Алматы айналма теміржолының қашан салынып бітетіні белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов Алматы айналма теміржолы, Дарбаза–Мақтаарал және Бақты–Аягөз жаңа теміржол желілерінің құрылысы қашан аяқталатынын айтты. 

Алматы айналма теміржолының қашан салынып бітетіні белгілі болды
Фото: railways.kz

— Қазіргі таңда жаңа теміржол желілері салынып жатыр. Сондай-ақ қолданыстағы желілер жаңғыртылып, заманауи басқару жүйелері енгізіліп жатыр. Келесі айдың ортасында Достық–Мойынты учаскесіндегі екінші жолда пойыз қозғалысын ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталуға таяп қалды. Бұл жобаның іске қосылуы учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге арттырып, пойыздардың қозғалыс жылдамдығын 1500 км/тәулікке дейін жеткізуге мүмкіндік береді, — деді ол ОКҚ алаңында.

Сондай-ақ комитет басшысы Алматы айналма теміржолының құрылысы қашан аяқталатынын айтты.

— Жыл соңына дейін, жоспарға сай, Алматы айналма теміржол желісі жобасының құрылысы аяқталады. Бүгінгі таңда бұл жоба жұмыстарының негізгі бөлігі орындалды. Қолданысқа енгізілгеннен кейін ол Алматы торабын 40%-ға дейін жеңілдетуге және жүктің жеткізілу уақытын 24 сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді, — деді Жәнібек Тайжанов.

Бұдан бөлек спикер Дарбаза — Мақтаарал және Бақты — Аягөз жаңа теміржол желілерінің құрылысы жүріп жатқанын айтты.

— Бұл жобаларды іске асыру Орталық Азия бағыты бойынша өткізу қабілетін қосымша 20 млн тоннаға, ал Қытай бағыты бойынша 25 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған жобаларды аяқтау мерзімі — тиісінше 2026 және 2027 жылдар, — деп түйді сөзін ол.

Айта кетейік, елімізде 2029 жылға дейін 11 мың км теміржол жөнделеді.

Алдағы маусым және қыркүйек айларында екі жаңа электропойыз бағдары ашылады.

Сондай-ақ әйелдерге арналған вагоны бар жолаушылар пойызының саны 12-ге жетті

Соңғы жаңалықтар