Алматы әкімдігі билбордтарды орналастыруға 649 жер учаскесін заңсыз берген

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда билбордтарды орналастыруға бөлінген 649 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Алматы әкімдігі билбордтарды орналастыруға 649 жер учаскесін заңсыз берген
Коллаж: Kazinform/ЖИ

Қала прокуратурасының мәліметінше, 2004-2020 жылдар аралығында Алматы әкімдігі жалпы пайдаланудағы жерлерді тиісті тізімнен заңсыз алып тастап, билбордтарды орналастыру және оларға қызмет көрсету үшін жер учаскелерін сауда-саттықсыз жеке меншікке берген.

Осылайша, жер учаскелері жер заңнамасының талаптарын бұза отырып сатылған.

Алматы прокуратурасының ұсынуы негізінде Жер ресурстарын басқару департаменті сотқа талап-арыз берген. Сот талап-арызды қанағаттандырды.

— Нәтижесінде жалпы аумағы 0,298 гектар болатын, жолдың бөлінген белдеуінде орналасқан жеке меншіктегі 649 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында 500 гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлағанбыз.