Алмасбек Садырбайға қатысты тергеу аяқталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында Алмасбек Садырбай мен оның алты серіктесіне қатысты алаяқтық, қылмыстық кірістерді заңдастыру және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу фактілері бойынша қылмыстық іс тергелуі аяқталды.
Облыстық прокуратураның хабарлауынша, ведомстволараралық тергеу тобы осы жылы 20 маусымда тергеуді толық аяқтаған.
— Тергеу Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлімі 2 тармағы, 218-бабының 1-бөлімі, 262-бабының 1 және 2-бөлімі бойынша жүргізілді (аса ірі мөлшердегі алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру және ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу). Барлығы 27 эпизод тіркелген. Іс 349 томнан тұрады, оның 182 томы тергеу материалдары, ал 167 томы – құжаттық және заттай дәлелдер, - деп хабарлады ведомство.
20 маусым мен 15 қыркүйек аралығында іс материалдарымен зардап шеккен облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының төрт өкілі танысты. 15 қыркүйектен бастап жеті күдікті мен олардың тоғыз қорғаушысы іс материалдарымен танысып жатыр.
Прокуратураның мәліметінше, қамауда отырған Алмасбек Садырбай уақытша ұстау изоляторында 108 томды қараған. Тергеу процесі әлі де жалғасып жатыр, ол желтоқсан айының ортасында аяқталуы мүмкін.
Еске салайық, 2024 жылғы қарашада Алмасбек Садырбай 189-бап бойынша қамауға алынған еді.
Кейінірек Бас прокуратура Kazinform сауалына жолдаған жауапта субсидия схемасымен 1,2 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінген «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың ісі неге Қаржылық мониторинг агенттігінен арнайы прокурорларға өткенін түсіндірді.