Алматы әкімдігі атышулы ипподромды сатып ала ма

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы ипподром төңірегінде бірнеше рет түрлі талқылау болған. Қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов нысанның ендігі тағдырына қатысты түсінік берді. 

Ипподром
Фото: Kazinform Виктор Федюнин

Ол ипподром көп жылдан бері жекеменшікке тиесілі екенін және иесі бірнеше рет ауысқанын айтты.

— Көпшілік арасында ипподромды бұзып, орнына көпқабатты тұрғын үй салынуы мүмкін деген қауесет те тарады. Алайда сіздерге анық айта аламын: қолданыстағы бас жоспар бойынша бұл аумақ ипподром болып қала береді. Ал қандай да бір өзгерістер енгізу жобасы қарастырылса, біз сол жерде ипподромның сақталуы жөнінде өз ұстанымымызды қатаң түрде талап етіп отырмыз, — деді ол Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен қатар әкім орынбасары ипподромды мемлекет сатып алатыны туралы мәселе талқыланып жатпағанын айтты. Оның сөзінше, ипподром да, басқа да нысандар сияқты жекеменшік иесінде болып-ақ, қалыпты түрде жұмыс істей алады.

— Оның тарихи келбетін сақтау, қалыпты жұмыс істеуі және өз мәртебесіне сай болуы мәселесіне келсек, бұл бағытта біз меншік иелерімен бірлесіп жұмыс жүргіземіз, — деді Бейбіт Шаханов.

Еске салайық, бұған дейін Алматы ипподромы аумағына көпқабатты тұрғын үй салынатыны туралы тараған ақпаратты жоққа шығарған еді.

Соңғы жаңалықтар