Алматы-2 вокзалында пойыздардан шыққан газ нормадан асып кеткен

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Экологтар Алматы-2 вокзалында локомотивтердің шығарындыларында ластаушы заттар концентрациясының жоғарылағанын тіркеді. 

Алматы-2 вокзалында пойыздардан шыққан газ нормадан асып кеткен
Фото: Алматы әкімдігі

Eco Almaty ЖШС-нің мобильді экологиялық зертханасы қалалық табиғатты қорғау прокуратурасымен бірлесіп Алматы-2 вокзалы аумағында теміржол көлігінің ластаушы заттар шығарындыларына мониторинг жүргізді.

Алматы-2 вокзалында пойыздардан шыққан газ нормадан асып кеткен
Фото: Алматы әкімдігі

— Тексеру барысында локомотивтердің шығарынды газы өлшенді. Мониторинг нәтижелері бойынша жекелеген көрсеткіштер бойынша нормадан асып кету фактілері анықталды. Атап айтқанда, көміртегі оксидінің (CO) концентрациясы 17,45 болды, ал бір реттік шекті рұқсат етілген концентрация (ШРК) 5,0. Бұл белгіленген нормативтен шамамен 3,5 есе жоғары, — деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Сондай-ақ күйе (қара көміртегі) бойынша да асып кету тіркелді: концентрациясы 0,528 мг/м³ болды, ал бір реттік ШРК 0,15 мг/м³. Бұл да нормативтен шамамен 3,5 есе жоғары.

Алматы-2 вокзалында пойыздардан шыққан газ нормадан асып кеткен
Фото: Алматы әкімдігі

Eco Almaty ЖШС экологиялық мониторинг жүргізіп, шығарындылар көрсеткіштерін тіркейді. Заң бұзу туралы ақпарат Алматының экология департаментіне және табиғатты қорғау прокуратурасына одан әрі қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін жолданды.

Еске салайық, бұған дейін мамандар «Досчан-М» автопаркінің автобустарына мониторинг жүргізгенін жазғанбыз.

Барлығы 87 автобус тексерілді. Өлшеу нәтижесінде дизель отынымен жүретін 26 автобуста уыттылық нормативтерінің шектен асқаны анықталды.