Алматының аялдама кешендеріне бірыңғай дизайн-код жасалады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы аялдама кешендері бір тәртіппен жаңартылып жасалады. Бұл туралы Алматы қаласы Қалалық мобилділік басқармасы хабарлады.

Остановка лето аялдама жаз Астана
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Биыл шілде айында өткен Алматы қаласы Мәслихатының кезектен тыс XXI сессиясы кезінде Қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев мегаполис аялдамаларына ортақ «бірыңғай аялдама кешені» жобасы жасалатынын айтқан болатын. Осы орайда, Kazinform тілшісі жауапты ведомствоға сауал жолдап, бұл бағыттағы жұмыс қалай жүріп жатқанын сұрады.

— Аялдамалардың бірыңғай дизайн-коды жобасы бойынша «АлматыБасЖоспары» ҒЗИ мекемесі айналысып жатыр, — делінген басқарма жауабында.

Дегенмен, жобаның толық әзірленіп, нақты жұмыстардың қашан басталатаны туралы ақпарат берілген жоқ.

Жалпы мекеме мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда Алматы қаласында қоғамдық көліктің — 2261 аялдама пунктері бар. Аялдама кешендерімен немесе «автопавильондармен» — 1990 бірлігі жабдықталған, оның ішінде:

— 1105-і коммуналды меншікте.

— 885-і инвесторлардың қаражаттарына орнатылған.

Жолдың тарлығына байланысты не аялдама павильонын орнатуға мүмкіншілік болмағандықтан, «Қоғамдық көліктің аялдамасы» жол белгілері орнатылған 141 аялдама бар.

— Биыл Алматы қаласында инвесторлар күшімен — 6 жаңа автопавильон орнатылды. Бюджет тарапынан бұл жұмыстарға қаражат жаратылған жоқ, — деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, Алматыда аялдама кешендері стандартталатынын 2022 жылы Алматы әкімі айтқан болатын. 

Бұған дейін Ақтөбе қаласында аялдама павильонын орнату жұмысы енді басталатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар