанын байқаймыз. Оған мұрағаттың материалдық-техникалық базасы нығайып, жүргізілген жүйелі жұмыстардың жоғары көрсеткіші дəлел болып отыр. Осындай мəдениет саласындағы қадау-қадау бастамалар Сыр елі, жыр елінде ерекше серпінмен алға басты. Республикалық деңгейдегі түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, белсенділік артты. Мəселен, 2007 жылы ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтың 125 жылдық мерейтойы ел көлемінде аталып өтті. Аймақ тарихында тұңғыш рет облыстық филармония жанынан кəсіби ұлт-аспаптар оркестрі құрылып, оған Сыр сүлейі - Тұрмағамбет есімі берілді. Бұл шара қызылордалықтардың тау тұлғасын ұлықтап, оның шығармашылығын ұрпақтар сабақтастығына дəріптей түсуімен есте қалды.
Сондай-ақ, облыстың 70, Сыр шаһарының 190 жылдық мерейтойына арналған мерекелік онкүндікте өңір мəдениеті бірқатар нысандар мен мұраларға байи түсті. Дүбірлі той аясында қала орталығынан «Қобыланды батыр» ескерткіші, «Сыр сүлейлері» аллеясы мен қайта жаңғыртудан өткен «Астана» даңғылының ашылу салтанаты өтті. Бұл бір жағынан, қалада мəдени ескерткіштердің санын арттыруға септігін тигізсе, екіншіден қала келбеті мен көркін аша түсуде маңызға ие болды. Ал, нағыз рухани байлықтың қайнар көзі саналатын Əбділда Тəжібаев атындағы облыстық ғылыми- əмбебап кітапханасы 2009 жылдың желтоқсан айында 400 мың кітап сақтау орны бар су жаңа ғимаратқа көшіріліп, өз оқырмандарына есігін айқара ашты. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, жаңа заманға сай бой көтерген рухани орданың ашылуымен Сыр жұртшылығын арнайы құттықтады. Бүгінде бұл іздеп жүріп оқитын қалың оқырманы қалыптасқан əдебиет мамандары мен ақын-жазушылар өзара ой бөлісіп, пікір алмасатын бірден-бір жайлы мəдени орынға айналды. Білім жолына түскен жастар үшін барлық жағдай жасалып, сирек кездесетін жəне аса құнды шығарылған кітаптар мен қолжазбалар өңделген. Көше көркін ашып, қайраткерлеріміздің тау тұлғасын насихаттай түсу мақсатында орнатылған ескерткіштер қатарын Бұқарбай батыр Естекбайұлы мен Жанқожа Нұрмұхамедұлының ескерткіштері толықтырды. 2012 жылы Ғ. Мұратбаев көшесі бойынан бой көтерген ескерткіш батырдың 200 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған болатын. Салмағы 6 тонна, биіктігі 6,1 метрді құрайтын ескерткіш мүсінші Ж.Смағұловтың жобасы бойынша қоладан құйылып, гранит таспен қапталған. Ал, Қорқыт Ата кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткіш белгі облыс орталығындағы ең құнды мəдени жəдігерлердің көшін бастап тұр. Ескерткіш өзінің көлемдік-кеңістіктік жобалануы жағынан монументальдық пішінімен ерекшеленеді. Белгілі мүсінші Жəркен Ысмағұловтың архитектуралық шеберлігімен жасалған кешеннің биіктігі 12 метрден асады. Зəулім етіп көтерілген тұғырға орнатылған үш қырлы бөлік ішкі ойығы арқылы қобыз бейнесін көрсетеді.
Ортасында желмаяға мінген Қорқыт Ата қобызымен бейнеленген. Мінсіз шеберлікпен жасалған сəулеттік нысан қараған жанға алыстан-ақ мен мұндалап тұр. Ал, 2014 жылы қаланың теміржол вокзалы маңынан ойып тұрып орын алған Жанқожа батырдың ескерткіші 240 жылдық мерейтойы құрметіне арналды. Қоладан құйылған нысанның салмағы 5,3 тоннаны, биіктігі 5,4 метрді құрайды. А.Кененбаев, Қ.Дулатов, Т.Серікбаев сынды хас шеберлердің қолынан туған бұл дүние бүгінде шаһардағы бітімі ерек ескерткішке айналған. Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі де бірегейі деп 2013 жылы мəдени өмірдегі басты жаңалықтар саналған облыс əкімінің тікелей қолдауымен ЮНЕСКО-ның бүкіл əлемдік мұралар тізіміне облыстағы тарихи маңызы зор ескерткіштерді енгізу жұмыстарының бастауын айтуымызға болады. Осы орайда ескі қалашықтар - Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат пен Қорқыт ата кешендері тек біздің ғана емес əлем құндылығына айналуына мүмкіндік туды. Сондай- ақ, түркі тектес елдердің «Қорқыт жəне Ұлы дала сазы» атты фольклорлық музыка фестивалінің осы Сыр топырағында өтуі де оның түркі мəдениеті əлеміндегі орнын одан əрі айшықтап бергендей болды. Мəдениет саласындағы мəйекті істер мұнымен толастап қалған жоқ. Уақыт өткен сайын дамудың сара жолына түскен аталмыш сала өңірдің өркениетін өрістетуде алдыңғы шепке шықты.
Мəдениетті қолдауға бағытталған жұмыстар үздіксіз жүргізіліп, қаралған қаржы көлемі де ұлғайды. Соған сай нəтижелі істер де орын алды. Мəселен, мəдени нысандарды жаңғырту мақсатында қаланың Маханбетов, Қызылжарма ауылдарында 150 орындық екі клуб ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Ал, Абай ауылындағы мəдениет үйі қалалық бюджет қазынасынан бөлінген 23 млн. теңгеден астам қаражатқа күрделі жөндеуден өткен. Дəл осындай қамқорлықты С.Майқанова, М.Ералиева, А.Тоқмағамбетов атындағы мəдениет үйлері де сезінді. Нəтижесінде мекемелердің жағдайы жақсарып, жергілікті халыққа мəдени қызметтің сапасы артты. Биылдың өзінде де мəдениет, өнер мекемелері мен архив саласы бойынша облыстық бюджеттен 989 млн. 383 мың теңге қаржы бөлініп, нəтижесінде жоспар 100 пайызға орындалған. «Қазақстан Республикасы кітапхана саласын жаңғырту туралы» бағдарламасының аясында бүгінгі күні облыста 35 модельді кітапхана жұмыс жасайды. Ал, «Кітапхана қорларын цифрлау» жобасы бойынша қор сақталымын қамтамасыз ету, жəне оны жетілдіру мақсатында 2000-нан аса кітап цифрлық нұсқаға көшірілді. Бұл өз кезегінде оқырмандардың қалаған кітаптарына жеңіл əрі ыңғайлы түрде қол жеткізулеріне өз септігін тигізбек. Сонымен қатар, өткен тағылымды тарихтан сыр шертетін облыс көлемінде 511 тарихи-мəдени мұра нысандары мемлекет қорғауына толықтай алынған. Оның ішінде 21-і республикалық, 274-і жергілікті маңызы бар, 216 ескерткіш алдын ала есепке алынған тарихи-мəдени мұра нысандарының тізіміне алынған.
Қазалы ауданындағы Жеңіс саябағында Кеңес одағының батырларына, Социалистік Еңбек Ерлеріне, мемлекет жəне қоғам қайраткерлеріне арналған 12 бюсттің орнатылуы өңірдің мəдениет саласына деген ыстық ықыласы мен ерекше қолдауын паш ете түскендей. Міне, осылайша еліміздің тəуелсіздік тұғыры биіктеген сайын өлмес мұралардың асыл көмбесіндей болған Сыр өңірі қарыштап дамудың сара жолына түсті. Күн өткен сайын шырайлы шаһар тарихының жаңа парақтары ашылып, ерекше қарқынға ие болды. Тек мəдениет саласы емес, жан-жақтылыққа жаңа серпінмен ұмтылған келбетті қаламыз кемел келешектің өркениет өрісіне бет түзеді
Орындалмаған ана арманы
...Сайран түнімен жайсыз түс көріп, ұйқысынан жылап оянды. Бойын үрей билей орнынан атып тұрған ол, есеңгірей отырып барып есін жиғандай болды. Назеркесінің түсінде мұңайып жалғыз жүргенін көрді. Сайран айқайлап, атын атап шақырса да ол қарамай кетіп қалды. «Неге өйтті екен?» деген ой Сайранның қиялын мазалай берді. Оның өмірден озғанына да 16 жылдың жүзі болыпты.
«Ой, уақыт-ай десеңші! Жалғыз қызым Назерке өмірден өткенде де «мен өлген жоқпын ғой» деп іштей ойлап, жанарына жасын ірікті. Сөйтті де, шүкірлік ете, жанында пышылға басып ұйықтап жатқан Ақеркесінің жүзіне елжірей қарап, қызының сүп-сүйкімді бетінен сүйіп алды. Орнынан көтеріліп барып, Назеркесінің фото альбомын қолына алып суреттерін көріп, ағыл-тегіл егілді-ай келіп. Күліп түскен əрбір суреттерін сипалай отырып, үнсіз жылай берді. Бір жағынан «Ақерке оянып кетпес пе екен» деп қояды іштей. Осылай үнсіз жылап отырған сəтте шынымен Ақеркесі де оянып кетті. - Мама, неге жылап отырсыз, - деп орнынан ұшып тұрды ол. Ақ мамам менің, жыламаңызшы, мен бармын ғой. Ертең сізді өзім бағып-қағамын, мама - деп Ақерке анасын құшақтаған күйі, бетінен сүйіп жылап қоя берді. Екеуі аядай бір бөлменің ішінде бірін-бірі құшақтап, ұзақ жылады. Екеуіне де қой дейтін жан жоқ. Қанша уақыт өткені белгісіз солықтарын əрең басты. Сөйтті де Сайран Ақеркеге қарап: «Енді жыламаймын, тəтеңді түсімде көріп, жылап оянғаным. Содан суреттерін көріп, сағынышымды басып отыр едім ғой. Сен, ренжіме, жаным. Ол да сен сияқты ішімнен шыққан балам ғой. Əттең, өмірі қысқа болды, қайтейін. Жиырма жасында қайтыс болғаны жаныма батады, ботамның», деп Сайранның иегі кемсеңдеп барып басылды. Өксігін басқан Сайран фото альбом арасынан сарғыш тартқан қалың дəптерді алып, Ақеркеге берді. Мына дəптердің ішінде Наз ерке тəтеңнің жазған өлеңдері мен хаты бар еді, соны оқып берші, мен жыламаймын, - деп Ақеркеге қиыла қарады. Ақерке не істерін білмей, анасының қолынан қалың дəптерді алып бетін ашып қарай берді. Ақ анам, орындалмай қала ма арман? Санадан үміт оты жана ма алдан? Əйтеуір түсімде ылғи ұшып жүрем, Қорқыныш ой-санамды жаулап алған. Байқасам, тағдыр деген өте қатты, Білсеңіз, өмір қызық, сондай тəтті. Кеше ана көкке қарап қолың жайдың, Түсімде сол көргенім жанға батты. Сонан соң ағыл-тегіл жыладыңыз, Алладан бəлки медет сұрадыңыз? Жарар ед қабыл етсе тілегіңді, Құшақтап қара жерді құладыңыз...
Анашым мен осы өлеңді жазғанда, сіз менің жүзіме күле қарап: «Мені айналып, толғанып» жақсы сөздерді айтып отырсыз. Қайтейін, аяулы анам менің, мəңгілік мекенге аттанатын күнім жақындаған сайын, мен сізді қимай барам. Көркем келбетіңе қимай қараумен жатқанымды сіз білмейсіз ғой, жаным ана! Сізге оны қалай айтам. «Сізді ертең қалай күй кешер екен» деп мұңланып отырған күйімді, сіз қайдан түсінесіз? Мен қиналған сайын сіздің жаныңыз шығып кете жаздап отырғанын жақсы білемін. Осыдан «аяғымнан түрып кетсем» деген менде арманда жоқ емес. Бірақ, əттең жаман дерттен жазылып кетті деген адамды естімеппін. Аяулы анам менің, менің санаулы ғана күндерім қалды. Елге қайтқым келіп жатыр. Соңғы рет туған жерімді көргім келеді. Сыныптас достарымды сағындым. Айнұр, Айгүл, Лəйлалар не істеп жүр екен? Анау күні олар маған телефон шалып, қал- жағдайымды білді. Лəззаттың үйленетінін айтты. Оның тойына қатыса алмайтын шығармын...
Мамам менің, ақ анам менің. Осы күнделігім сізге қалдырған естелігім болсын! Мені əрдайым осы жазғандарым арқылы есіңізге алып отырыңыз. Сізге ақыл айта алмаймын ғой, мама! Папам мен ауырғалы ауруханаға бір рет те келген жоқ. Ол менің 2 жылдан бері ауруханада жатқанымды жақсы білетінін Əсия тəтем айтқан болатын. Бірақ, ол келмеді. Неге келмеді, ол жағы тағы белгісіз. Əлде қайтадан түрмесіне түсіп қалды ма екен? Жарайды, оны қойшы... 15 жылдан бері мені ұмытқан да шығар. Мама, менің айтайын дегенім басқа. Сізге шын жүрегімнен айтып отырмын мама, осыны ұмытпасаңыз, екен! Сіз ренжімеңіз, мен Жарас ағамды əкемнен де артық жақсы көремін жəне өлгенше ризамын ол кісіге. Сіздің жаныңыздан əрдайым қиналған шақтарыңызда табылып келеді.
Мама, сіз оны ешқашан да ренжітпеңізші! Өтінемін, мама! Мейлі, екінші үйі болуыңызға қарсылығым жоқ. Тек ол кісінің жанын жаралап алмасаңыз екен деймін, сізден осыны сұраймын! Мен Алматыда ауруханада жатқалы, жанымда болған сізбен бауырларыңыз Рəш, Мəлике, Сəуле тəтелер, Əнтай көкем, Əбіш, Бекен ағалар бір хабарласпады. Сізге бір телефон шалуға жарамады. Бəрінің де жағдайлары жақсы емес пе? Ал, Жарас ағай күніге екі рет сізбен сөйлесіп, солардың амандығын айтып отырды. Жағдайымызды үзбей біліп тұрды. Мама, көрдіңіз бе, қандай адамгершілігі зор, мəдениетті кісі. Сізді шын сүйгесін ғана жаныңыздың мұңымен бөлісіп, дем беріп отыр. Оның да бала-шағасы бар. Кеше ғана солардың ауыздарынан жырып, бізге біршама ақша салды. Ал жақын туысқандарымыз қаражат бермек түгілі, «Қалайсыңдар» деген əл берер сөздері де жоқ. Мама, сондықтан сіз ол кісіге өмір бақи қарыздарсыз, оны өзіңіз менен де жақсы білесіз! Əсіресе, мені вокзалдан Алматыға шығарып салғандағы жанының сізден де бетер қиналғанын көрдім. «Назерке, аман-барып, сауығып қайт» деп əкемдей маң дайымнан сүйіп шығарып салғандағы жүрегінің жылылығын сезіндім. «Шіркін, шынымен сіз менің əкем болғаныңызда ғой» деп іштей, ол кісінің шын пейіліне риза болып, жаныма қуат алған едім. Жедел-жəрдем ішінде келе жатып, ол кісіге сізді «аманаттайын» деп ойлап едім, бірақ айта алмадым. Жарас ағай бəрін де жақсы түсінетінін сенемін.
Тек ренжітпеңіз, ол кісіні. Мама, мен қалалық ауруханада жатқанымда ол кісі үнемі урология бөлімі нің меңгерушісі Ертай ағаймен сөйлесіп, жағдайымды біліп отырды. Сонда Ертай ағай «ол кісі саған кімің болады» деп сұрайтын. «Жақын ағамыз ғой» дейтінмін. Жарас ағаны бас дəрігер қатты сыйлайтын. Бəлки, қызметі болғасын солай жасайды ма, кім білсін? Жарас ағаның мəдениеттілігі үшін, болмаса облысқа белгілі азаматтардың бірі болғасын сыйлайтын шығар. Біз жақтағы туысқандарда ол кісіні көрсе болды, құшақтап қарсы алатындарын талай көрдім. Əсіресе, Əнтай көкем өте жақсы көреді ол кісіні. Анада жаңа үйге кіріп, қоныстойын жасағанда, ағайында шаруам жоқ, Жарас ағаны «күйеу балам» деп төрге отырғызып қойған жоқ па еді? Бірақ, сізді Жарас аға жанындай жақсы көреді, соны жақсы білем. Білесіз бе, əдепкіде қатты ауы рып алғаш ауруханаға түскен күні Жарас ағай қаншама дəрігерлерді əкеліп көрсетті десеңші. «Мен білемін» деген кісілер келді. Байғұтова Бибіжамал апай диагнозымды дəл қойып, бүйрегімде ісік барын бірден айтқанына таң қалдым. Содан Жарас ағай ол кісімен ұзақ сөйлесті. Сіз ол кезде жұмыста болатынсыз. Содан соң Жарас ағай маған келіп: «Қорықпа, бүйрегіңе қатты салқын тиіп қалыпты, аяқ-қолыңның ісігі содан көрінеді. Көп жүре бермегейсің, қорықпай еміңді ала бер» - деп жаныма қуат бере сөйлегенінде мен қуанып қалдым. «Солай болса, солай болып қалған шығар» деген санама кіріп, артық ой ойламадым. Ертеңіне сіз көңілсіздеу келдіңіз маған, сол кезде барып менің ауыруымның «жақсы» емес екенін бірден сездім.
Өйткені сіздің əбден жылағаныңызды ісіп кеткен көзіңізден көрген едім. «Нəзтайым» деп елжірей маңдайымнан сүйе, осылай алғаш айтқаныңызда, жүрегім шымырлап атша тулаған-ды. Бұрын-соңды мені еркелете бұлай айтып көрмеп еді, «мұнысы қалай» деген терең ойға қалдым. Сіз солай деп алғаш айтқанда, сонда мен өзімді сізден алыстап бара жатқандай сезіндім, мама. Бəлки сіздің ана жүрегіңіз сондай бір жамандықты сезді ме екен? Сөйтіп, «Жалғыздың жары құдай» деп бір Аллаға сыйынып келемін, мама. Бəрі бір Алланың қолында деген, кім біледі... Бірде Жарас ағай келіп, бөлім меңгерушісінің кабинетінде дəрігер екеуі менің ау руым жайлы сөйлесіп отырғандарын естіп қалдым. Мен коридорда əжетханаға шығуға бара жатқанмын. Жарас ағай екенін дау сынан таныдым. Дəрігердің: «Назерке Сүйініштің жағдайы өте ауыр, бір бүйрегі істемейді, айта беретін науқастың белгісі бар, ыңғайға келсе, Алматыға алып кеткен дұрыс. Үш-ақ жыл өмір сүреді. Одан артыққа бармайды. Анасына осыны түсіндіріп айтыңыз, сосын облыстық денсаулық басқармасынан Алматыға жолдама алсын» деп айтқанын толық естідім, аржағын білмеймін палатаға жылаған күйі келдім де, жатып қалдым. Сол күні Жарас ағай маған соқпай кетті, өйткені, оған не айтам деген болу керек. Ол кісі менің бұл əңгімені тыңдағанымды қайдан білсін? Сонда əкемдей қамқор болып, дəрігермен сөйлесіп отырған Жарас ағайға алғаш рет риза болған едім. Білесіз бе, өмірім бітуге жақындаған сайын адамдарды бағалауды үйренген сияқтымын. Тірлікте Жарас ағаның азаматтығын бағалап, қадірін білсінші дегенім ғой, сізді мама.
Менің əкемнің аты Заңғар болғанмен не бітіріп жүр, мына бес күн тірлікте! Елдің қарасын көбейткені болмаса. Екі жылда бір ретте келіп: «Қызым, қалайсың,- деу ге жарамағанына» не дейін? Əйтеуір əкем ғой, келсе көңіліме медеу болып, жан жарасын бөлісе ме деген, ой ғой менікі. «Əке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген. Кім əкесін жек көрсін. Ол бəрібір менің əкем болып санамда, қанымда қала береді. Жарас ағадай мейірімді, адамгершілігі мол, парасатты болмағанына өкінемін. Ұр лықтан, арақтан не тапты. Отбасынан айы рылып, азып-тозды. Оған менің ішім ауыр майды дейсіз бе, мама? Жоғары білімді болғанмен не керегі бар, жолы сұйықтанып, берекелі тірлігі болмағасын? Жаныма бататыны қызы маған келмеуі. Сондықтан əкем боса да жек көрем. Сондықтан мама, оған өміріңізді қор етіп тұрмысқа шыққаныңызға мен де өкінемін. Амалыңыз не, тағдырдың жазуы солай болса?
Аяулы анам менің, бүгіннен бастап менің 7 ай ғана жер бетіндегі санаулы күндерім мен өмірім қалды. Ақ мамам менің, сізді өлердей жақсы көрем. Əттең, мен сізге бой жетіп, етек жинаған тұста жұмыс жасап жемісімді таттыра алмай бара жатқаным, өкінішті. 19 жыл мені аялап бағып, қақтыңыз. Менен көп үміт күттіңіз. Бірақ, амал не, мен мəңгілік мекенге аттанғалы тұрмын аяулы анам. Білмесітігім болса, кешіріңіз, ана! Ақ сүтіңмен қоса, түн ұйқыңды төрт бөлген сəттеріңді қайтара алмадым, осы жағы жаныма қатты батады. Мама, мен ертең мəңгілік сапарға кеткен шағымда, «сізді ішіп кетіп, жаман жолға түсіп кете ме?» деп қатты алаңдаймын. «Менің енді алаңдайтын кімім қалды» деп ойлап, пенделікке салынбаңызшы! Молдалар айтады: «Əрбір аптаның бейсенбі күндері өлгендердің аруақтары өз үйлеріне келіп, босағадан қарап тұрады. Менің үй-ішім маған арнап құран оқытып, мені риза етеді ме екен деп. Сол күні құран бағышталмай қалса, аруақ ренжіп, жылап қайтады» дейді. Менде үйге келгенімде осылай аруағым жылап қайтып жүрмесін, маматайым! Мен енді сол жақтың адамымын, оны өзіңізде сезіп жүргеніңізді іштей ұғамын.
Мен үшін ең қымбат адам өзіңізсіз! Мені ешкімнен кем етпей өсірдіңіз. Сіздің алдыңызда мен басымды иемін. Сізге Алланың алдында қарыздар екенімді мойын даймын. Мен бұл күнделікті өзім үшін, сіз үшін жазып отырмын. Əйтпесе кімге керек дейсің? Ертең олай-бұлай болып кетіп жатсам, мені есіңізге алып, бір оқып қоярсыз, мама! Осыны оқып отырғанда менің үнім құлағыңызға естіліп тұрар. Сонда өзіңіздің жалғыз екеніңізді сезінбейсіз. Айтпақшы, Алла беріп жатса, балалы болудан бас тартпаңыз. Кімнен дейсіз бе, əрине, Жарас ағайдан дер едім. Əлі қай...да...а жассыз ғой, 35 жас деген не? Қайғыға берік, уайымнан аулақ болыңыз! Осы ойды мен алғаш ауырғанда айтуым керек еді. Құдай бергенде бəлки сіз бұл кезде балалы болар ма едіңіз, кім білсін? Бұл жағын кеш ойлаппын, мама. Оны да өзіңіз ойланып жүрген шығарсыз деп те ойлаймын. Мен сіздің арманыңызды орындай алмай барамын, Ана! Сіз мені кешіріңіз! Осы күнделікті өмірден қашан кеткенше жаза беремін. Əзірге сау тұр, бүгін бір күнім өтіп, ажалға бір қадам жақындап келемін.