Алматы әкімдігі ескі автобустардың тұрағына 196 млн теңге жұмсайды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімдігі қолданыстан шығып қалған қоғамдық көліктерді сақтауға арналған жер телімін жалға алу үшін 196 миллион теңгеге келісімшарт жасасты.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сәйкес, жер телімін «DARHAN» ЖШС жалға берген. Жер телімінің ауданы - 5 гектар, ол Алматы қаласынан 50 шақырым жерде, Алматы облысындағы Қайназар ауылында орналасқан.
Жер телімін жалға алу қызметі бойынша келісімшарт 2023 жылы жасалған. Ол бойынша «Алматыэлектротранс» компаниясы барлық соманы 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін төлеуі тиіс. Бірінші жылға бекітілген сома – 7,84 млн теңге, екінші жылға – 94 млн теңге және 2025 жылға да дәл сондай төлем көзделген.
Техникалық тапсырмаға сәйкес, жалға алынатын аумақ тікенек сыммен қоршалған, қойма ғимараттары, күзет бекеттері, бейнебақылауы, электр желісі болуы керек. Ал келісімшарт талаптары бойынша компания пайдалануға жарамсыз деп танылған Yutong маркалы автобустарды сақтау үшін күзеті бар жабдықталған алаңды қамтамасыз етуге міндетті.
Есептен шығарылған техниканың теңгерім иесі — «Алматыэлектротранс» ЖШС.
Бағалау нәтижесі бойынша есептен шығарылған автобустар мен троллейбустар техникалық және экономикалық тұрғыдан қалпына келтіруге жарамсыз. Сол себепті жалға алынған алаң бұл автобустарды сатылғанға дейін уақытша сақтау орны ретінде пайдаланылады.
Еске салайық, өткен аптада Алматы әкімдігі ескі автобустарды қайта аукционға шығарды.
Бұған дейін бұл автобустар 2025 жылдың 2 мамырында сатылымға шығарылған, алайда аукцион өтпеді.
Осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік желіде қала маңында қаңтарылып тұрған 300 автобустың видеосы тараған болатын.
Кейін Алматы әкімдігі «автобустар зиратына» қатысты пікір білдірген еді.