«Алматы-1» вокзалы маңында ер адам өз-өзіне қол жұмсамақ болды

АСТАНА. KAZINFORM — «Алматы-1» теміржол вокзалы маңында өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері аман алып қалды. 

Мужчина пытался причинить себе вред возле вокзала «Алматы-1»
Видеодан алынған скрин

Полиция мәліметінше, оқиға туралы хабар өтіп бара жатқан азаматтан түскен. Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары қолында пышағы бар ер адамды анықтаған.

Ол шатасқан күйде болған және әрекетінің себебін түсіндіре алмаған. Жедел әрекет ету жасағы ер адамның өзіне қол жұмсауының алдын алып, айналадағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

«Біздің қызметкерлер барынша жылдам әрі сақ қимылдады. Ең бастысы, адам өмірін сақтау. Азаматтың қырағылығы мен жедел әрекетіміздің арқасында қайғылы жағдай болмады», - деді Алматы қалалық ПД жасағының командирі Азамат Исергужин.

Ер адам дәрігерлерге тапсырылып, психологиялық және медициналық көмек көрсетілді.

Полиция азаматтарға өмір мен денсаулыққа қауіп төнген кез келген жағдайда бірден «102» нөміріне хабарласуды еске салды.

Бұған дейін Алматы халықаралық әуежайында 33 жастағы ер адамның өзін өртемек болған әрекеті бойынша тергеу қылмыстық құрам болмағандықтан тоқтатылғаны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар