Алматы аялдамалары алдағы 2 жылда толық жаңарады
АСТАНА. KAZINFORM - Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесті.

Аудан тұрғыны қаладағы ескірген аялдамаларға шағымданып, оларды ұлттық ою-өрнекпен әрлеп жаңартуды ұсынды.
- Қала бағдарлама әзірледі. Биыл күзде жұмыстарды бастап, алдағы 2 жылдың ішінде кезең-кезеңмен аялдама кешендерін жаңартамыз. Онда тиісті автобус маршруттары бойынша ақпараттық тақта болады. Қаланың солтүстік бөлігіндегі темір аялдамаларды алмастыруға тырысамыз. Әдемі аялдамалардың көбі инвесторлар есебінен істелді. Қала өзгеріп келеді, сондықтан инвесторларға аялдамаға жарнама орналастыру тек оңтүстік бөлікте емес, басқа аймақтарда да қызық болады деп ойлаймын. Ол болмаса қала әлеуметтік жарнама орналастырады, - деді Ерболат Досаев.
Қала әкімі жобалау-сметалық құжаттама дайын болған жағдайда жұмыс қыркүйек-қазан айында басталатынын нақтылады. Сондай-ақ ол адам көп жүретін аялдамалар үлкейіп, ал жолаушылары аздары кішірейетінін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Алматының аялдама кешендеріне бірыңғай дизайн-код жасалып жатқанын жазғанбыз. Жобамен «АлматыБасЖоспары» ҒЗИ мекемесі айналысып жатыр.