Алматы әкімі мердігерге жолдың опырылуы мен 13 көліктің зақымын өтеуді міндеттеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындардан көптеген шағым түскен бірқатар проблемалық нысанды аралап шықты, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Дархан Сатыбалды нөсерден кейін тұрғындар шағымданған нысандарды тексерді
Фото: Алматы әкімдігі

Ол инженерлік желілер, жол инфрақұрылымы және қала тұрғындарының қауіпсіздігі мәселелері өз бақылауында екенін атап өтті.

Бостандық ауданындағы Ерменсай шағынауданында әкім нөсер жауыннан кейін бүлінген инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді талап етіп, аталған жұмыстарды желтоқсанға дейін толық аяқтауды және күн сайын сапасы мен мерзімін тексеруді тапсырды.

Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта құру барысында гранит плиталарын пайдалану кезінде заңбұзушылықтар мен даулы жайттар анықталды. Дархан Сатыбалды мердігерлерден түсініктеме беруді талап етіп, құрылыс заңнамасын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Әкім бұл нысанның құқық қорғау органдарының қатысуымен жеке бақылауда болатынын ескертті.

Әуезов ауданындағы Аманжол көшесінде 16 қыркүйекте жол төсемі опырылып, 13 автокөлік зақымданды. Осыған байланысты әкім мерзімнің созылып кеткенін еске салып, мердігерге зардап шеккен тұрғындарға келтірілген шығынды өтеуді міндеттеді. Дархан Сатыбалды барлық проблемалық нысан әкімдіктің ерекше бақылауында екенін атап өтті.

— Жұмыс сапалы әрі уақытында орындалуға тиіс. Бақылау қатаң болады, мердігерлер толық жауап береді және тұрғындарға келген шығынды өтеуге міндетті, — деді қала әкімі. 

Алматы әкімдігі инженерлік желілерді қайта жаңарту, төтенше жағдайдың салдарын жою және қалалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Осыған дейін Алматыда жол жабыны опырылып, 13 автокөлік зақымданғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар