Алматы әуежайындағы оқиға: прокурор 10,5 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әуежайында адамды кепілге алу ісі бойынша сот отырысында жарыссөз өтті.

Баратов
Фото: Камшат Әбдірайым

Сот отырысында алдымен іс бойынша жәбірленушілерден жауап алынды.

Жәбірленуші Ботагөз Мұхтарова 2025 жылғы 7 наурыз күні тексеру қызметінің инспекторы ретінде жұмысқа шыққанын айтты. Оның сөзінше, тексеру бекетіне келген М.Баратовтан жеке куәлігі мен ұшаққа отырғызу талонын сұрағанда, ол «үш минуттан соң әуежайды жарып жіберемін» деп қорқытқан.

— Ол оң жақ қалтасынан пышақ алып шықты. Мен айқайлап, әріптестерімді көмекке шақырдым. Ол ешкім жақындамасын, әуежайды жарып жіберемін деді. Шок күйінде болдым. Сол кезде полицейлер, жолаушылар мен әріптестерім келді. Басымды көтергенде, жанымда Мұса Әбдірайым тұр екен. Ол «қызды жібер, орнына мені ал» деді. Содан кейін Баратов мені босатты, — деді жәбірленуші.

Мұхтарова
Фото: Камшат Әбдірайым

Одан кейін жәбірленуші Мұса Әбдірайым оқиға қалай болғанын айтты. Ол әуежайға таныстарын шығарып салуға келгенінде айқай-шу естілгенін атап өтті.

— Қыз қатты айқайлап жатты. Баратовтың не істерін білмей тұрғаны байқалды. Егер бәрі солай жалғаса берсе, бірдеңе болатынын сездім. Сол кезде мен одан қыздың орнына мені алуын сұрадым. Ол мені кепілге алды. Сол сәтте ешкім зардап шекпейтін жол іздедім. Қолайлы сәтте пышақты тартып алдым, — деді Мұса Әбдірайым.

Әбдірайым
Фото: Камшат Әбдірайым

Содан кейін сотталушының өзі сөз алып, бұл әрекетке өміріндегі қиын жағдайлар, отбасындағы жанжал және күйзеліс әсер еткенін айтты.

— Екі-үш күн бұрын басшылықпен жалақы кешігіп жатқаны үшін ұрсысып қалғанмын. Сол күйзелістің әсерінен әуежайға келдім. Қыз билет қайда деп сұрады. Мен «2-3 минутқа кіріп шығамын» дедім. Артыма бұрылғанда ол мені жағамнан ұстады ма, білмеймін, сол сәтте басыма бірдеңе болды, — деді сотталушы.

Ол пышақты расымен алып шыққанын мойындады. Бірақ ешқандай талап қоймағанын, тек күту залына кіріп, жағдайға көз жүгірткісі келгенін айтты. Алайда әуежайды жарып жіберемін деп неге қорқытқанын түсіндіре алмады.

Судья Анар Қарашева тергеу аяқталғанын жариялап, тараптардың жарыссөзіне көшті.

Прокурор Алмас Бертаев сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ бейнежазбалар арқылы толық дәлелденгенін мәлімдеді.

Ол Машрапбек Баратовты кінәлі деп танып, келесі жазаны тағайындауды сұрады:

  • «Кепілге алу» бабы бойынша — 8 жыл;
  • «Қару қолдану арқылы бұзақылық» бабы бойынша — 4 жыл 8 ай;
  • «Террористік акт туралы көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша — 2 жыл 6 ай;
  • Барлық жазаларды жиынтықтап, ақырғы жаза ретінде 10 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруды ұсынды.

Соңғы сөзінде Машрапбек Баратов жәбірленушілерден кешірім сұрап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Сондай-ақ соттан өзінің зейнет жаста екенін ескеруді сұрады.
Үкім 16 шілде күні сағат 16:00–де жарияланады.

Бұған дейін Алматы әуежайында адамды кепілге алу ісі бойынша сот қайта басталғанын жазғанбыз.

Еске салайық, биыл 7 сәуір күні Түрксіб аудандық сотында Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған Машрапбек Баратовқа қатысты сот отырысы басталды.

Сотталушы ҚК-нің 261-бабының 2-бөлігінің 4-тармағымен тағылған айып бойынша кінәсін мойындамады. Сондықтан Түрксіб аудандық соты күдіктіге қатысты сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу ісін жалпы тәртіпте сотқа дейінгі тергеп-тексеру үшін прокурорға қайтарды.

Айта кетейік, 7 наурыз күні Алматы әуежайында ер адам қызды кепілге алып, көпшілік алдында пышақ кезенді.

Мұса Әбдірайым күдіктіге өзін кепілге ұсынып, қызметкердің орнына тұрған. Ер адам тәртіп сақшыларымен келіссөзге алаңдаған тұста ол күдіктінің қолындағы пышақты жұлып алды.

Соңғы жаңалықтар