Алматы әуежайында мас жолаушы рейстен түсіріліп, 15 тәулікке қамалды
АЛМАТЫ.KAZINFORM - «Алматы – Орал» бағытындағы рейске ұшу алдындағы тексеру кезінде масаң күйдегі жолаушы құқық бұзушылық жасады.
Алматы әуежайындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері Орал қаласының 40 жастағы тұрғынын рейстен түсіріп, полиция бөлмесіне жеткізді.
Тексеру барысында ер адамның алкогольдік масаң күйде болғаны, агрессивті мінез-құлық танытып, әуе компаниясы қызметкерлеріне балағат сөздер айтып қоғамдық тәртіпті бұзғаны анықталды.
Ер адам алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу, сондай-ақ ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
- Жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету Көліктегі ПД қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде жүру, балағат сөздер айту, азаматтар мен әуе кемесі экипажының мүшелерін қорлау және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеміз, - деп мәлімдеді Көліктегі ПД баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаменті 86 181 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келудің 6 810 дерегі және ұсақ бұзақылықтың 719 дерегі тіркелген.
Еске салсақ, Алматы әуежайында ішкі рейстерге арналған терминал ашылды.