Алматы әуежайында 33 телефон ұрлаған жүк бөлімінің қызметкері сотталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қызметтік жағдайын пайдалана отырып қымбат телефондарды ұрлаған ер адам жазаланды.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, 27 жастағы азамат биыл 15 қыркүйекте ұсталған. Ол әуе компаниялардың бірінің жүк бөлімінде жұмыс істеп, биыл мамыр және шілде айлары аралығында Стамбұлдан келген смартфондарды жүйелі түрде ұрлап отырған.
– Жалпы 33 мобильді телефон ұрланғаны анықталды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы - 7 664 315 теңге. Сотқа дейінгі тергеу барысында залал толық көлемде өтелді. Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында «багажымда бомба бар» деген шетелдік жолаушы ұсталғанын жазғанбыз.