Алматы әуежайындағы оқиға: прокуратураға қайтарылған іс қандай сатыда
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Kazinform агенттігі Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған айыпталушыға қатысты істің қандай сатыда екенін сұрап Бас көлік прокуратурасына сауал жолдады.

Биыл 7 сәуір күні Түрксіб аудандық сотында Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған Машрапбек Баратовқа қатысты сот отырысы басталды.
Сотта күдіктіге қатысты ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі, 261-бабы, 2-бөлігі, 4-тармағы, 273-бабы бойынша сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасымен қылмыстық іс қаралды. Алайда сотталушы ҚК-нің 261-бабының 2-бөлігінің 4-тармағымен тағылған айып бойынша кінәсін мойындамады. Сондықтан Түрксіб аудандық соты күдіктіге қатысты сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу ісін жалпы тәртіпте сотқа дейінгі тергеп-тексеру үшін прокурорға қайтарды.
Kazinform сауалына жауап берген Бас көлік прокуратурасы істің соттан прокуратураға әлі түспегенін хабарлады.
— 2025 жылғы 7 наурызда М.Баратов қатысты бұзақылық, адамды кепілге алу және терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама фактілері бойынша (ҚК 293-бап 3-бөлім, 261-бап 2-бөлім 4-тармақ, 273-бап) сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді. 22 наурызда іс күдіктінің кінәсін толық мойындауына байланысты жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру тәртібімен Түрксіб аудандық сотына қарау үшін жолданды. Алайда, басты сот талқылауы барысында айыпталушы М.Баратов өз кінәсін ішінара мойындамауына байланысты, іс сотпен прокурорға қайтарылды. Қазіргі уақытта іс соттан прокуратураға келіп түскен жоқ. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары келіп түскеннен кейін түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады, — делінген Бас көлік прокурорының бірінші орынбасары Сәкен Жорабековтың жауабында.
Сондай-ақ Бас көлік прокуратурасы жауабында ҚР Қылмыстық кодексінің 29-бабына сәйкес, қылмыстық істерді қараудың ашықтығын айқындау соттың өкілеттігінде екені және жаза мөлшерін белгілеу мәселесі тек соттың айрықша құзыретіне жататыны айтылған.
Еске салайық, 7 наурыз күні Алматы әуежайында ер адам қызды кепілге алып, көпшілік алдында пышақ кезенгенін жазғанбыз.
Мұса Әбдірайым күдіктіге өзін кепілге ұсынып, қызметкердің орнына тұрған. Ер адам тәртіп сақшыларымен келіссөзге алаңдаған тұста ол күдіктінің қолындағы пышақты жұлып алды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Мұса Сайранбайұлы Әбдірайым «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Кейін Көліктегі полиция департаменті Алматы әуежайында қызды кепілге алған ер адамды ұстауға қатысқан қызметкерлер бойынша түсінік берді.