Алматы 2026 жылы ТМД-ның спорт астанасы мәртебесіне ие болды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Әзербайжан Республикасының Гянджа қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің Дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Алматы 2026 жылы ТМД-ның спорт астанасы мәртебесіне ие болды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Іс-шараға Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт министрі Фарид Гаибов, Беларусь, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан спорт ведомстволарының басшылары, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты. Отырыс қорытындысы бойынша одан әрі өзара іс-қимылдың басым бағыттарын айқындайтын қорытынды хаттамаға қол қойылды.

ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің 2024 жылғы 12 сәуірдегі шешімімен Алматы қаласы 2026 жылы ТМД-ның спорт астанасы болып жарияланды.

— Алматы спорт астанасы мәртебесін мәртебесін лайықты атқаруға дайын. Қалада дамыған спорттық инфрақұрылым, халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесі және бұқаралық спорттың орнықты дәстүрі бар. Қазіргі таңда Алматыда 3 000-нан астам спорт нысаны жұмыс істейді, оның ішінде көпсалалы «Алматы Арена», «Халық Арена» кешендері және халықаралық деңгейдегі «Сұңқар» шаңғы трамплиндері бар, — деді ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов.

«ТМД спорт астаналары» мемлекетаралық бағдарламасы аясында халықаралық форумдар, жарыстар, жастар және инклюзивті бастамаларды өткізу жоспарланып отыр.

Отырыс барысында бірлескен жобаларды іске асыру, спорттық іс-шаралар ұйымдастыру және ТМД елдерінің салалық ведомстволары арасындағы көпжақты байланысты нығайту әлеуеті талқыланды.

Алматы 2026 жылы ТМД-ның спорт астанасы мәртебесіне ие болды
Фото: Туризм және спорт

Еске сала кетейік, 28 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Әзербайжан Республикасында ТМД-ның III Ойындары өтіп жатыр. Ұлттық құрама 18 спорт түрі бойынша, оның ішінде 16 олимпиадалық және 2 олимпиадалық емес түрден бақ сынайды.

Осыдан бұрын УЕФА рейтингінде көш бастап тұрған «Реал Мадрид» клубының ойыншылары Алматының Орталық стадионында жаттығу жасағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар