Алматыда көліктерге арналған шектеу туралы не белгілі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы ауасын тазартудың жаңа ережелері әзірленді. Жоба Ашық НҚА сайтында талқыланды. Кейін Алматы қаласының әкімдігі атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының жобасына қатысты қосымша түсініктеме берді.
Жаңа ережелерге сәйкес, қалада төмен шығарындылар аймақтарын (Low Emission Zones, LEZ) құру жоспарланған. Мұндай аймақтарда экологиялық класы төмен автокөліктердің қозғалысына шектеу қойылады және ол ақылы болады. Қала әкімдігі жоба қазан айынан бастап пилоттық режимде алдымен орталық көшелерде іске қосылатынын хабарлаған еді.
Осы орайда, Kazinform агенттігі жауапты органдардан жаңа ережелерді сынау жұмыстарының басталуы туралы сұрады. Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасының жауабына сәйкес, LEZ — төмен шығарындылар аймақтары пилоттық жоба ретінде әзірге іске қосылған жоқ.
— LEZ жобасы бойынша қала аумағы нақты аудандарға немесе көшелерге бөлінбейді. Төмен шығарындылар аймағы бүкіл Алматы қаласын қамтиды. Бұл шешім қаланың ойыстау жер бедерімен байланысты, себебі шығарындылар бір жерде пайда болса да, ауа айналымының әсерінен бүкіл қалаға тарайды. Сондықтан барлық аумаққа бірдей экологиялық талаптар қолданылады, — деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ экология басқармасы төмен шығарындылар аймақтарын толық форматта енгізу пилоттық режимнің қорытындыларына сәйкес кезең-кезеңмен жүзеге асырылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда пилоттық жобаның өзі қашан іске қосылатынын нақтылаған жоқ.
— Осы мақсатта LEZ аймақтарын енгізу бойынша іс-шаралар жоспарын Жол картасы арқылы іске асыру көзделген. Пилоттық режим нәтижелерін талдау қорытындысы бойынша төмен шығарындылар аймақтарына кірудің ақылы жүйесі біртіндеп енгізіледі. Сонымен қатар қала тұрғындары мен жұмысы немесе оқуы тұрақты түрде қала аумағында орналасқан тұлғалар үшін абонементтік жүйе қарастырылған, — делінген ведомство жауабында.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда отшашуға тыйым салынып, автокөліктер үшін ақылы аймақтар енгізілуі мүмкін екенін жазғанбыз.
Сондай-ақ Алматыда ауаны тазарту үшін қандай шаралар қолданылатынын жазғанбыз.