Алматы әуежайында кішкентай бала әйнек қабырғаға соғылып, ауруханаға жеткізілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы халықаралық әуежайында кішкентай бала әйнек қабырғаға соғылып жарақат алды. Оқиға орнынан түсірілген суреттер әлеуметтік желіде тарап жатыр.

Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, ішкі рейстер терминалында ұшаққа отырғызуды күту кезінде кішкентай бала ойнап жүріп, кенеттен перронға шығатын есікке қарай жүгіріп, витражды қоршауға соғылған.
– Әуежайдың қауіпсіздік қызметі бірден әрекет етіп, әуежайдың медициналық қызметі мен жедел жәрдем шақырды. Кезекші медицина қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, жедел жәрдем келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсетті, - деп хабарлады әуежайдан.
Мамандардың айтуынша, баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Әуежай әкімшілігі бұл жағдайға байланысты барлық қаржылық шығынды өз мойнына алды.
Алматы әуежайы кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарын жауапкершілікті арттыруға және балаларына бақылауды күшейтуге шақырады.
Еске салайық, осыған дейін Делиден Алматыға ауыр халде келген кішкентай балаға халықаралық әуежайы жедел жәрдем қызметін жібермегені туралы жазған едік.
Кейін науқас балаға тиісті қызмет көрсетпеген қызметкерден 5 млн теңге өндірілді.