Алматы әуежайына кіру-шығу жолы уақытша өзгереді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 17-19 шілде аралығында Б.Майлин көшесінің әуежай мен Бұқтырма көшесі арасындағы бөлігінде асфальт төсемінің жаңару жұмыстары жүріп жатыр.

Алматы әуежайының мәліметінше, осы жұмыстарға байланысты жол жүру схемасы, сондай-ақ әуежай аумағына кіру және шығу жолдары өзгермек.
Жөндеу жұмыстары екі кезеңнен тұрады. 1 кезең – 17 шілде сағат 23:00-ден 18 шілде сағат 11:00-ге дейін Б.Майлин көшесі батыс бағытта Бұқтырма көшесіне дейін жөндеу жұмыстарына жабылады. Жөндеу кезінде әуежай аумағынан Бұқтырма көшесіне дейінгі жол қарама-қарсы жолақ бойынша жүзеге асырылады.

2 кезең – 18 шілде сағат 23:00-ден 19 шілде сағат 06:00-ге дейін Б.Майлин көшесі шығыс бағытта әуежайға дейін жөндеуге жабылады. Екі жақты қозғалыс әуежай аумағынан Бұқтырма көшесіне дейін қарама-қарсы жақпен жүзеге асырылатын болады.

– Аталған жайттарды ескеріп, әуежайға жолыңызды алдын ала жоспарлауыңызды сұраймыз, - деп хабарлады Алматы халықаралық әуежайы.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы тағы бір көше күзге дейін жабылғанын жазғанбыз.