Алматы әкімі: сенбіліктер ресми сипатта өтпеуі керек
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімі Дархан Сатыбалды 2025 жылдың III тоқсанында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын іске асыру жөнінде кеңес өткізді. Жиынға аудан әкімдері, қалалық басқарма басшылары мен жауапты мекеме өкілдері қатысты.

Шаһар басшысы «Таза Қазақстан» акциясы ерекше бақылауда екенін жетікізді.
– Біздің міндетіміз – бір реттік сенбіліктер өткізу емес, көшелерде, аулаларда және халықтың санасында нақты өзгерістерге қол жеткізу, – деді Дархан Сатыбалды.
Кеңесте «Таза Қазақстан» акциясына арналған жеті негізгі бағыт бойынша 81 іс-шараны қамтитын жоспар мен күнделікті секторларға сәйкес кесте таныстырылды. Бұдан бөлек, ақпараттық жұмыстарды жоғары деңгейде жүргізуге ерекше көңіл бөлінді. Ауқымды медианауқан аясында ұрандар, бейнероликтер, аудиоөнімдер әзірленіп,160 LED-экранда, тұрғын үйлердің лифтілерінде, метро мен радиостанцияларда, әлеуметтік желілерде көрсетіліп жатыр.

Алатау және Наурызбай ауданының әкімдері өз өңірлерінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстары туралы есеп берді. Бірі – аулаларды тазалау мен көше абаттандыруын жалғастырып жатса, екіншісі – бейберекет қоқыс үйінділері мен заңсыз жарнамаға қарсы күресіп жатыр.
Дархан Сатыбалды әлі күнге дейін суару, көгалдандыру, жарықтандыру, қоқыс шығару сияқты мәселелер шешімін таппағанын атап өтті.
– Саябақтарға, өзендерге, магистральдарға, субұрқақтарға әртүрлі мекеме жауап береді. Соның салдарынан үйлесімділік жоқ. Әлі күнге дейін суару, көгалдандыру, жарықтандыру, қоқыс шығару сияқты мәселелер шешімін таппаған. Бұл тек шеткі аймақтарға ғана емес, қаланың орталығына да қатысты. Мұндай болмауы керек. Сенбіліктер ресми сипатта өтпеуге тиіс. Барлық қызмет қағаз жүзінде емес, іс жүзінде қатысуы қажет, – деді қала әкімі.
Кеңес қорытындысы бойынша әкім Экология басқармасына «Таза Қазақстан» жоспарының орындалуын қатаң бақылауға алуды, Қоғамдық даму басқармасына тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруды, ал аудан әкімдеріне барлық шараны сапалы және уақытылы атқаруды тапсырды.
Еске салайық, бұған дейін Премьер-министр қоқыс тастайтын адамдарға жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын.