Алматы әкімдігі ескі автобустарды 160 миллион теңгеге сатты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Электронды сауда алаңы арқылы бұзылған әрі техникалық ақауы бар 573 автобус сатылды.

Бұл автобустардың теңгерім ұстаушысы –«Алматыэлектротранс» ЖШС. Электрондық сауда сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, лоттың бастапқы бағасы 93 миллион теңге болған. Сауда нәтижесінде көлік құралдары 160 миллион 332 мың теңгеге сатылған.
Жеңімпаз туралы ақпарат сайтта жарияланбаған. Алайда агенттік сауалына жауап берген «Алматыэлектротранс» компаниясы автобустарды «Арда Құрылыс» ЖШС сатып алғанын хабарлады.

Техникалық тапсырма шарттарына сәйкес, жеңімпаз мүлікті 60 күн ішінде өзі алып кетуге міндетті. Қажет болған жағдайда автобустарды бөлшектеу оларды сақтау аумағынан тыс жерлерде жүргізілуі тиіс.
Есептен шығарылған автобустар Алматы облысы, Қайназар ауылында, «Дархан» ЖШС аумағында сақталып тұр.
Бұған дейін Алматы әкімдігі ескі автобустардың тұрағына 196 млн теңге жұмсайтынын жазғанбыз.
Еске салайық, бұл автобустар 2025 жылдың 2 мамырында сатылымға шығарылған, алайда аукцион өтпеді.
Одан кейін Алматы әкімдігі ескі автобустарды қайта аукционға шығарды.
Екі жыл бұрын әлеуметтік желіде қала маңында қаңтарылып тұрған 300 автобустың видеосы тараған болатын. Кейін Алматы әкімдігі «автобустар зиратына» қатысты пікір білдірді.